Мейірбек Сұлтанхан: Ақындар бір жақты позицияны ұстанбауы керек

Жаңалықтар
1557

Тәуелсіздік күні қарсаңында Астананың 20 жылдығына орай, Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен VІІ «Алтын домбыра» Республикалық ақындар айтысы өтті. «Астанам, сенсің айбарым» деп ұрандатқан ұлттық мұрамыздың басты бәйгісі Елорда төріндегі «Қазақстан» орталық концерт залында ұйымдастырылып, жыр жебелері бір сахнада домбыра қағысты. 20 айтыскер бақ сынаған додада қазылар шешімімен бас жүлде – ақын Жансая Мусинаға бұйырды. Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының шешімімен 9 ақынға «Мәдениет саласының үздігі» наградалары тапсырылды. Солардың сапында астаналық арқалы ақын Мейірбек Сұлтанхан бар.

Сыр бойында туып, Сарыарқаны құтты қоныс қылған Мейірбек Сұлтанханның үлкен айтыста жүргеніне 10 жыл. Өз заманының жыршысына айналған азулы ақындарға алдырмас қарсылас бола білген ол, Қазақстан Айтыскерлер Одағының мүшесі. Бұқара асыға күткен аламан бәйгі жайында сұхбаттасудың сәті түсті.

«Алтын домбыра» - ұлттық өнерді өміршең етіп жүрген ақындарды халқымен сәлемдестіретін бірден бір жоба, сонымен қатар, айтыскерлер үшін үлкен мереке.

Мейірбек Сұлтанхан: Қазіргідей жаһандану заманында батыстың балтасына бөренедей бөлініп кетпей, аман қалған ақсүйек өнеріміз, осы – айтыс. «Алтын домбыра» деген сипат беріп, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілуі – мемлекет тарапынан қамқорлық. Ең алғаш «Алтын домбыраны» 2012 жылы Дархан Мыңбайдың кезінде 6 ақын болып бастағанбыз. Міне, жетінші рет ұйымдастырылуы – халықтың сұранысынан туған дүние. Биылғы айтыстың ерекшелігі мынада, веложарыстар немесе жүгіруден түрлі қашықтықта марафондар өткізілуде, ал, біз атқа міну дәстүрін қайтадан Астана төрінде жаңғыртттық. Кеше ғана Елбасымыз жарыққа шығарған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында, осы атқа міну мәдениеті, жылқыны қолға үйрету өркениеті біздің даламыздан бастау алған дегенді халыққа жеткізді. Демек, айтыс ақындары билікке қарсы пікірді ұстанады деген пайымды жоққа шығаратын игі іс болды. Ақындардың барлығы атқа қонып, Сарыарқаның төсінде салбүргінді сауырынан қамшылап айтысқа бет алып келе жатқанның өзі қазақтың рухын оятады. Менің ойымша, қанында қазақылық бар адамдар көкпарға келсе, айтыс пен күреске келсе делебесі қозбай тұра алмайды. Айтыста Еркебұлан Қайназаров: «Кезінде ит байласа тұрмайтын Целиноградтан, Ат байлайтын Астана жасаған азаттықтың арқасы» деп дөп айтты.

Үш мың көрерменнің көз алдында, екі күн бойы ақындар шабытын тасытқан дәстүрлі айтыс өз дегеніне жетті ме?

Мейірбек Сұлтанхан: Халық ішінде мынадай пікірлер туындап жатады. Бірі Дидар, бірі Еркебұлан, бірі Ринат алуы керек еді дегендей. Бірақ, менің жеке пікірім – ең бастысы, айтыстың абыройы аласармаса!

Кәпұлы Дәулеткерей ағамыз айтып еді: «Бәйгені кім алса да, Қазақ алды, Ешкімнің мен бақытын күндемеймін» деп. Сондықтан, бұл қазақ өнерінің абыройының биіктеуіне бір септігін тигізетін болса, қай бауырымыз жүлде алса да, мен қуанамын.

Демек, ұлы өнердің бағасын «Алтын домбыраның» құнымен өлшеп қоя алмаймыз ғой?

