КӘСІПКЕРЛІККЕ «ҮНЕМДЕУ МӘДЕНИЕТІ» ҚАЖЕТ

Жаңалықтар
1604


Кеңес заманынан қалыптасып, әлі қыр соңымыздан қалмай келе жатыр дейтіндей масылдық психология баяғыда өшкен, өшпесе өшуі тиіс

Қоғамдық қатынастар өзгеріске түскен кезде, базар басына барып сауда жасауға ұялатын қазақ жұрты, сауданың тәртесін емін-еркін игеріп әкетті. Осы күндері олигарх дәрежесіне жеткен кейбірлеулер «мен лифте чемодан тасығам... мен бәліш сатқам... біз ағайындылар болып, барахолкада кір жуатын порошок саттық» деп жатады. Кәсіпті жүргізу үшін бастапқы капиталдың қажеттілігі сөзсіз. Бір миллиардер: «Мен алғашқы миллионымның ғана есебін бере алмаймын, ал қалғандарының әр центіне жауап беремін.» деген екен. Экономика ілімінің майын ішкен К.Маркс бастапқы капиталдың қылмыстық жолмен қалыптасатынын баяғыда ескертіп кеткен жоқ па.

Отыз жылға таяу уақыт өтсе де орта дәулетті бизнес өкілдері біздің қоғамда әлі күнге пайда бола алмай келеді. Оның басты себебі, мемлекеттік дәрежеде кәсіпкерлікті қолдайтын тетік бейсауат, тіпті ұры-қарылардың қолына түсіп кеткенненбе деп күдіктенесің. Өйтпесе, қыруар қаржы мен небір жарқын жоба, бағдарламаларды жариялап жатады да ақыр соңы бықсып, жоқ болады. Көрші Қытай, Түркия елдеріндегі кәсіпкерлікке деген көзқарасқа неге зейін салмаймыз? Кәсібін енді ашып, өмір сүруге ұмсынған балапан секілді кәсіпкерді небір қағаз-шимаймен қылғындырып, ұясында өлтіре саламыз. Мемлекет басшысы қысқарт деген сайын балалай түсетін, бұл неткен бітпейтін тексерушілер? Олар кімнің мүддесін күйтеп жүр?

Соноу бір жылдары аудан әкімінің орынбасарына инвестор келіп, кірпіш зауытын салмақшы болды. Орынбасар: «20%» деді. Инвестор: «мақұл» деді. Орынбасар: «20% ай сайын» деп нақтылады. Инвестор: «Сені асырау үшін келгем жоқ!» деп есігін тарс жапты. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты бүгін бәсеңсіді деп айта алмайсың. Бұл шұқыған сайын ушыға түсетін уытты кесел болар!? 

Бизнес сауаттылықты талап етеді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы тарапынан жасалып жатқан қадамдар көңіл көншітерлік. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Мемлекеттік Бағдарламасы аясындағы қабылданған ауқымды іс-шаралар да кемел келешектің кепілі іспетті. Ерекше атап айтарлық жәйт, «Ауыл шаруашылығы кооперативтері» туралы заңның қабылдануы. Осындай тегеуірінді, негізі қаланған құжат қана өркенді іске арқау бола алатыны даусыз. 

Сонымен қатар бүгінгі таңдағы кейбір бизнес түрлеріне талдау жасап өткенді жөн санадық. 

А) Жекеменшік балабақша. Қазіргі кездегі сұранысқа ие боп отырған бизнестің бір түрі болып саналады. Әрине, жекеменшік балабақшамен үлкен мегаполистерде ғана шұғылдануға болады деген пікірден аулақпыз. Аудан, өзге де ірі елді мекендерде қажеттіліқ бар жағдайда ұйымдастыруға болады. Мемлекет тарапынан балаларды толық қамтуға әлі де мүмкіндіктер жетіспей жатқаны байқалады. Ал кейбір ауылдарда бар балабақшаға бала толтыра алмауда. Осындай кереғарлықты да ескере отырып, бизнес ашар алдында алдын ала болжауға арналған есеп-қисап жасаған да жөн.

Бизнестің бұл түрі Алматы, Астана және оңтүстік сияқты қалың қоныстанған өңірде жақсы дамыған. Кейбір деректерге сүйенсек, Мақтаарал ауданында жекеменшік балабақша үшін бір балаға 3000 теңгеден. Көп балалылар үшін жеңілдікпен – 2500 теңге алады екен. Сондай-ақ әр баланы үйлерінен алып кетіп, қайта әкелу де қарастырылыған. Бұл жерде балабақшаға лайықты ғимарат қажет. Оны керек бұйым-жихаздармен толтыру, арнайы дайындықтан өткен персоналды жалға қабылдау, санитарлық бақылау қызметі тексерісінен өту деген сияқты амалдарды бастан кешіру тиіс. Жалпы алғанда жұмыс істеуге құлқы бар адам үшін, бұның барлығы өзінен-өзі құлшыныс тудырады. Осы орайда кезінде екі-үш қабатты үй салғандар сол ғимараттарын осындай балабақшаға айналдырып отырғаны белгілі. Бұл бір жағынан құптарлық жағдай. Табыс табуға ынта бар деген сөз.

Б) Құрылыс саласы да тиімді бизнестің бірі болып саналады. Бұл сала шағын, орта және жоғары деңгейге бөлінеді. Шағын түріне қолыңыздан құрылыс жасау келетін болса, бригада жинап, өзге біреуге үй салып беруіңізге әбден болады. Мысалы көктем шыға іске кіріссеңіз күзге қарай дайын үйдің кілтін тапсыруға болады. Осымен ғана тоқтап қалмай, коттедж тағысын тағы ірі ғимараттар салуға ұмтылу керек. Қаражат көзі бірте-бірте қорланып, әлі-ақ көп қабатты үйлер тұрғызып кетуіңіз де ғажап емес. Бизнеске салған ақша айналымда болып, тәуліктің жиырма төрт сағатында толассыз пайда түсіріп отыруы тиіс. Актив деп те сондықтан аталады. Актив пен пассив туралы әңгіме басқа. 

Мемлекет тарапынан тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша біршама бағадарламалар бар болғанымен халықтың үйге деген сұранысы арта түспесе, кемитін емес. Егер үй тұрғызып, оны жалға берсеңіз де сіз пайда көресіз. Соңғы кезде жалға берілетін пәтер сандарын арттыру туралы Елбасының үндеуі де осының кепілі. Біздегі ішкі миграция бәсең. Жекеменшік пәтерлеріне байланып қалғандай, өзге өңірлерге қоныс аударуға құлықсыз. 

 Г) Мал асырау. Жоғарыда атап өткен «ауыл шаруашылығы кооперативі» негізінде жүзеге асырылатын пайдалы шара. Мегаполистер мен ірі елді мекендер төңірегінде мал бордақылап, сойып, қайта өңдеп, алушыға жеткізу арқылы осы бизнес саласы айтарлықтай көркейіп келеді. Ет, сүт өнімдерін ұлттық дәстүрімізге сай әзірлеп, өңдеп, сөреге тарта алсақ, ата кәсібімізді жандандырып қана қоймай, тұщымды пайдаға да қол жеткізеріміз күмәнсіз.

 Д) Жылыжай шараушылығы. Экологиялық жағынан таза, қашанда сұранысқа ие бұл кәсіп те өте зәрулік танытып отыр. Қытай мен Өзбекстаннан келетін көкөністің орынын басатындай шаруашылық негізін қалау қажет-ақ. 

Ж) ІТ саласына қатысты ақпараттық бизнес. Бұл жерде ең маңыздысы өзіңнің осы салада жетік маман болуың. Сайтыңды ашып, имиджіңді қалыптастырып алған соң, тренинг, семинар, курстар ұйымдастырып арнайы бағытта жұмыс бастайсың. Бұның да өзіндік ерекшеліктері бар. 

 З) Соңғы кезде жақсы дамып келе жатқан шағын кәсіптің бірі киім тігу, пішу және жөндейтін ательелар. Халықтың әл-ауқаты артқан сайын түрлі сұраныстар түрі пайда бола бастайды. Ал жұмыс басты әйел адамдары үшін ателье қызметіне жүгіну өте қолайлы. Сондықтан бала-шағаның киім-кешегін сонда апарып неге түзете салуға болмайды. 

Біздің кегежемізді кері тартқызып тұратын бір кертартпалық бар. «Ақшаны қайдан алам деген?» Күнделікті күйбеңге кетіп жатқан шығынды зер салып, бір есептеп шықсаңыз, талай нәрсеге көз жеткізесіз. Үнемдеу мәдениеті дегеннен жұрдай екенімізді аңғарамыз. «Көппен көрген ұлы той» деп ұзын арқан, кең тұсаумен әлі келе жатырмыз. 

З. Самалбекұлы

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...