Сәрсенов Оразбек 1923 жылы 17 қазан күні ОҚО Арыс ауданындағы Байырқұм елді мекенінде дүниеге келге...
«Қасымдағылар көмектеспеді»: Жолсерік пойызда бойжеткенге азғындық жасағысы келген
Сурет әлеуметтік желіден алынды
Қазақстандық қыз Қызылорда-Петропавл 076ХА пойызында жолсеріктің харассмент жасағанын айтты, деп хабарлады MADENIPORTAL.KZ Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.
Қазақстандық бұл жағдайды Threads әлеуметтік желісінде жариялады.
"Жолға жалғыз шықтым. Жәнібек есімді жолсерік өзін оғаш ұстап, тиісе бастады. Іште кілең ер адамдар отырды. Жолсерік келіп, қолын бетіме созып, жаныма отырып: “қатты ұйықтадың ғой” деп айтты. Сосын "таза ауа жұтайық" деп тамбурға шақырды. Мен қатты қорықтым. Айналамдағы адамдардың ешбірі көмектеспеді. Жай ғана қарап отырды", – дейді қыз.
Сосын жолаушы қыз басқа жолсеріктен көмек сұрапты. Ол қызды әжелер отырған вагонға ауыстырған.
"Бірақ сол жолсерік тағы келді. Маған қарап күліп: "жақсы келе жатырсың ба? Сені іздеп, таппай жүрсем, осында екенсің ғой. Сенің орныңда өзбектер отыр" деп айтты. Сосын жақындап келіп, еңкейіп: "ұйықтап ал, түнімен ұйықтатпаймын" деді. Кейін бір вагоннан екіншісіне өтіп бара жатсам қолымнан ұстамақ болды. Әрең құтылдым. Басқа жолаушыларға, қорқып тұрмын, көмектесіңіздерші деп едім, ешкім үндемеді", – дейді қыз.
Осы жағдайдан кейін жолаушы қыз аға жолсерікке шағымданыпты. Алайда ол да ешқандай шара қарастырмаған.
"Соңында Астаналық досыма жаздым. Таныстарымның араласуы арқылы жолсерік келіп менен кешірім сұрады. Өзін қалай ақтап алғанын көрсеңіз, таңғаласыз. Ол “Жай ғана әзілдедім ғой. Дұрыс түсінбей қалыпсың. Саған қарындасыма қарағандай қарауға тырыстым" деп айтты. Сонда бұл кісі қарындасына осылай қарай ма? Бұл кісінің аты-жөні – Жанғараев Жәнібек. Оның түрін басқа қыздар мұқият болсын деп көрсетіп отырмын. Біз пойызда қауіпсіздігіңе ешкім кепілдік бермейтін елде тұрамыз. Ең сорақысы, айналадағы адамдар көмектесуге қорқады", – деп жазды жолаушы қыз.
Көліктегі полиция департаменті тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
"Мұндай жағдайда Теміржол және су көлігі комитеті уәкілетті органға заңды шара қолдану үшін ресми хат жолдайды. Тиісті ведомство жолаушыларға қатысты кез келген заңсыз әрекеттерге жол беруге болмайтынын атап көрсетеді. Жолаушының қауіпсіздігі мен жайлылығы бірінші орында. Жеке тасымалдаушы аталған оқиғаға қатысты қызметтік тексерісті бастады. Тексеру нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданады", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ департамент оқиға бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін желілік полиция бөліміне жолданатынын мәлімдеді.
Ал “Жолаушылар тасымалы” АҚ рейсті жеке тасымалдаушы орындағанын хабарлады.
"Бұл пойыз "АрланТрансАстана" жеке тасымалдаушысына тиесілі. Оның "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ға, Қазақстан темiр жолына қатысы жоқ. Жеке тасымалдаушылардың қызметін Көлік министрлігі реттейді”, – делінген хабарламада.