Өтен Ахмет. Қоғам жарасы

Жаңалықтар
3187

Асқындап кеткені ақиқат. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы ауруға қойылған диагнозы да, қалай емдеу керегін көрсеткен рецептісі де. Қоғам енді асқынған дертінен жазыла ма? Аурудың пайда болу себебі дәл анықталып, оны емдеу амалдары дұрыс көрсетілген болса, әрине, қоғам дертінен айығады. 

Жолдауды алдыма жайып қойып талдайтындай саясаткер-экономист эксперт емеспін. Дегенмен көпті көрген, байырғы журналист ретінде өз ойымды білдіргім келеді. Және өз ойымды өрбітуді осы Жолдаудың өзінде көрсетілген жайлардан бастаймын. Олар: бірінші, ат төбеліндей байлар мен былайғы қалың қара халықтың арасы жер мен көктей болып алшақтап кеткендігі. Екінші, адамдарда масылдық психологияның өрши түсуі.

Халық атты қоғам біреу, ел игілігі мен болашағы үшін деп қабылданып келген алуан түрлі ғажайып жоспарлар ортақ, егемендік дейтін, бәріміз теңбіз дейтін, «Алға, Қазақстан!» дейтін ұран біреу, ендеше неге осы жоспарлар мен ұрандардың нәтижесінде жасалған қыруар байлық үлкен арықтардың бойымен жөңкіле ағып ат төбеліндей байлардың қалтасын қампайта береді де, үлкен арықтардың әр жерінен жырылған шағын құлақтардан шым-шымдаған тиын-тебен қарапайым еңбек адамының біріне жетсе, біріне жетпей қалады. Президент Тоқаев мырзаның өзі айтқан деректерге жүгінсек, 1250 жаңа өнеркәсіп өндірісі үшін 8 триллион теңге инвестиция құйылып, 120 мың жұмыс орны ашылып, жаңа өнімнің 500 түрі шығарылған-мыс. «Мыс» дейтініміз, мұның бәрі қағазда екен. Сонда 8 триллион қаржы қайда кеткен? «Жоқтан бар пайда болмайды, бар жоғалмайды» деген диалектика заңы рас болса, ол қаржы бу боп ұшпаған, су орнына ақша ағатын үлкен каналдардың құлағында отырған байлардың немесе билік маңайында жүрген айлакер ұры-қарылардың қалтасына түскен болады ғой. Бұл ойымыздың да тірегін Президенттің өз сөзінен табамыз. Жыл сайын 16,7 миллиард доллар сыртқа кетіп, соңғы он жылдағы жиыны 170 миллиард доллар болған. Шығын ба, ұрлық па, білмеймін, әйтеуір, қазақтың қаны сияқты бұл орасан зор көлемдегі ақша еліміздің бүгінгі күнгі барлық сыртқы қарызынан 12 миллиард долларға көп екен.

Еліміздегі ат төбеліндей байлар кім десек, оларды жұрт жақсы біледі. Бірақ, өкінішке қарай, жұрт олардың көбін табан ақы, маңдай терін төгіп әділ, таза жолмен байығандар деп есептемейді. Тіпті бізге тиесілі несібемізді жеп қойғандар деп ойлаулары да мүмкін. Олай болса, халықтың үлкен бір тобының бойкүйез жалқау болуының, масылдыққа бой алдыруының бір ұшығында осындай психологиялық өкпе-реніш жатыр десек те, шындықтан онша алшақтай қоймаспыз.

Жалпы, масылдық қазақтың бойына феодалдық қоғамда байлардың төрт түлік малының көтінде жүргенде жабысқан кесел еді, социализм үй де, оқу да, ем алу да тегін деп, өлмейтіндей ғана тиын-тебен беріп, көз бояп бойдағы сол масылдықты онан сайын асқындырды. Бұл аздай, егемендік алғанда, ата, әкелерінің еңбегімен жасалған ортақ қазынадан әділдік жолымен тиесілі үлесіңді аласың дегенге балаша сеніп, артынан алданғанын біліп сан соғып қалды. Бірақ мың жылдық арманымыз орындалды, бодандық, құлдық қамыт сыпырылды, шын азаттық пен еркіндік келді деп бөркін аспанға ата қуанған қазақ алдандым деген өкініші мен ренішін тез жеңіп, тіпті ұмытып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шағын және орта бизнесті дамытуға құлшына кірісіп-ақ кеткен еді. Алайда монополистер мүддесі үшін әртүрлі қитұрқылықпен талайдың жолы кесіліп, бастаған істері өріс алып кете алмады. Керісінше, жабылды. Жойылды. Люпмендік халге түсті. 

