Қостанайда жантүршігерлік жол апаты болды: полициядан қашқан жүргізуші қаза тапты

Фото: видеодан скриншот

ЖАҢАЛЫҚТАР
126

Қостанайда полицияның тоқтау туралы талабына бағынбаған Volkswagen Passat жүргізушісі жолаушылар автобусымен соқтығысып, қаза тапты. Оқиға кезінде автобуста 55 адам болған. Жол апатынан кейін бірнеше адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Қайғылы оқиға 25 қазан күні сағат 21:10 шамасында Қостанай қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы мен Алтынсарин көшесінің қиылысында болған. Жеңіл автокөлік №10 бағыттағы жолаушылар автобусымен соқтығысқан.

Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Volkswagen Passat жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзып, патрульдік полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы талабына бағынбаған. Ол қозғалысын жалғастырып, жол қиылысына жақындаған кезде бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен. 

Осы сәтте жеңіл көлік жолаушылар автобусымен соқтығысқан. Соққы салдарынан Volkswagen жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Оның жанында отырған жолаушы ауруханаға жеткізілген. 

Жол апатынан кейін әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар тарады. Кейін Қостанай облыстық полиция департаменті патрульдік автокөліктің видеотіркегішіне жазылған кадрларды жариялады.

Бейнежазбада тәртіп сақшыларының Volkswagen Passat көлігінің соңынан жүріп, жүргізушіден тоқтауды талап еткені көрінеді. Алайда жүргізуші полиция талабын орындамай, қозғалысын жалғастырған.

Қостанай қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны взводының командирі Айдарбек Әлсейітов жүргізушінің бағдаршамның тыйым салатын белгісіне өтіп, автобуспен соқтығысқанын растады.

Әзірге жүргізушінің полиция талабына не себепті бағынбағаны және оның бастапқыда қандай жол ережесін бұзғаны туралы толық мәлімет жарияланған жоқ. 

Полицияның ресми мәліметіне сәйкес, жол апаты кезінде қоғамдық көліктің салонында 55 жолаушы болған. Олардың екеуіне медициналық көмек оқиға орнында көрсетілген.

Ал Volkswagen Passat көлігіндегі жолаушы ауруханаға жатқызылған.

Дегенмен жергілікті «Наша Газета» басылымы Қостанай облыстық жедел медициналық жәрдем стансасына сілтеме жасап, жол апатынан кейін бес адамның ауруханаға жеткізілгенін хабарлады. сондай-ақ, жол-көлік оқиғасынан кейін Назарбаев даңғылы мен Алтынсарин көшесінің қиылысындағы қозғалыс уақытша тоқтатылған.  

Қостанай облыстық полиция департаменті Volkswagen Passat пен жолаушылар автобусының соқтығысуына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Құқық қорғау органдары жол апатына әкелген жағдайларды, жүргізушінің әрекеттерін және оқиғаның басқа да мән-жайларын анықтап жатыр.

Әзірге қылмыстық істің нақты қай бап бойынша тіркелгені, жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болған-болмағаны және оның полициядан не себепті қашқаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астана қаласының Сарыарқа ауданында орналасқан бес қабатты қонақүй-монша кешенінде өрт шықты. Оқиға...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Түркияның Стамбұл қаласында Қазақстанның 26 жастағы азаматы Айсұлу Бекмаханова қайғылы жағдайда көз...