Блогер Гусейн Гасанов төрт жылға бас бостандығынан айырылды

видеодан скрин

ЖАҢАЛЫҚТАР
158

Мәскеудің Преснен аудандық соты блогер Гусейн Гасановты қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды деп сырттай кінәлі деп таныды. Бұл туралы Мәскеу прокуратурасы мен соттың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Сот Гасановты жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеумен төрт жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, блогерге 1 миллион рубль (шамамен 5,8 миллион теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Сондай-ақ оған екі жыл бойы электрондық және ақпараттық-телекоммуникациялық желілердегі сайттарды басқаруға байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Іс қаралған кезде Гасановқа іздеу жарияланғандықтан, сот процесі оның қатысуынсыз өтті. Оған қатысты сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.

Прокуратураның мәліметінше, Гасанов 2019–2021 жылдары жеке кәсіпкер ретінде жалпы сомасы 170 миллион рубльден астам (шамамен 1 миллиард теңге) салық төлеуден жалтарған.

Тергеу мен соттың қорытындысына сәйкес, кейін ол осы қаражаттың бір бөлігін заңдастырған. Прокуратураның дерегіне қарағанда, қаржылық операциялар мен жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелер арқылы 68 миллион рубльден астам (шамамен 395 миллион теңге) қаражат заңдастырылған.

Атап айтқанда, әңгіме Мәскеудегі 1-Красногвардейский өткелінен тұрғын емес ғимарат сатып алу туралы болып отыр.

Сот заңсыз жолмен алынған мүлікті мемлекет кірісіне тәркілеу туралы да шешім шығарды.