Өмір бойына бас бостандығынан айырылған адамдар, соның ішінде Владислав Челах пен Руслан Күлекбаев с...
Қазақстандағы ғылым неге дамымай жатыр? Сарапшының ащы шындығы
Фото: Видеодан кадр
Экономист әрі сарапшы Жанкелді Шымшықов Qasqa Jol YouTube арнасына берген сұхбатында Қазақстандағы ғылым саласының қазіргі жағдайын сынға алды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Оның пікірінше, елде ғылымға бөлінетін қаржы өте төмен деңгейде. Көптеген мемлекеттерде бұл көрсеткіш 5 пайызға дейін жетсе, кейбірінде 7 пайызға дейін өсіп келеді. Ал Қазақстанда небәрі 0,14 пайыз ғана бөлінеді, бұл бір пайызға да жетпейді. Мұндай жағдайда ғылымның дамуы қиын екенін айтқан сарапшы, бөлінген қаражаттың өзі тиімді пайдаланылмайтынын жеткізді. Бұған негізгі себеп ретінде ғылым саласын ғалымдар емес, шенеуніктердің басқаруын атап өтті.
Сонымен қатар, Шымшықов Кеңес одағы кезеңінде Қазақстан ғылымы жоғары деңгейде болғанын еске салды. Оның айтуынша, сол уақытта Қазақстан ғылымы Ресей мен Украинадан кейін үшінші орында тұрған. Бұл жетістік Қаныш Сәтбаев қалыптастырған ғылыми жүйенің нәтижесі еді. Ғылым академиясы беделді ұйым ретінде өндіргіш күштерді тиімді орналастырумен айналысқан. Соның арқасында елде өндіріс пен зауыттардың дамуына ғылыми негіз жасалған.
Ал қазіргі таңда, сарапшының пікірінше, өндіргіш күштер жүйесіз орналастырылып жатыр. Мұның басты себебі – Ғылым академиясының бұрынғы ықпалының жойылуы. Ол бұл өзгерістерді бұрынғы президенттің шешімімен байланыстырады.
Сарапшы сондай-ақ қоғамдағы пікірталастың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, білімді адамдар арасында әрдайым көзқарас қайшылығы болады, ал бұл – дамудың негізгі қозғаушы күші. Алайда әлсіз басшылар керісінше, қарсы пікірді шектеуге тырысады.
Жанкелді Шымшықов өз ғылыми бағыты бәсекелестікке негізделгенін айтып, табиғатта да, қоғамда да даму дәл осы бәсекелестік арқылы жүзеге асатынын түсіндірді. Егер бәсекелестік жойылса, даму тоқтап, кері кету басталады. Оның пікірінше, Кеңес одағының күйреуіне де бәсекелестіктің болмауы себептердің бірі болған.