Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды, - деп хабарлайды &...
«Мүфтият молдалардың «қанын теспей сорып» отыр»: Имамдар Бас мүфтидің жүріп-тұруы үшін ақша жинай ма?
Skifnews.kz
Түркістан облысының имамдарын «өңірге Бас мүфти Наурызбай Өтпенов келген сайын облыстың бас имамы Ержан Төлепов ақша жинап, әбден мезі қылған. Бұл туралы желіде белсенді журналист Ораз Әлімбеков Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл ретте, автордың жазбасын қаз-қалпында жариялауды жөн көрдік.
«Түркістандық қарапайым имамдар «қоңыз теріп» қиналып кетті.
Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтың өңірге сапарына арнап молдалар қанша ақша жинады?
Түркістан облысының имамдары «өңірге Бас мүфти Наурызбай Өтпенов келген сайын облыстың жаңадан тағайындалған бас имамы Ержан Тілепов ақша жинап, әбден «қанымызды» ішіп бітті» деп хабарласты. Мысалы, Бас мүфтидің 2024 жылдың қаңтар айының соңында Түркістанға барған 2 күндік ресми сапарына арнап облыстағы 17 аудан және қала имамдарының әрбірінен 150 мың мен 300 мың теңге аралығында ақша жиналды. Аудан имамы қарапайым молдаларға салмақ салады. Олар ақша іздеп тентіреп кетеді... Осылай жиналған қаржыны аудан имамдары бас имам Е.Тілепов пен оның іс басқарушысы қызметін атқаратын Алимханның каспиголдына аударып тұрды (дәлелді чектердің көшірмесі төменде тұр). Кейбірі қолма-қол ақша әкеп берді. Мысалы, Созақ ауданының бас имамы Мейрамбек қажы облыстың бас имамына қолма-қол 150 мың теңге әкеп беріп, кейін «бұл аз» деген соң 130 мыңды каспиголдына аударған.
Бұл қаржының бәрі Түркістанға сапарлап келген Бас мүфтидің ұшақпен ары-бері ұшуына, қымбат қонақ үйде тұрып, қымбат мейрамханадан ауқаттануына жұмсалады екен. «Хазірет мүбәрек жүзін түркістандық жамағатқа көрсеткені үшін» де хадия (сыйлық) беріледі. Оның парқы мен нарқы – 2 млн. Әрине, жиналған ақша түгелімен Бас мүфтидің Түркістанға келіп-кетуіне жұмсалмаған шығар. Бірақ облыстың бас имамы Е.Тілепов қанша ақша қайда жұмсалғаны, қанша ақша артылып қалғаны жөнінде қарапайым молдаларға есеп берген емес, бермейді де. Себебі, Бас мүфти Н.Өтпенов Ержан Тілеповты аттай қалап осы облысқа былтыр көктемде бас имам қылып қойған. Облыстың бұрынғы имамы - Әл-Азһар университетінің түлегі, Phd докторы Еркебұлан Қарақұлов Бас мүфтиге жақпады. Түркістанға дейін екі облыста бас имам болған Е.Құрақұлов Е.Тілепов секілді қарапайым имамдардан бүйтіп ақша жинамайтын. Сондықтан болса керек, былтыр көктемде оны облыстың бас имамы қызметінен алып тастады. Оның орнына бас имамдық тәжірибесі жоқ Е.Тілеповты әкеліп қойды. Осыдан кейін Бас мүфти Түркістанға жиі сапарлайтын әдет шығарып алды. Ал түркістандық қарапайым имамдар өңірге сапарлап келетін мүфтилердің ішім-жеміне, келіп-кетуіне ақша жинап әбден қиналып кетті.
Ақша демекші, осы мүфтият неге ақшаға тоймайды екен, ә?!. Наурызбай Өтпенов Бас мүфти бола сала ҚМДБ жарғысына «ай сайын мешіт түсімінің 30 пайызы мүфтиятқа аударылуы тиіс» деген өзгеріс енгізген. Сол қаржы мүфтилердің жүріп-тұруына неге жетпейді?!. Неге олар қарапайым молдалардың мойнына бұтын асып мініп алған?!. Мүфтилердің аймақ аралап жүріп-тұрғаны қарапайым молдаларға міндет болды ғой, түге... Мұндай басымсу қашан тыйылады?!.