Christie's аукционында Леонардо да Винчи салған аю басының нобайы сатылды, деп хабарлайды &...
Сайрагүлдің ісі бойынша мен ұялатын мәселе жоқ – Абзал Құспан
Талдықорған қаласында өткен сот отырысы бойынша осы ФБ-і бірқатар ағайынның шынымен надандықтары ма, әлде әдейі жағдайды ушықтырғысы келе ме түсінбедім, Сайрагүлге босқын статусын бермегеніне Қазақстанның Үкіметі емес, адвокат Абзал Құспан кінәлі екен деген мәлімдеме таратуда екен. Ол туралы көптеген жолдастарым жекеме шығып жатқасын ғана білдім, әйтпесе кеше ғана Алматыдан Ақтөбеге сот процесіне келіп, бүгін Оралға шыққалы отырғам. Асығыстау болса да не жағдай екенін, елдің өсек-аяңынан емес, өз аузымнан естіңіздер.
Біріншіден, мен Сайрагүлді азаматтық іс бойынша қорғаудан бас тартқам жоқ, ол өзі менен бас тартты, ол оның құқығы (мені істі аяғына жеткізбей тастап кетті деушілер бар екен әлі).
Екіншіден, қылмыстық іс бойынша жыл бойына адвокат ретінде бастан-аяқ өзім қатысып өте жақсы нәтижемен аяқтадық. Әрине, көппен біткен іс болды, ол туралы Юубта менің «бір адвокатпен басталып, мың адвокатпен аяқталған іс болды» деген видеомда, ел аузында таралған сөзімде жүр (жалғыз оның еңбегі емес деушілерге).
Үшіншіден, кешегі Талдықорғанда қаралып жатқан іс, ол Сайрагүлге босқын статусын алып беру туралы азаматтық іс, бұл істі де қозғаған (әуелі Алматы облысы, кеін Республикалық көші-қон комитеттеріне, халықаралық ұйымдарға орысша, ағылшынша өтініштер, артынан сотқа талап арыз берген) мен. Себебі, Көші-қон комитеті біздің арыздарымызды қанағаттандырмады.
Яғни, бұл алдыңғы қылмыстық істен басқа, азаматтық сот өндірісі.
Енді кешегі сот отырысында Сайрагүлдің «анкетаны толтырған Абзал Құспан, ол Талдықорғандағы алғашқы комиссия отырысына қатынаспады» – деген сөздерін сан-саққа жүгіртіп жатқандарға орай түсіндіре кетейін;
Ия, анкетаны толтырған мен. Адвокаты мен толтырмағанда кім толтыруы керек? Не кириллицамен жаза алмайтын, не Қазақстанның заңдарын біле бермейтін Сайрагүл толтыруы керек пе? Одан соң ол анкета Сіз бен Біз толтырып жүрген бір-екі беттік дүние емес, қалыңдығы кірпіштей болатын өте ауқымды дүние. Менің өзім оны толтыруға бір емес, бірнеше күнімді арнадым, себебі сұрақтар топтамасы өте көп болды.
Шындығында жауапкер, Алматы облысы көші-қон комитетінің өкілі Әсем деген қыз баланың сотта айтқаны «Сайрагүлдің анкетада көрсеткен мәліметтері оған босқын статусын беруге жеткілікті негіз болып табылмады» – деді. Яғни, не Әсем, не Сайрагүл Абзал Сайрагүлдің атынан анкетаны қате толтырыпты, жалған мәліметтер көрсетіпті деген жоқ!
Осы жерде түсінікті болуы үшін айта кетейін, қолданыстағы заңнамада әрі қалыптасқан тәжірибеде босқын адам шекарадан өтер алды өзін босқын деп тануды сұрайды. Яғни мәлімдеме шекарада тұрып жасалады, ал біздің жағдайда Сайрагүл шекарадан өткен соң екі ай шамасында «шекараны заңсыз кесіп өту» фактісі бойынша шекара қызметімен ұсталады. Одан кейін бүкіл Қазақстан шулап, артынан мен қамалғанына оншақты күн өткеннен кейін адвокат боламын. Бірақ, іске кіріспей, Сайрагүлді көрмей тұрып (!) мен оған босқын статусын беру туралы арыз жазып тастаймын. Енді осы туралы анкетада сұрақ бар, «шекарада жасады ма мәлімдеме әлде кейін бе» деп келетін. Мен сол жерге өтірік жазып қоюым керек пе еді, сонда? Бірақ комиссияға да, Үкімет атына да, халықаралық ұйымдарға да, хаттармен толықтырдым, онда тек анкетамен шектеліп қалмай қосымша мән-жайларды да ескеру қажеттігін сұрадым.
Комиссия отырысына алдын-ала ескертпей, аяқ-астынан шақыртты. Нәтижесінде, мен жетіп үлгере алмайтын болдым, звондаған адам «бәрібір отказ бергелі жатыр» -деді. Ол рас. Мен сол комиссия отырысы болғанның артынша «Азаттыққа» сұхбат беріп, сол жерде бүкіл проблеманы елдің алдына жайып салғам, оның ішінде мені алдын-ала шақыртпағанын да басып айтқам. Сонда бұл жерде менің кінәм қандай? Сайрагүлдің құқығын бұзып отырған мен бе, комиссия ма?
Менің жалпы Сайрагүлге қатысты қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазған хаттарым 100-ге жуықтайды екен, егер Сізге шынымен Сайрагүл мәселесі қызық болса немесе оның тағдырына алаңдасаңыз, өсек-аяңға ермей менің өзіме тікелей сұрақтар қоюларыңызды сұраймын. Басқа-басқа бірақ, Сайрагүлдің ісі бойынша мен ұялатын, мен қызаратын мәселе жоқ, оны кесіп айта аламын!
Енді сұрақ, Сайрагүлге босқын статусын бермегеніне билік те емес, Қытай да емес, басқа да емес Абзал Құспан кінәлі екен деген версия кімге тиімді? Қалай ойлайсыздар?
Абзал Құспан,