«Қазақмыс» қолдауымен өңірлерде заманауи спорт орталықтары ашылуда

Фото: Kazakhmys

ЖАҢАЛЫҚТАР
28

Бұқаралық спортты дамыту және заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыру «Қазақмыс» Тобының әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Компания өзі жұмыс істейтін өңірлерде спортты қолжетімді етуге, балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға және болашақ чемпиондарды даярлау үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған жобаларды жүйелі түрде іске асырып келеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Жезқазғандағы «Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешені Қазақмыс салған ең ірі спорт нысандарының бірі болды. Құны 8,5 млрд теңгені құрайтын, жалпы аумағы 7 816 шаршы метр болатын бұл жоба Ұлытау облысы әкімдігімен жасалған меморандум аясында жүзеге асырылып, өңірдің заманауи спорт орталығына айналды. 

Кешенде Жезқазғандағы алғашқы 25 метрлік жүзу бассейні, 320 көрерменге арналған трибунасы бар ауданы 1 200 шаршы метр әмбебап ойын залы, сондай-ақ көркем гимнастикаға арналған мамандандырылған зал орналасқан. Кешен ашылғаннан бері мұнда үстел теннисі, волейбол, баскетбол, дзюдо, бокс, шахмат және ауыр атлетикадан республикалық чемпионаттар мен турнирлер, сондай-ақ облыстық спартакиадалар өткізілді. Кешен тәрбиеленушілері республикалық және халықаралық жарыстарда, оның ішінде U-17 Азия чемпионаты мен ТМД-ның III ойындарында жүлделі орындарға ие болды. 

Спорт инфрақұрылымын дамытудың келесі кезеңі 2026 жылғы қыркүйекте NAMYS спорт академиясының ашылуымен жалғасады. Құны 8,1 млрд теңге болатын жаңа үш қабатты кешен Ұлытау облысының 150-200 жас спортшысына арналған мамандандырылған мектеп-интернат ретінде жұмыс істейді. Академияда мамандандырылған спорт залдары, трибунасы бар әмбебап ойын залы және 150 орынға арналған жатақхана болады. Мұнда балалар оқуын кәсіби спорттық даярлықпен қатар алып жүруге мүмкіндік алады. Олар академия аумағында тұрып, тегін тамақпен, спорттық жабдықпен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ олардың жаттығуына барлық қажетті жағдай жасалады.

Ірі спорт нысандарымен қатар компания заманауи модульдік спорт кешендерінің желісін де дамытып келеді. Сәтбаев қаласында құны 174,5 млн теңгені құрайтын, жалпы аумағы 1 500 шаршы метр болатын «Сұңқар» спорт кешені ашылды. Бүгінде мұнда күн сайын 100-ден астам бала спортпен шұғылданады. Осыған ұқсас жалпы аумағы 1,3 мың шаршы метрді құрайтын «Толағай» спорт кешені Жаңаарқа ауданының Ералиев ауылында бой көтерді. Мұнда ерекше қажеттілігі бар балалардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалған. 

Балқаш қаласында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп салынған, жалпы аумағы 1 200 шаршы метр болатын көпфункционалды «Металлург» спорт залы пайдалануға берілді. Жобаны жүзеге асыруға 200 млн теңге инвестиция бағытталды. Кешен қазақша күрес, дзюдо, самбо, еркін күреспен, сондай-ақ футбол, баскетбол және волейболмен айналысуға арналған. Тегін спорт секциялары бүгінде 400-ге жуық бала мен қала тұрғыны үшін қолжетімді. 

Қазақмыстың қолдауымен Жамбыл облысы Шу ауданының Көкқайнар ауылында күрес және бокспен айналысуға арналған жаңа спорт кешені ашылды. Жалпы аумағы 481,6 шаршы метрді құрайтын, құны 268,5 млн теңге болатын бір қабатты нысан жаттығуға қажетті барлық құралмен жабдықталған және бір мезгілде 30-ға жуық бала мен жасөспірімнің жаттығуына мүмкіндік береді. 

Спорт инфрақұрылымын дамыту Қазақмыстың ұзақ мерзімді әлеуметтік саясатының бір бөлігі болып табылады. Компания спортқа салынған инвестицияны адамдардың денсаулығына, дарынды жастарды қолдауға және өзіне қатысы бар өңірлердегі өмір сүру сапасын арттыруға қосылған үлес ретінде қарастырады. Осы мақсатта әуесқой спортшылардан бастап болашақ чемпиондарға дейін дене шынықтырумен айналысуға жағдай жасайды. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ақмола облысында балабақшада 3 жасар қыздың басынан қатарластары орындықпен ұрған. Бұдан кейін бүлді...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес...