Құқықтық саланың жаңғыру жолы

Жаңалықтар
1751


Еліміздің ілгері өркендеуіне кепіл болатын бес институттық реформаның ішіндегі: меншік құқығына кепілдік беретін, кәсіпкерлік қызмет келісім-шарттық міндеттемелерді қорғауға жағдай жасайтын, іс жүзінде экономиканың дамуына жол ашатын заңның үстемдікке ие болуы шарт. Осы орайда заң үстемдігіне тоқтала кеткен жөн. Құқықтың заңдылық пен адам құқықтары және оның бостандығы - мемлекет үшін басты құндылық болып, сол қағидатқа ешкімді бөліп-жармай, бағынуы деп танылуы тиіс. 



Конституциялық құқықтар арасындағы адам үшін ең маңыздысы ол – жеке меншік құқығы (Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-шы бабының 3-ші тармағы, 26-шы баптың 1-3 тармақтары). Адамның өндіріс құралдарына меншіктену құқығы болғанда ғана, ол бостандығы мен құқығы толыққанды сақталған азамат ретінде қаралады. 


Осындай келелі себептерге байланысты Елбасы Негізгі Заңымыздағы аталған меншік құқығы мен кәсіпкерлікке кепілдік беретін заң үстемдігін нығайтуды күн тәртібіне қойып отыр. Осы игі істі жүзеге асыруда сот жүйесінің рөлі айырықша екенін де баса ескертті. Конституция талабына сәйкес азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау сот тарапының міндеті. 

Осыған орай Елбасы сот саласындағы азды-кем кемшіліктерге де тоқталды. 

Сонымен қатар тың өзгерістерді ұсынды. Судьялықты көздеген арнайы магистрлық 2 жылдық білім алуды Мемлекеттік басқару академиясының құрамынан шығарып, Жоғарғы Соттың жанында жұмыс істеуі қажет деді. Магистранттар 2 жылдық білім беру мерзімімен қатар, сотта тағы 1 жылдық тағылымдама алып, ары қарай сотта 1 жылдық сынақ мерзімінен өтулері тиіс. Бұл бірден екі мәселенің түйінін шешер еді: 

1. Судьялар мамандандырылған жоғары білімді көмекшілер алады. 

2. Магистранттар өздеріне өте қажетті нақты сот тәжірибесін жинайды.

Сондай-ақ инвестициялық сот құрылымын жасау көзделген. Бұл елімізге инвестициялық қызығушылықты өсіретіні сөзсіз.

Транспарентті және есеп беруші мемлекет құру шеңберінде: халық тарапынан мемлекеттік қызметшілерге шағым түсіру жағына аса көңіл бөліп, туындаған мәселені жан-жақты шешуге әкімшілік соттар жүйесін қайта құру қажет. Яғни ондағы қаралып жатқан істерді жалпы соттарға тапсырып, әкімшілік соттардың қарауына мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметшілерге қатысты шағымдану сияқты дауларды қалтырмақ. 

Сот жүйесіне осындай өзгерістер енгізу арқылы азаматтар тарапынан түсіністік пен қолдау табылатынына мол сенім бар. Әсіресе соттарға деген елдің сенімі арта түсер еді.


З. Самалбекұлы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...