Олжас Абай Дариға Бадықовамен арадағы қарым-қатынасы туралы тараған қауесеттерге жауап берді

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
38

Қазақстандық актер Олжас Абай актриса Дариға Бадықовамен қарым-қатынасы тек қаржылық мүддеге негізделген деген қауесеттерге алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Актердің айтуынша, мұндай пікірлер шындыққа жанаспайды. Ол кино саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келе жатқанын, ал Дариға Бадықовамен шығармашылық серіктестіктің кәсіби дамуына үлкен ықпал еткенін айтты.

«Кейбіреулер біздің қарым-қатынасымызды тек ақшаға тіреп қояды. Бірақ мен кино саласында 16 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Иә, дәл Дариға менің танымалдығымды табысқа айналдыруға көмектесті және өмірімнің жақсы жаққа өзгеруіне себеп болды. Қазір бірге төртінші жобамызды түсіріп жатырмыз. Өз еңбегіммен тауып жүрген табысым өзіме толықтай жетеді», – деп жазды Олжас Абай.

Актер өзін әріптесінің жанында тек ақша үшін жүр деген пікірлерді оқу оған ауыр тиетінін жасырмады.

«Мені бір адамның қасында тек ақша үшін жүр деп айту өте ауыр тиеді. Өйткені байлық пен табыс көктен түсе салмайды. Оның артында жылдар бойғы еңбек, үлкен тәуекел, темірдей тәртіп пен талант жатыр. Сондықтан адамның әмиянына емес, жүрегіне, мінезіне және еңбегіне қараған дұрыс», – деді ол.

Қазіргі уақытта Олжас Абай мен Дариға Бадықова жаңа жоба бойынша бірлескен жұмыстарын жалғастырып жатыр. Дереккөздің мәліметінше, бұл – олардың бірге түсіріп жатқан төртінші туындысы.