Әлемде жер көлемі жағынан тоғызыншы орында бола тұрып, халқымыздың тым аздығына қарамастан керек тамағымыздың 40 процентін ғана өзімізде өндіріп, қалған 60 процентін сырттан тасу ұят дер едік, бірақ бизнесте, әсіресе, үлкен бизнесте ұят деген ұғым болмайды. Олар үшін ұзақ уақыт пен көп шығын керек ететін шаруадан гөрі көрші елдердің арзан дайын өнімдерін әкеп бағасын еселеп сату әлдеқайда оңай және өте тиімді. Қазір елде бұрын болмаған түсініксіз аурулардың түрі көп, кеміс балалар тууы жиіледі. Кейінгі жастардың мінез-құлқы қатты бұзылып жатыр, қазір базарларда сырты ұқсағанмен, іші біртүрлі, дәмі де басқаша көкөністер, жемістер, басқа да өнімдер қаптап кетті. Қазақ атамыз «Ауру-тамақтан» деп айтқан, бұрын болмаған ауру-сырқаулар, бойкүйездік, ақыл тоқтатпау, далаға лағу сырттан әкелінетін жат тамақтың әсерінен емес пе деген ел ішінде күдік жоқ емес. Әлемдік үстемдікке ие болу бақталасында қолданатын биологиялық қару, диверсия дегеннің бары рас қой. Егер шынымен құрамында не бары анық емес жат тамақтар белгілі де белгісіз ауруларды тудырып жатса, «Сорлының аты сорға жығылады, одан шығып орға жығыладының» нақ өзі болғаны ғой. Яғни халықтың жағдайын емес, өз қалтасының қамын ғана ойлайтын монополист алып-сатарлар, біріншіден, ауыл шаруашылығын тұралатса, екіншіден, денсаулыққа зиян келтіру арқылы адамдық сапаны да бүлдіріп жатыр деген сөз. Ал сапасыз адаммен алдағы бірер жылдың ішінде еңбек өнімділігін 1,7 есеге өсіру Үкіметке оңай соқпасы белгілі.

Жұрт аузынан шығып жатқан алуан сөз-пікірге құлақ түріп, ой елегінен өткізіп, өзімше түйін жасадым. Қазақтың басшыға қарап бой мен ойын түзейтін менталитеті әлі өзгере қойған жоқ. «Жолдасың соқыр болса, бір көзіңді қысып қой» дейтіні осы қалыптан шыққан. Осы орайда жаңа Президентіміздің білімділігін, адалдығы мен тазалығын әлемдік саяси тұлғалар да, қарапайым қаймана қазақ та бір ауыздан айтады. Елдің көбінде қазір сондай түсінік те, сенім де бар. Ұлы Абайдың «Масғұт» поэмасында жаппай ішіп алған қала халқы орталарына келген патша мен уәзірді «сендер массыңдар» деп түтіп жейтін болған соң, жан сақтау үшін олар да әлгі жынды судан ішіп алып, елірген мас көпшілікпен теңесіп кетеді ғой. Сол сияқты таза жандардың арасына кіріп алған ұрылар болса, енді бір жерлерін өздері-ақ қысар. Қыспаса, әшкереленіп ұшатын жағына ұшып кетер. Сондықтан Президент Тоқаевтың Жолдау соңын Абай сөзімен «Бірлік –ақылға бірлік» деп түйіндеуі тегін емес. Өз басым мұны, бірінші кезекте, командасына, елдегі байларға қаратып айтылған деп қабылдадым. Классиктердің «Сананы тұрмыс билейді» деген қағидаты ескірген жоқ. Жүдеулік дендеген жерден мәдениеттілік іздеу кеңкелестік болар. Тұрмыстың түзелуімен мәдениет қоса өріледі. Мәдениетті адам ғана ізденімпаз, тұрмысты түрлендіретін жасампаздық сапаға ие болады. Жолдамада жұмыссыздықты жою, еңбекақыны өсіру, жерді шамадан тыс алып алып, оны пайдаланбай «шөп қорыған ит құсап» жүрген латифундистерден жерді қарапайым адамдардың игілігіне кері қайтару, мемлекеттік қазақ тілі, бала мен ана туралы айтылғандар –көпшілік көңілінен шығып жатыр, көкейге қонып жатыр. Енді осының бәрін Үкімет істейді деп қарап отырмай, бүкіл халық болып бәріміз істейміз дейтін пейіл мен түсінік керек-ау. Демек, диагнозы анық қойылған, емдік рецептісі дұрыс көрсетілген, бүгінгі таңда асқынып тұрған қоғам жарасын жазып алу - «Ақылға бірлікпен» тіршілік құрып, әрекет жасайтын, қиын кезеңдерде бай-кедейміз деп бөлінбей, ұлттық мүдде жолында бір кісідей бас қосып ұлт болып тұтаса білетін қазақ дейтін ұлы халықтың өз қолында екен. 

                                                                                     Өтен Ахмет

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...