Назарбаев ұсынған "Үш Д" үлгісі деген не?

Жаңалықтар
1949

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Бір белдеу, бір жол" екінші халықаралық ынтымақтастық форумының сессиясында сөйлеген сөзінде қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлерге төтеп берудің жолдары туралы айтты, - деп хабарлайды "Мәдениет порталының" тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап. 

Елбасы кибер қауіпсіздік пен қолданыстағы коммуникацияның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзектілігін және өңіраралық деңгейдегі бәсекенің арта түскенін атап өтті. "Дамуды және қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жаһандық институттардың тиімділігіне қатысты сұрақтар туындауда. Экономика саласында "сауда теке-тіресі мен санкциялық соғыстар" пайда болды. Бүкіл әлем бойынша порттар мен әуежайлардың терминалдары арқылы жөнелтілетін жүктер кідіре бастады. Түптеп келгенде, бұл әлем экономикасының даму қарқынын бәсеңдетіп, халықтың, әсіресе, дамушы елдер тұрғындарының жағдайын нашарлатады", - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Елбасы әлемдік қоғамдастықты адамзаттың жаһандық проблемаларын шешу үшін жұмылуға шақырды.  "Алып құрлығымыздың дәл ортасында орналасқан Қазақстан Еуразияда тығыз серіктестік орнатуды әрдайым қолдайды. Біздің сыртқы саяси доктринамыз көп жақты ынтымақтастықты және бірлесе дамуды, сенім мен қауіпсіздікті нығайтуды көздейді. Біз бүкіл әлемге халықаралық күн тәртібіндегі ең күрделі мәселелерді талқылау бойынша да үлгі көрсете алдық", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.          

Қазақстанның Тұңғыш Президенті еліміздің ядролық қарусыздану және жаппай қырып жоятын қарудың таралуын болдырмау ісіндегі жетістіктеріне тоқталды. "Біз геосаясат пен геоэкономикада кейінге қалдыруға болмайтын міндеттерді шешуге септігін тигізетін жаһандық архитектураны қалыптастыру ісіне алдағы уақытта да атсалыса береміз. Менің ойымша, мұны "Үш Д" жаңа ахуалын қалыптастыру арқылы жүзеге асыруға болады. Мұны "Үш диалог" жүргізу қажеттігі деп түсінген жөн. Біріншісі жаһандық деңгейді қамтиды. Бұл - АҚШ, Ресей, Қытай және Еуропа одағы арасындағы диалог", - деді Елбасы. 

Нұрсұлтан Назарбаев екінші диалогтың Еуразия деңгейінде қажеттігін атап өтті. Ондағы мақсат - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының әлеуетін біріктіру. "Үшінші диалог - бұл Еуразия экономикалық одағы, Еуропа одағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Оңтүстік Шығыс Азия елдері қауымдастығы арасындағы жүйелі экономикалық диалог. Осындай форматтағы экономикалық кооперацияны дамыту арқылы, біріншіден, елдеріміздің дамуына және азаматтарымыздың әл-ауқатының артуына зор серпін береміз. Екіншіден, экономиканы әртараптандырудың жаңа көздерін ашуға, бәсекеге қабілеттілікті нығайтуға, бизнес ахуалын жақсартуға және мемлекеттердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға жағдай жасалады. Үшіншіден, Үлкен Еуразияның жаһандық рөлін арттыруға мүмкіндік туындайды", - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Соңында, Елбасы аталған үш диалогтың басталуы форумға қатысушылардың барлығының мүдделеріне сай келетінін атап өтіп, біріккен Еуразияның жарқын болашағы үшін өзара байланыстар орнатудың қажеттілігі туралы айтты. 

madeniportal.kz

author

Нұрсұлтан Назарбаев

ҚАЙРАТКЕР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...