«Бұрын бізге мінсіз ақпарат берілді»: Тоқаев ауылдарға бөлінген 173 млрд теңгенің нәтижесін тексеруді тапсырды

ақорда

ЖАҢАЛЫҚТАР
67

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл мен аграрлық секторды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды. Президент бір-бірін қайталайтын жобалардың көбейіп кеткенін сынға алды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. 

Президенттің айтуынша, бүгінде ауыл шаруашылығын дамытуға арналған «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игілік», «Сыбаға» және басқа да бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Алайда олардың нақты нәтижесі мен тиімділігіне назар аудару қажет.

«Соңғы жылдары ауыл шаруашылығына қатысты «аттары бөлек, бірақ заттары бірдей» бағдарламалар тым көп болып кеткен сияқты. Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек», – деді Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты Президент Үкіметке барлық бағдарламаны жан-жақты саралап, олардың мақсаттары мен міндеттерін нақтылауды тапсырды. Оның сөзінше, мемлекеттік қолдау шаруаларға түсінікті болып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етуі тиіс.

Сонымен қатар Тоқаев ауылдарды дамытуға бөлінген миллиардтаған қаржының нақты нәтижесін тексеру қажеттігін айтты.

Тиісті министрліктің мәліметінше, өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 500-ге жуық ауылда жалпы құны 173 миллиард теңге болатын 921 жоба жүзеге асырылған. Бұдан бөлек, 277 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылған.

Алайда Президент бұл көрсеткіштердің іс жүзіндегі нәтижесіне назар аударды.

«Себебі бұрын бәріміз адамдарды қуантатын «керемет, тіпті мінсіз» ақпаратты көп тыңдадық. Соның бәріне қуандық. Сосын дұрыс статистикалық мәлімет берілмеді деп сылтау тауып, мәселені «алыс сөреге» ысырып қоя салатын едік. Біз мұндай жағдайға жол бермеуіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын қолдауға арналған бағдарламалар нақты нәтиже беріп, мемлекеттік қаржы тиімді жұмсалуы қажет екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, басты мақсат – бағдарламалардың санын көбейту емес, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және аграрлық сектордың тұрақты дамуын қамтамасыз ету.

ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚазҰУ әкімшілігі полицияның мәлімдемесінен кейін студент қыздың ауруханаға түскенін растады. Бұған д...

Медицина

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерін...