Бейбіт Әлібеков әкесінің даулы жазбаларына қатысты алғаш рет пікір білдірді

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
111

Белгілі блогер әрі кәсіпкер Бейбіт Әлібеков әкесі Бақыт Әлібековтің әлеуметтік желідегі даулы жазбаларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Бақыт Әлібековтің Facebook парақшасындағы жазбаларының скриншоттары тараған болатын. Оның бір жазбасында Ресей, Қытай, Өзбекстан, Беларусь және басқа да посткеңестік әрі Азия елдерінен келетін тауарларды тұтынатын адамдарға қатысты қорлайтын сөздер айтылған. Сондай-ақ ол АҚШ пен бірқатар Батыс елдерін қолдайтын азаматтарды да дөрекі түрде сынаған.

"Барлығымыз ата-ананы таңдамаймыз, олар да бізді таңдай алмайтыны - анық. Әкемнің көзқарастары мен пікірлерін ешқашан қолдаған емеспін және бұл туралы бірнеше рет ашық айттым. Менің де ересек жасқа жетіп қалған балаларым бар - ересек адаммын. Әкем және мен - екі бөлек тұлға екенімізді ұмытпаған жөн шығар. Әр адамның өз ұстанымы мен пікірі болуға құқығы бар. Бірақ мен тек өз сөзіме, іс-әрекетіме және көзқарасыма ғана жауап бере аламын. Баласы әкесінің айтқан сөзі немесе жасаған әрекеті үшін жауап беруге тиіс емес деп ойлаймын. Сондықтан мен саналы, жасы келген тұлғаның пікірі үшін ақталуға - құқығым жоқ. Менің өз пікірім, өз өмірім және өз жауапкершілігім бар. Ол үшін толықтай жауап беруге дайынмын. Ізгі ниетпен, біріңізге аға, біріңізге іні, біріңізге көке, біріңізге ұл, ал біріңізге жай ғана адам - Бейбіт", деп жазды блогер әлеуметтік желідегі парақшасында.

Даулы жазбалар қоғамның наразылығын туғызып, желі қолданушылары Бейбіт Әлібековтен әкесінің сөздеріне қатысты түсініктеме беруді талап етті.

Осыған байланысты Бейбіт Әлібеков әкесінің көзқарасын ешқашан қолдамағанын айтып, олардың пікірін бір-бірімен байланыстырмауға шақырды. Оның айтуынша, әр адам ата-анасын таңдай алмайды, ал ересек адам ретінде ол өз көзқарасы мен ұстанымына өзі жауап береді. Блогер әкесі екеуінің екі бөлек тұлға екенін атап өтті.

Сонымен қатар Бейбіт Әлібеков әр адамның өз пікірін білдіруге және жеке ұстанымына ие болуға құқығы бар екенін айтты. Алайда өзі тек өзінің сөзіне, іс-әрекетіне және көзқарасына жауап бере алатынын жеткізді.