Мейірбек Сұлтанхан: Әрине, Түркістанда Қаныбек Сарыбаев деген тамаша ақын өткен. Ол өз сөзінде: «Қазақтағы сыйлықтардың көбісі – сыйлық алмай кеткендердің атында» деген екен. Кешегі Қашағаннан бастап Есқали сұпыға алтын домбырасын мақтаған жоқ қой, ағаш домбыраның қадір-қасиетін қалай қылып жеткізді?! Міне, бергісі Оразға дейін алмаған «Алтын домбыраны» қазіргі әріптестеріміз алмай ақ, халықтың сүйіспеншілігіне бөленуінің өзі – үлкен жүлде. Қолындағы ағаштың құнына емес, ауызындағы сөзіне қарап бағасын беретін қазақпыз.

Биылғы айтыста 9 бірдей ақынның кеудесінде «Мәдениет саласының үздігі» деген төсбелгі жарқырады. Бұл марапатты екі күндік аламанға бастан-аяқ қатысқан Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы табыстады. Ел ішінде айтыс ақындарының мәдениет саласының дамуына қосып жүрген еңбектері көп жарияланбаса да, өлмес мұраны мирас еткендіктерінің бір өтеуі берілгендей...

Мейірбек Сұлтанхан: Осы жылы 9 ақынға тағылған «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне сыртымыздан әркім әртүрлі пікірін айта жатар, мен, бұл марапатты – айтысқа деген құрмет деп есептедім. Өйткені, ақындар елдің алдына шыққан кезде шабыттана сөйлеп, елдің мұңын айта отырып халықтың жаршысы бізбіз дейді, алайда, сахнаның сыртында қалып кететін сәттеріміз көп. Мысалы, қаншама мерекелік бағдарламалар болып жатыр, ақындарды эфирге сол кездерде іздемейді. Тек Ұлыстың ұлы күні – Наурыз қарсаңында немесе қазақы бастамаларда ғана «ее, осылар бар екен ғой» деп бір ескеретін қоғамда өмір сүрудеміз.
Бір ән жаздырып, 2 бейнебаян түсіріп елге ақыл айтатын жұлдыздарды да көзіміз көріп жүр. Ал, оның қасында қанша жыл айтысқа еңбек сіңіріп келе жатқан ақындар: Бауыржан Қалиолла, Бақыт Жағыппаров, Айбек Қалиев секілді ағаларымыз айтыстың «отымен кіріп, күлімен шықты». Сол арқылы «Мәдениет саласының үздігі» деген төсбелгіні алып жатса, қуанатын жағдай. Мүмкін кешігіп те беріліп жатқан шығар. Балғынбек ағамызға «Құрмет» ордені берілді. Елегенінің өзіне шүкір дейміз, бірақ, жоғарыда айтқанымдай көп жағдайларда айтыскерлер тасада қалып кетеді...

VІІ «Алтын домбыра» Республикалық ақындар айтысы өткен тұста көрермен арасында үлкен толқу болды. Бас бәйгісі біреу болған жерде, біреудің тайы озып, біреудікі кейін қалатыны анық. Қазақ айтысының қолбасшысы Жүрсін Ерман: «Ақын болсаң билік пен халықтың арасына алтын көпір бол!» деді жүйріктеріне. Ақындар халық арасындағы кемшіліктерді дат қыла отырып, елдің өскенін, өркендегенін асыра жырлау керектігі – бір анық. Бір бағытта жырлайтын ақындардың «арандатушыға» айналуы мүмкін бе?

