Бүгін -30 градусқа дейін салқын болады, деп хабарлайды madeniportal.kz. Аста...
«Көзге жас үйіретін сәт»: Димаштың анасы ұлының сүйікті шығармасын атады
ашық дереккөз
Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің анасы Светлана Айтбаева ұлының концертінен бейнежазба жариялап, жүрегіне ерекше жақын шығармасын атады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Әншінің анасы Димаштың «Бір аспанның тарихы» (Requiem: The Story of One Sky) туындысын ерекше жақсы көретінін жеткізді. Сондай-ақ ол концертке ақ ту ұстап келген жанкүйерлердің әрекетіне тебіренгенін жасырмады.
«Әлемнің бір бұрышында соғыс жүріп жатса, екінші бұрышында бейбітшілікке шақырған үн естіледі... Бейбітшілікті қалайтын, өз қарсылығын үнсіз білдірген Dears жанкүйерлері концертке ақ ту ұстап келді. Ғажап көрініс, көзге жас үйіретін сәт...» – деп жазды Светлана Айтбаева.
«Бір аспанның тарихы» – 2022 жылдың қыркүйегінде жарық көрген ауқымды музыкалық туынды әрі қысқаметражды музыкалық фильм. Шығарманың музыкасы мен сценарийін Димаш Құдайберген өзі жазған. Ал ән мәтінінің авторы – ақын Лилия Виноградова. Жоба үш жыл бойы әзірленген.
Туынды адамзатты бейбітшілікке, соғыстан бас тартуға, ұлтына, нәсіліне және дініне қарамастан бірлікке шақырады.
Светлана Айтбаеваның жазбасына желі қолданушылары да жылы пікір қалдырды.
«Бәрімізге бейбітшілік керек!», «Димаштың дұғасы қабыл болсын», «Димаш – адамзатты бейбітшілікке шақырған өнер иесі, нағыз аңыз», – деп жазды жанкүйерлер.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Димаш Құдайбергеннің Еуропа, Латын Америкасы және Азия елдерін қамтитын «DiMENSIONS» әлемдік турнесі өтіп жатыр. 23 қарашада өнер иесі алғаш рет Чилиге барып, Сантьяго халықаралық әуежайында жергілікті жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленді.