Threads әлеуметтік желісінде Карина Ғайниева өзінің інісімен болған жағдайды баяндап берген, деп хаб...
«Өзіне қол салды деп істі жауып тастаған»: Ақтөбеде қаза тапқан 16 жастағы студенттің анасы тың дерек айтты
ашық дереккөз
Ақтөбеде колледж жатақханасының төртінші қабатынан құлап, 42 күннен кейін көз жұмған 16 жастағы Нұрбақыт Бақыттың анасы тергеу жұмысына қатысты мәлімдеме жасады. Күлайым Колова ұлының өліміне қатысты іс бастапқыда жабылғанын айтып, кінәлілердің жазалануын талап етті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Қайғылы оқиға 29 сәуірде Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында болған.
Айыптау нұсқасына сәйкес, 21 жастағы жоғары курс студенті Мәди Сүгербай Нұрбақытты түн ішінде дүкенге тамақ әкелуге жұмсаған. Жатақхананың есіктері жабық болғандықтан, жасөспірімді бес көрпені бір-біріне байлап, төртінші қабаттың терезесінен түсірмек болған. Алайда Нұрбақыт биіктен құлап, ауыр жарақат алған.
Ұлының жағдайын естіген анасы Қызылордадан Ақтөбеге жеткен. Оның айтуынша, бастапқыда айналасындағылар жасөспірімнің өздігінен құлағанын айтқан.
«Баламның жағдайын көрдім. Комада жатыр. Жылап, не болғанын білу үшін сол күні бірден жатақханаға, мұғалімдеріне бардым. Бәрі «өзі құлап кетті, тамақ іздеп шықты» деп келісіп алған. Қасындағы балалар да полицияға солай айтқан. Сосын балам өзіне қол салды деп істі бірден жауып тастапты», – деді Күлайым Колова.
Нұрбақыт 42 күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, көз жұмған. Анасының сөзінше, ұлы қайтыс болғаннан кейін ғана қылмыстық іс қозғалып, күдікті анықталған.
Қазір іс Ақтөбе қалалық сотында қаралып жатыр. Мәди Сүгербайға абайсызда адам өліміне себеп болу және қауіпті жағдайда қалдыру баптары бойынша айып тағылған. Ол кінәсін мойындамай отыр.
«Егер балам тірі қалғанда, тіпті мүгедек болып қалса да, кешірер едім. Бірақ менің балам жердің астында жатыр. Мен бұған қарап отыра алмаймын», – деді марқұмның анасы.
Күлайым Колова айыпталушыға заң аясында қатаң жаза тағайындалғанын қалайды. Сонымен қатар колледждегі балалардың қауіпсіздігіне жауапты адамдардың әрекетіне де құқықтық баға берілуін талап етіп отыр.
Іс бойынша сот үкімі әлі шыққан жоқ. Келесі сот отырысы 9 қарашаға белгіленген.