28-30 мамыр (сағат 09:30 – 20:00) аралығында Алматы қаласындағы Ш. Уәлиханов алаңында (Ғылым о...
Елордалық дәрігерлер «Евгений Онегин» операсын тамашалайды
Алғыс айту күні «Астана Опера» театры Мәдениет және спорт министрлігі және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесіп, елордалық дәрігерлерге арнап қайырымдылық акциясын өткізбек.
1 наурызда қаламыздың медициналық мекемелерінің қызметкерлері П.Чайковскийдің әйгілі «Евгений Онегин» операсын тамашалауға келеді.
Естеріңізге салар болсақ, П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» спектаклінің премьерасы елордалық театр сахнасында 2019 жылғы 8, 9 ақпан күндері өткен еді. Операға «Астана Опера» солистері, оркестрі, хоры, балеті, мимансы және балалар студиясы қатысады. Қоюшы дирижер – театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, қоюшы хореограф – Елена Шерстнева.
«Евгений Онегин» операсы – әлемдегі ең репертуарлық қойылымдардың бірі. «Астана Опера» сахнасында ол қоюшы режиссер Давиде Ливермордың бірегей тұжырымдамасымен ұсынылды. Оқиға Евгений Онегинмен байланысты жастық шақ кездерін, өз махаббатын қайта басынан өткерген егде жастағы Татьянаның естеліктері арқылы берілген.
Сондай-ақ қойылымның ауқымдылығы таңғалдыратын сценографиялық әсерлерден де аңғарылады: хикая кейіпкерлері қас пен көздің арасында сахна астына жасырынып, сахна сыртынан орындықтарда немесе автоматты платформада сахнаның түпкірінен пайда болады, ал 3D-проекциялар қалықтаған бұлттарды, тербелген ағаштың ұшар бастарын, кейіпкерлер бейнелерінің қосарлануын көрсетеді. Костюмдер бойынша суретшілер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов шаруалардың түрлі-түсті костюмдерін, петербор балы мен Лариндер үйіндегі мереке қонақтарының сол дәуір стилін тамаша жеткізген салтанатты сәнді костюмдерін жасады.
Ауқымды қойылымды елорда тұрғындары мен қонақтары ғана емес, сондай-ақ ресейлік көрермендер де бағалап үлгергенін айта кеткен жөн. 2019 жылдың қазан айында театр Дмитрий Хворостовскийдің бірінші фестиваліне қатысты, аталмыш шара көрнекті әншінің мәдени мұрасын сақтауға және қолдауға арналған. Қазақстандық әртістер Д.Хворостовский атындағы Красноярск мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында ұлы композитордың 180 жылдығына орай П.Чайковскийдің опералық жауһарын ұсынды.