29 қазанда «қыз зорлады» деген айыппен айыпталған бокстан әлем чемпионы Жанқош Тұраровқа...
Қазақ кәсіпкер 200 миллион долларға Америкада бизнесін сатты
Inbusiness.kz
Алайда енді заң тұрғысынан компанияның құрылтайшысы саналмаймын. Соған қарамастан, компаниядағы басты 4 тұлғаның бірімін", – дейді Қанат.
Бастапқыда америкалық ірі компанияның басшылығы оны стратегиялық мәселелер жөніндегі бас директор лауазымына тағайындады. 3 жыл бұрын ол техникалық бөлімнің бас директоры қызметіне тұрды. Компанияның басшысы, негізін қалаушы, қаржы директорынан кейінгі төртінші тұлға саналады екен.
Қазіргі уақытта оның қоластында 40-қа дейін маман жұмыс істейді. Оның командасы бірнеше өнімімен нарыққа шығып үлгеріпті.
Қанат өз стартапын іске қоспас бұрын жергілікті нарықты зерделеп, егжей-тегжейіне қаныққан. Оның айтуынша, Америкада тауарлардың бөлшек саудасын supply chain (жеткізілімдер тізбегі) аталатын алпауыт супермаркеттер және ритейлерлер (бөлшек саудагерлер) жүзеге асырады.
"Бұлардың әрқайсысына қатысты шешімін күткен мәселелер бар. Мысалы, Walmart, Amazon, Target, Kroger сияқты ірі компаниялардың ережелері де, регуляциясы да көп, әрі әртүрлі, бір-біріне ұқсамайды. Салдарынан, оларға тауар жеткізе алатын өнім берушілер де әралуан. Бір супермаркетте сатып алып үйренген брендіңізді басқасынан таба алмай қаласыз. Немесе, жеткізушіні де лезде ауыстыра салуы мүмкін. Соның кесірінен компаниялардың қоймаларында тауарлардың үлкен қоры қалып қояды. Олар оны ірі супермаркеттер желісіне жеткізгенімен, қабылдамай қоюы, қабылдаса, ақысын төлемей қоюы, айыппұл салуы мүмкін. Оны басқа желілерге қалай жылдамырақ жеткізіп, өткізуге болады? Бизнестегі елеусіз қалатын осы және басқа проблемалардың шешімін ұсынамыз", – дейді америкалық қазақ кәсіпкері.
SupplyPike супер-гипермаркеттердің шет-шегі жоқ қаптаған ережелер жинағымен байланысты құжаттамаларды бір жерден (Қазақстан шенеуніктерінің тілімен айтқанда, "бір терезеден") реттеуге көмектесетін бағдарламалық қамтылым ұсынды. Оны Coca-Cola да пайдаланатын көрінеді.
Пысық, сөзге шешен Қ.Бектеміров банкирлермен, инвесторлармен келіссөздер жүргізудің шеберіне айналды, ол өз бөлімінің капиталын 40 миллион долларға дейін ұлғайта алыпты.
"Иелігімізде қомақты қаражат пайда болғаннан кейін біз мықты команда жасақтауға кірістік. Қазіргі кезде соған қол жеткізіп отырмыз. Америкада білікті мамандарды өзге компаниялардан тартып алу өте күрделі. Біздің тарапымыздан талап та жоғары болды, сондықтан біраз үміткердің меселін қайтардық. Ең басты бір мәселе – нарыққа қандай өніммен шығу, ойыншылар мен тұтынушыларды қызықтыру. Біздің артықшылығымыз – клиенттерге, қарапайым тұтынушыларға барынша жақынбыз, командам жұртшылықпен қоян-қолтық араласады. Ірі компаниялар сияқты фокус-топтармен шектелмейміз. Қанымда қазақтың қонақжайлылығы, кеңпейілдігі бар. Бірақ менің басты кәсібім – бағдарламашы. Сондықтан жаңа жобаны жоспарлап, әрбір кодты жазбас бұрын, алдымен оның қанша жаңа клиентті тарта алатынын ойластырамын", – дейді Қанат Бектеміров.
Оның компаниясының негізгі клиенттері – өндірістік компаниялар. Өндірушілер өз өнімдерін Amazon, Walmart сияқты ірі желілерге өткізеді. Компания сондай-ақ бухгалтерлік қызметтер де көрсетеді. Қанаттың фирмасы мысалы, Amazon-дардың қандай қоймаларында өз клиенттерінің қанша тауары қалғанын, сұраныс қаншалықты зор екенін шынайы уақыт режимінде есептеп, көрсетіп отырады екен.
"Біздің 500-ден астам ірі клиентіміз бар, біз Американың өндірушілерімен ғана жұмыс істейміз. Өйткені бағдарламамыз тек АҚШ супер-гипермаркеттерінің жұмыс ережелеріне негізделген. Өндірушілер соған сай келуі үшін оларды бағдарлайды. Бірақ таяу жылдары Еуропаға шығуға ниеттіміз. Бұл қадамды жасамас бұрын еуропалық нарықтың проблемаларын зерделеуді, тек содан кейін шығуды жоспарлап отырмыз", – деді стартапшы.
Орталық Азия нарығына шығу жоспарларында жоқ көрінеді. Бұл нарық шағын саналатыны, ондаған миллиард доллармен есептелетіні мәлім. Қанаттың айтуынша, мысалға, Батыстың нарықтарына жеткізу тізбегі 5–6 триллион долларға бағаланады.
Қ.Бектеміров айти маманы ретінде жасанды интеллектпен айналысуды да жоспарлауда: келесі стартапы сонымен байланысты болуы мүмкін.