Ақтөбе ферроқорытпа зауыты аумағында 36 жастағы жұмысшы қайтыс болды. Вагонға металл сынықтарын тиеп...
«Арызын қайтарып алуға көндірген»: Астанада автотұрақта бұрынғы күйеуі өлтірген әйел туралы тың дерек айтылды
әлеуметтік желіден
Астанада қаза тапқан Жазира есімді әйелдің әпкесі Жамиля қайғылы оқиғаға дейін марқұмның бұрынғы күйеуінен зорлық-зомбылық көргенін және полицияға жүгінгенін айтты. Оның сөзінше, ажырасқаннан кейін де ер адам Жазираға жақындауға тыйым салынғанына қарамастан, оны іздеп келе берген, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Жамиляның айтуынша, Жазира бұрынғы күйеуімен он жылдан астам бірге тұрған. Отбасындағы күрделі мәселелер шамамен бір жыл бұрын басталған. Әпкесінің сөзінше, 2025 жылғы мамырда Жазира күйеуінің телефонынан басқа әйелмен жазысқан хаттарын көргеннен кейін араларында жанжал болып, ер адам оған қол көтерген.
«Ол сол кезде арыз жазды, бұл 2025 жылы болған. Бірақ кейін үлкендер мен туыстар оның жұмысына зияны тиетінін айтты, өйткені өзі полицияда қызмет еткен. Ақыры Жазираны арызын қайтарып алуға көндірді», – дейді Жамиля.
Марқұмның әпкесінің айтуынша, бұдан кейін де жағдай тоқтамаған. Ол бұрынғы күйеуі Жазираны көлікке отырғызып әкетіп, ұрып-соғып, тұншықтырғанын мәлімдеді.
«Содан кейін Жазира жатып қалды, оған көмек қажет болды. Соның бәрінен кейін де ол Жазираны тыныш қалдырмады», – деді әпкесі.
19 қыркүйекте ерлі-зайыпты ресми түрде ажырасқан. Жамиляның сөзінше, сол уақытта ер адамға Жазираға жақындауға шектеу қойылған, алайда ол бұрынғы әйеліне бірнеше рет келген. Бірде қорқытса, енді бірде қайта қосылуды ұсынған.
Осы жағдайлардан кейін отбасы Жазираның қауіпсіздігіне қатты алаңдай бастаған. Анасы оны күн сайын жұмысқа шығарып салып, кешке қарсы алған. Жұмыстағы адамдар да әйелдің көлікке жалғыз бармауын қадағалауға тырысқан.
«Біз үнемі оның қайда жүргенін, жағдайы қалай екенін уайымдайтынбыз. Сол күні де анам балалармен бірге Жазираны қарсы алуға шыққан. Бірақ не болғанын түсінген кезде Жазирадан айырылып қалған едік», – деді Жамиля.
Марқұмның артында екі қызы қалды. Үлкені төртінші сыныпта оқиды, кішісі биыл мектеп табалдырығын аттаған. Қазір балалар Астанада анасының туыстарымен бірге тұрып, мектепке қайта барған. Отбасы қыздарға қамқоршылық рәсімдеумен айналысып жатыр.