«Бәрібір де оқу керек»: Тоқаев жасанды интеллект дәуіріндегі маңызды мәселеге тоқталды

коллаж MadeniPortal.kz

ЖАҢАЛЫҚТАР
141

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект қаншалықты дамыса да, кітап оқудың маңызы жоғалмайтынын айтып, жастарды классикалық әдебиеттен қол үзбеуге шақырды. Президент адамның сыни ойлау қабілетін тек цифрлық технологиялардың көмегімен қалыптастыру мүмкін емес екенін атап өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Мемлекет басшысы бұл туралы 26 қарашада Мәскеуде өткен AI Journey 2026 халықаралық конференциясы аясында жасанды интеллектіні меңгерген талантты жастармен кездесу барысында айтты. Кездесуге Ресей президенті Владимир Путин де қатысты. Тоқаев бүгінде жасанды интеллект дәуірінде классикалық әдебиетті оқу ескіліктің белгісі деп санайтындар бар екенін айтып, мұндай пікірмен келіспейтінін жеткізді.

Президент сөз арасында Лев Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілік» романын, Иван Тургеневтің шығармалары мен Антон Чеховтың пьесаларын мысалға келтірді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы ChatGPT-ге қатысты тәжірибе туралы баяндады. Оның айтуынша, жасанды интеллект 600 беттік «Соғыс пен бейбітшілік» романын небәрі 25 бетке қысқартып, шығарманың қалған бөлігін маңызды емес деп бағалаған. Тоқаев мұны қауіпті жеңілдету деп атады.

«Бәрібір де оқу керек. Мен Қазақстанда "Оқитын ұлт" құру туралы арнайы жарлық шығардым. Жастарды кітап оқуға баулығым келеді», – деді Мемлекет басшысы (қазақша аударма).

Сонымен қатар Президент жақын арада Астана мен Алматы қалаларында тәулік бойы жұмыс істейтін Президенттік кітапханалар ашылатынын хабарлады. Онда жастарға кітаптарды қағаз және электронды форматта оқуға мүмкіндік беріледі.

Айта кетейік, биыл 16 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәдениетін дамыту және оқитын ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойған болатын.