Бельгия патшайымы Матильда Қазақстанда отандық зергердің гауһар сырғасын тақты

Коллаж: ЖИ/ MadeniPortal.kz

ЖАҢАЛЫҚТАР
25

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Бельгия королі Филипп пен королева Матильда Астанадағы салтанатты кешкі асқа қатысты. Королева қазақстандық зергерлік брендтің әшекейін тағып, ерекше сәнді образымен көзге түсті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Бельгия королі Филипп пен королева Матильда Қазақстанға тарихи мемлекеттік сапар жасады. Бұл — Бельгия корольдік жұбының Қазақстан мен Орталық Азияға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары.

11 қазанда Астанаға келген мәртебелі меймандарды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әуежайда қарсы алды. Ал 12 қазанда олардың құрметіне елордадағы «Салтанат сарайында» салтанатты кешкі ас ұйымдастырылды.

53 жастағы королева Матильда кешке Elie Saab сән үйінің 2025–2026 жылғы күз-қыс топтамасындағы қызыл комбинезон мен сәнді жамылғы киіп келді. Бұл туралы New My Royals корольдік сән блогы жазды.

Королева образын қазақстандық Saltanat зергерлік брендінің жаңа гауһар сырғасымен толықтырды. Алайда кеш ресми мемлекеттік банкет форматында өтпегендіктен, ол тиара таққан жоқ. Ал 66 жастағы король Филипп қою көк түсті классикалық костюм таңдады.

Мәртебелі қонақтардың құрметіне арнайы ас мәзірі әзірленіп, музыкалық бағдарлама ұсынылды.

11–14 қазан аралығындағы сапар Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды. Атап айтқанда, логистика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және жаңа технологиялар салаларындағы серіктестік мәселелері қарастырылды.

Корольдік жұпты Ақордада қалай қарсы алды?

12 қазанда Бельгия королі мен королевасын Ақорда резиденциясында ресми қарсы алу рәсімі өтті.

Бұл жолы Матильда қызыл түсті киім мен кең жиекті қалпақ таңдады. Салтанатты рәсім барысында екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалып, құрмет қарауылы сап түзеді.

Сапар аясында корольдік жұп Астананың көрікті орындарын аралады. Олар елорданың басты нышандарының бірі — «Бәйтерек» монументіне барып, естелік суретке түсті. Сондай-ақ балаларға арналған ұлттық оңалту орталығының жұмысымен танысты.

Король Филипп қазақ тілінде бірнеше сөз айтып, «Дұрыс айттым деп үміттенемін», — деді.

Мемлекеттік сапардың басталуына орай жасаған мәлімдемесінде Бельгия королі Қазақстанға келгеніне қуанышты екенін жеткізді.

«Президент мырза, сіздің шақыруыңызбен Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгенімізге королева Матильда екеуміз шын жүректен қуаныштымыз. Біз сіздердің әсем елдеріңіз туралы мүмкіндігінше көбірек білгіміз келеді және қазірдің өзінде жақсы қалыптасқан екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруді қалаймыз. Соңғы 30 жылда елдеріміз арасында берік байланыс орнағанын білеміз. Бұл байланыстар әрқайсымыздың өз өңіріміздегі ерекшеліктерімізді айқындайтын алуан түрлілік пен өзара ықпалдастыққа негізделген. Президент мырза, Брюссельге сапарыңыз кезінде бізді Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаныңызда, еш ойланбастан келістік. Бұл сапардың Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы атап өтілетін жылы өтіп жатқанына ерекше қуаныштымын», — деді король Филипп.


Қазақстан мен Бельгия ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен ұйымдастырылған сапар бағдарламасына Астана мен Алматы қалаларындағы дипломатиялық, экономикалық, ғылыми және мәдени іс-шаралар енді.

Кездесулер барысында денсаулық сақтау, көлік, технология, жасанды интеллект және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне назар аударылды.

Король Филипп Қазақстанға бұған дейін үш рет келгенін де еске алды. Атап айтқанда, 2010 жылы тақ мұрагері кезінде Қазақстанға экономикалық миссияны бастап келген.

Айта кетейік, Филипп пен Матильда 2013 жылы король II Альберт тақтан бас тартқаннан кейін Бельгия тағына отырған.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматының бұрынғы әкімі Ерболат Досаевтың жұбайы, кәсіпкер Гүлнар Досаева жаңа компания тіркеді. DOS...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Таиландтан есірткі әкелген екі қазақстандық 16 және 8 жылға сотталды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz...