Бишімбаевқа көмектесуге уәде берген Людмила Грачёва апелляциядан үміт үзбеді, деп хабарлайды madenip...
Енді оқушылардың мектепте ұйықтап алуына болады
Алматыдағы №15 гимназияның бастауыш сыныптары енді үзіліс кезінде ұйықтай алады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Ұстаздардың сөзінше, бұл алыс-жақыннан келетін және сабақтан шаршап жүрген балаларға тиімді екен.
Мектеп басшылығының айтуынша, балалардың орындықта ұзақ уақыт тапжылмай отыру – бұғанасы бекімеген балаларға оңай емес. Оның үстіне кейбірі алыстан келеді.
Ерте тұрғандықтан ұйқысы қанбайды. Кептелісте тұрып тағы шаршайды. Осының бәрі оқушының денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
– Оның ерекшелігі – оқушылар қоңырау кезінде 15-20 минут релакс минут өткізе алады. Яғни, жатқызылған парталарда ұйықтай алады. Қазір ғана, міне, балалар ұйықтап тұрды. Ол балалардың денсаулығына, сабақта өздерін қалай ұстауына, сабақтағы оқу үрдісіне қалай әсер ететінін біз тәжірибеде бақылап көреміз, – дейді №15 гимназияның мұғалімі Рауан Жанатханова.
Айта кетейік, аталған білім ошағы Алматыдағы озық үлгідегі мектептердің бірі. Биыл 20 кабинет қайта жаңғыртылды. Оған қоса, мұғалімдер түгелдей жасанды интеллекті әдістерін сабақта қолдану бойынша курстан өткен. Қазір пайдасын көріп отыр. Әрине ол ұстаздың орнын алмастырмайды, бірақ жұмысты жеңілдетеді.
– Швейцарияда меморандумға қол қойғаннан кейін, мектептің ұстаздары 100 пайыз осы курсты бітірді. Барлығы емес, әрине, кейбіреуінде керемет жетістіктер бар. Кейбірі енді тәй-тәйлап келе жатыр. Кез келген жұмысымыз болсын сценарий жазу, ғылыми ізденіс жүргізсек те, жай мұғалім ретінде сабағымның жоспарын құрсам да, интеллект менің жұмысымды жақсы жеңілдетіп бере алады, – дейді мектеп мұғалімі Бұлбұл Оспанбек.
8 сынып жетекшісі Ләззәт Қожақ тәрбие сағатында Padlet цифрлық құралын қолданды. Балалар 4 топқа бөлініп, "Менің Отаным – Қазақстан" тақырыбына қатысты білгенімен бөлісті. Еліміздің тарихи жерлері, табиғаты, атақты тұлғалары және Париж олимпиадасы туралы жазба жариялап, оған әлеуметтік желідегідей лүпіл басып, пікір білдірді.
– Суреттер мен мәтіндерді сол платформада іздейді. Ол жерде артық басқа сайттарға кіріп отырудың қажеті жоқ. Мәтін мен суретін қояды. Өте тез жасалады. Ол жерде балалар бір-бірінің жасаған презентациясын пост қылып жариялайды, соған лайк басып комментарий жаза алады, – дейді мұғалім Ләззәт Қожақ.