Қазақстанда донорларға берілетін ақшалай өтемақыны көбейту туралы ұсыныс қолдау таппады. Қаржы минис...
Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасуына атсалысқан қайраткер өмірден өтті
ашық дереккөз
Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан белгілі дипломат, тарих ғылымдарының кандидаты, халықаралық қатынастар саласының сарапшысы Рүстем Сәлімұлы Құрманғожин (Құрманғужин) өмірден өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Қайғылы хабарды марқұмның жақын досы әрі әріптесі, саясаттанушы Андрей Чеботарев Facebook парақшасында жариялаған. Ол дипломаттың мезгілсіз қайтыс болғанын айтып, отбасы мен жақындарына көңіл білдірді.
Рүстем Құрманғожин 1985 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігіне қарасты Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған. 1986–2013 жылдары дипломатиялық қызмет атқарып, кеңесші-уәкіл дәрежесіне дейін көтерілген.
Ол Қазақстанның ТМД және Азия елдерімен, Еуропалық одақпен және АҚШ-пен қарым-қатынасын дамыту, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелерімен айналысқан.
Дипломатиялық қызметін аяқтағаннан кейін ғылым мен білім саласына бет бұрған. Нархоз университетінің Гуманитарлық мектебінде қауымдастырылған профессор болып еңбек етіп, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтында, сондай-ақ KIMEP, AlmaU және UIB университеттерінде дәріс оқыған.
Рүстем Құрманғожин – Қазақстан дипломатиясының тарихы, сыртқы саясаты және халықаралық қатынастары туралы көптеген ғылыми еңбектің авторы. 2022 жылы оның «Тәуелсіз Қазақстан тарихы: сыртқы саясат» атты кітабы жарық көрген.
Ғалым өмірінің соңғы күндеріне дейін ғылыми және сараптамалық қызметін жалғастырған. Биыл 6 қазанда «Тұран» университетінің студенттерімен кездесіп, кәсіби тәжірибесімен бөліскен. Ал 25 қарашада оның халықаралық саясатқа арналған кезекті мақаласы жарияланған.
Марқұммен әріптестік байланыста болған Cronos.Asia басылымының редакциясы да қайғылы хабарды растап, оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Дипломаттың қайтыс болу себебі әзірге жарияланған жоқ.