Қазақстан қалалары бойынша айт намазының уақыты төмендегідей: 1. Астана қаласы - 07:002. Алматы...
«Дәрігерге айтпауды ұсынған»: ChatGPT кеңесінен кейін әйел көз жұмған
ЖИ
АҚШ-та эпилепсия ұстамасынан қайтыс болған 31 жастағы Қытай азаматының ата-анасы ChatGPT әзірлеушісі OpenAI компаниясына қарсы сотқа шағым түсірді. Олар жасанды интеллект берген медициналық кеңестер қызының өліміне себеп болды деп есептейді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Сот құжаттарына сәйкес, Сиэтл қаласында тұрған бағдарламалық жасақтама инженері Боуэн Ван Amazon компаниясындағы жұмысынан айырылғаннан кейін ChatGPT-ден кеңес сұраған. Ол АҚШ-та тұрақты тұруға рұқсат алу үшін жаңа жұмыс іздеп жүрген. Әйел эпилепсияға қарсы қабылдайтын дәрісі ағылшын тілінде еркін сөйлеуіне кедергі келтіруі мүмкін деп алаңдаған. Өйткені жұмысқа орналасу үшін сұхбаттардан өтуі қажет болған.
Талапкерлердің мәлімдеуінше, ChatGPT оған дәрінің тәуліктік мөлшерін 400 миллиграмнан бастап біртіндеп азайтып, кейін толық тоқтатуды ұсынған. Сондай-ақ чат-бот дәрігермен кеңеспеуге және дәрі мөлшерін өзгертетінін емдеуші маманға айтпауға кеңес берген деген айып тағылып отыр.
Дәрі мөлшерін азайта бастағаннан кейін әйелде эпилепсия ұстамасының белгілері пайда болған. Алайда туыстарының айтуынша, ChatGPT оның жағдайын қауіпті деп бағаламаған және дәріні азайтуды жалғастыруды ұсынған. 2026 жылғы 12 ақпанда Боуэн Ван эпилепсия ұстамасынан қайтыс болды. Қытайдан келген ата-анасы 14 ақпанда қызының мәйітін тапқан. Марқұмның туыстары OpenAI тиісті қауіпсіздік шараларын енгізгенде қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді деп санайды. Олар компаниядан өтемақы талап етіп, тиісті лицензиясыз медициналық кеңес беруге тыйым салуды сұраған.
OpenAI өкілдері болған жағдайды ауыр қайғылы оқиға деп атап, әйел пайдаланған ChatGPT нұсқасы қазір қолданыста жоқ екенін мәлімдеді. Компанияның айтуынша, жаңартылған модельдер шұғыл медициналық көмек қажет болатын жағдайларды жақсырақ анықтайды. Сонымен қатар OpenAI ChatGPT дәрігердің орнын баса алмайтынын және жасанды интеллект ұсынған ақпарат кәсіби медициналық көмекті алмастырмауы тиіс екенін ескертті.
Айта кетейік, әйелдің өліміне ChatGPT кеңестерінің тікелей себеп болғаны туралы талапкерлердің уәжіне сот әзірге түпкілікті баға берген жоқ.