Мейірбек Сұлтанхан: Кез-келген адамнан арандатушы шығуы мүмкін,тек айтыскерден емес. Ал, оның ішінде ел ауызына қараған, халық таныған жандардың ықпалы өте қатты болады. Кешегі айтыста ақындардың кейде біржақты кетіп қалуы байқалды. Мысалы, мен оппозициялық тұрғыда өз позициямды көрсетсем, халықтың дені менің жағымда болады. Өйткені, қанша жасалып жатқан дүниені айтқанмен, Қадыр ақын: «Ақ матаға қай бояу да жұғады, Жұққаны үшін кінәлі боп шығады» деген. Сол секілді, болып жатқан кемшіліктерді айтқызатын, халықтың ішінен мына қоғамдағы ашу-ызасын тарқататын алаң - айтыс қана болып тұр. Кейде, осы тұрғыда жырлап, халықтың сүйіспеншілігін алсам деген ойлар болады. Бірақ, кез келген тұста елдің жетістігін болсын, қуанышын болсын, жетіспеушілігі болсын сүйінетін де, күйінетін де ақын. Қандай да болсын халықаралық айтыста еш ақын өз туған жерін жамандай алмайды. Пушкиннің: «Мен өз туған жерімді жерден алып, жерге салуым мүмкін, бірақ, басқалардың олай жасауына рұқсат бермеймін» демекші, айтыс ақыны елдік сында болып жатқан дүниелерді айтуы керек. Алайда, тек біржақты кетуіне, біржақты позицияны ұстануына болмайды.

Азаттық таңы атқан 27 жылда жасалған дүниелер қаншама?! Кезінде біздің қазақ даласын босқындарға толтырған кезеңдер болды. Ал, қазір, шүкір дейік, кешегі тұтқындардың бас сауғалап келетін жері – тұлғалардың бас қосатын жеріне айналды. Жарты әлемге елді танытатын үлкен іс-шараларды өткіздік, әрине, қаржылық жағынан қиындықтар туындатқан шығар, бірақ, сол арқылы біз ұлттың әлемдік аренада орнығуына батыл қадам жасадық деп ойлаймын.

Ақындар халық пен биліктің арасына алтын көпір болуы керек, бір бағытты ұстану дұрыс емес, меніңше. Ал, ақындардан халық жауын жасаудың қажеті жоқ.
Мейірбек Сұлтанхан – Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық Одағының мүшесі. Аттай 5 жыл осы салада қызметте. Атағы көп естілмейтін аталмыш Одақ жайында сұрап, білдік.

Мейірбек Сұлтанхан: 2012 жылы ең бірінші «Алтын домбыра» өткізілетін кезде құрылған Одақ. Төрағасы – Жүрсін Ерман. Құрамында 150-ге жуық айтыскер ақындар бар. Бұл, Одақты Жазушылар, Суретшілер Одағымен салыстыруға келмейді. Олар Кеңес дәуірінде іргетасы қаланып, қазақтың талай марғасқалары қызмет атқарған мекемелер, әлеуеті де жоғары. Мемлекет тарапынан көптеген қолдау-қолпаштауға ие, жеке ғимараттары бар. Ал, біздің Айтыскерлер Одағының ашылғанында Астанадан 1 бөлмелі кеңсе берілді. Одан кейін ол жабылып қалды, яки, Одақтың отыратын жері болмады. Бертін келе, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің айтысқа жанашырлығымен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ішінен 5-6 ақынға қызмет ұсынып, Одақтың жұмысын жалғастыруға мүмкіндік берген болатын.
Биыл Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан да қолдау болып, мемлекеттік тапсырыс ретінде 6 рет түрлі продюсерлік орталықтар өткізген «Алтын домбыраны» биыл біздің Айтыскерлер Одағына берді. Өздеріңіз куә болғандай, айтыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Және бір қуанышты жәйт, енді жыл сайын 1 ақынға «Айтыс ақтаңгері» төсбелгісі беріліп отырмақ.
Одақтың ендігі жердегі қолға алу керек істерінің қатарында, менің ойымша, айтыстың теленұсқасын халықпен қауыштыруды қайтадан жолға қою тұрған секілді. Осыдан бірнеше жыл бұрын, Қазақстан жұртшылығы сенбідегі түскі уақытта «Хабар» телеарнасынан «Аламан Айтыс» көрсетіледі деп көгілдір экран алдына жиналатын. Ендігі жерде, телеарналар осы ғажап үрдісті жалғастырса дейміз.
Елімізде «Жайдарман» ойындары жастар үшін арнап жасалған әзіл-сқақ саласындағы жақсы бір жоба. Оның түрлі лигалары бар: мектеп оқушыларына, облыстық кезең, республикалық кезең дегендей. Менің ұсынысым, «Айтысты» осындай үлкен жобаға айналдырсақ, жаңа айтыскерлер буынын қалыптастыратын едік...

madeniportal.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...