Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты, - деп хабарлай...
Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы 11 жылға сотталды
2024 жылдың 13 ақпанында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына, оның жұбайы Налия Ысқақоваға және адвокат Мұстахим Төлеевке қатысты алаяқтық және сыбайлас жемқорлық ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды madeniportal.kz.
"Сот үкімі Мұхамедиұлына аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3 және 6-бөліктері негізінде, 20.06.2023 жылғы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен тағайындалған қатаң жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға тыйым салына отырып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды", – делінген сот үкімінде.
Бұдан бөлек, оның жұбайы Ғалия Ысқақова парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылып (ҚК 368-бабының 1-бөлігі), оған өмір бойы мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салынып, 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі бойынша А.Мұхамедиұлының адвокаты Мұстахим Төлеев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы), 10 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айыптау қорытындысында Мұхамедиұлының 2022 жылдың желтоқсан айында Астанадағы тергеу изоляторында қамаудан босатылып, «Дипломат» қонақ үйінің меншігінде қалғысы келіп, адвокат Мұстахим Төлеев арқылы шенеуніктерге аса ірі көлемде пара беруге шешім қабылдағаны айтылған.
Келесі кезекте экс-министрдің әйелі Налия Ысқақова кафеде Төлеевке 140 мың долларды өзі тапсырған. 2023 жылдың қаңтарында Ысқақова бұлтартпау шарасын өзгерткені үшін Төлеевке тағы 120 мың долларды өзі тапсырған. Сәуір айында Ысқақова жүргізуші арқылы Төлеевке жазасын жеңілдеткені үшін тағы 100 мың доллар аударған.
«2023 жылдың маусым айында ол ұлы арқылы адвокатқа 27 миллион теңге және 40 мың доллар көлемінде ақша аударған. Мұстахим Төлеев бұл қаражатты иемденіп, өз қалауы бойынша иеліктен шығарған», деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.