Журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желіде ұшақ апатына қатысты ойын айтты, деп хабарлайды madenipor...
«Сахнаны тастап, саясатқа неге келді?»: Тамара Асар жауап берді
ашық дереккөз
Соңғы уақытта әнші Тамара Асарға «Саясатқа неге келдіңіз?», «Сахнаны саясатқа неге ауыстырдыңыз?» деген сауалдар жиі қойылып жүр. Өнер иесі бұл сұрақтарға әлеуметтік желідегі жазбасында жауап беріп, саясатқа келуін өмір жолымен және өзі жақсы білетін әлеуметтік мәселелермен байланыстырды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Тамара Асардың айтуынша, оны сахнаға да, саясатқа да өмірдің өзі алып келген.
«Менің өмірімде сахна да бар, өнер де бар, салт-дәстүр де, білім де, ғылым да, еңбек те бар. Жеткен жеңістер де, жеңілістер де, қиын кезеңдер де болды», — дейді әнші.
Ол өз өміріндегі ең үлкен сынақтардың бірі — аяқтан айырылғаннан кейін қайта жүруді үйренуі болғанын атап өтті.
«Тәнімнің жеңісі — жұлынған аяқтың, жаңқа сүйегінен қан сорғалап тұрса да, протезбен қайта жүру болды!» — деп жазды Тамара Асар.
Ал оның айтуынша, жан жеңісі — сол қиындықтарға қарамастан сахнаға қайта шығып, ән айту және өнері арқылы өзгелерге қуаныш сыйлау.
Тамара Асар инклюзия, оңалту және протездеу мәселелерін сырттай бақылап қана қоймай, осы бағыттағы жұмыстарға белсенді араласуға шешім қабылдағанын жеткізді.
«“Инклюзия, оңалту, протездеу” деген ұғымдармен өте жақын таныс болғандықтан, адамның денсаулығы, оның қалпына келуі, қоғамға қайта оралуы, білім алуы, еңбек етуі, өз әлеуетін жүзеге асыруы сияқты мәселелерді сырттай бақылауды доғарып, оған өзім сияқтылар үшін етене араласуды шештім», — дейді ол.
Өнер иесі протездік жүйенің адам өміріне қаншалықты әсер ететінін өз тәжірибесінен жақсы білетінін айтып, бұл мәселені кеңінен көтергісі келетінін жеткізді.
Қазір оның басты мақсаты — халықпен кездесіп, азаматтардың мәселесін тыңдау, сала мамандарымен сөйлесу, қолданыстағы жүйені жан-жақты түсіну және жинақталған тәжірибені нақты іске айналдыру.
«Өйткені мен үшін саясат — мансап емес. Саясат — жауапкершілік», — деп түйіндеді Тамара Асар.
Әнші өзінің бұл ұстанымдары туралы сайлауалды кезеңде берген сұхбаттарында толық жауап айтқанын да атап өтті.