СҚО-дағы суы шипалы Меңгесер көлі несімен қауіпті

Фото: Kazinform

ЖАҢАЛЫҚТАР
86

Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданындағы Меңкесер көлінде бір айда демалуға барған екі адамның қайтыс болуы көпшіліктің алаңдаушылығын туғызды. Екеуі де суға түскеннен кейін өздерін жайсыз сезінген, деп хабарлайды MadeniPortal.kz kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап. 

Осы оқиғалардан кейін Kazinform тілшісі дәрігерлер мен құзырлы органдардан тұзды көлдің адам денсаулығына әсері, судың сапасы және қауіпсіз демалу ережелері туралы сұрап білді.

Суының шипасы бар Меңгесер көліне жаз уақытында өңір тұрғындары ғана емес, көрші облыстардан, Ресейден де арнайы келеді. Бірақ көпшілік тұзды көлдің суы белгілі бір деңгейде емдік қасиетке ие болғанымен, ол ағзаға айтарлықтай салмақ түсіретіндігін ескере бермейді.

Айыртау аудандық ауруханасы директорының орынбасары Марина Куанованың айтуынша, судағы минералдардың жоғары мөлшері ағзаға пайдалы әсер етуі мүмкін. Алайда мұндай су жүрек-қантамырлар жүйесі мен теріге қосымша жүктеме түсіретінін ұмытпаған жөн. Демалыс ең алдымен қауіпсіз болуы тиіс.

Созылмалы жүрек-қантамырлар, бүйрек аурулары немесе басқа да ауыр сырқаттары бар адамдар тұзды көлге бармас бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңескені дұрыс. Тұзды суда 10-15 минут болып, үзіліс жасап отырған жөн. Судан шыққаннан кейін денеге жабысқан тұзды міндетті түрде тұщы сумен шайып тастау қажет. Ыстық күндері ағза сұйықтықты көп жоғалтатындықтан, жеткілікті мөлшерде су ішу де маңызды, — дейді дәрігер.

Маман сондай-ақ, ыстық ауа райында күннің астында ұзақ уақыт жүрмеуге, күннен қорғайтын крем қолданып, бас киім киюге кеңес береді.

Тұзды көлге ауырып тұрып, яғни дене қызуы көтерілген, жіті жұқпалы ауруға шалдыққан, ашық жарақаты немесе күйігі бар адамдар, жүрек жеткіліксіздігі, бақыланбайтын артериялық гипертония, ауыр бүйрек жеткіліксіздігі, созылмалы тері аурулары асқынған адамдарға түсуге болмайды. Жүктілігі ауыр өтіп жатқан әйелдерге де тұзды суға кірмес бұрын алдымен дәрігердің кеңесін алған жөн. Ал қарсы көрсетілім болмаған жағдайда тұзды көлге шомылу денсаулыққа оң әсер етуі мүмкін. Минералды тұздар ағзаны босаңсытады. Созылмалы тері аурулары асқынбаған кезеңде терінің жағдайына оң әсер етуі мүмкін және тірек-қимыл аппаратының кейбір аурулары бар науқастарды кешенді оңалтуда қолданылады. Дегенмен тұзды көлге шомылу медициналық емнің баламасы емес екенін және дәрігер тағайындаған емді алмастырмайтынын ұмытпаған жөн, — дейді Марина Куанова.

Қауіпсіз демалудың ең басты қағидасы — шектен шықпау. Дәрігердің айтуынша, суда ұзақ уақыт болуға, күннің астында қатты қыздырынуға, алкогольдік ішімдік ішуге немесе өз мүмкіндігіңізді асыра бағалауға болмайды. Егер бас айналу, әлсіздік, жүрек қағу немесе тыныс алудың қиындауы сияқты белгілер байқалса, бірден судан шығып, көлеңкеге барып, көбірек су ішіп, қажет болған жағдайда медициналық көмекке жүгіну керек.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, Меңгесер көлінен жыл сайын шомылу маусымы басталар алдында су сынамалары алынады. Биыл маусым айында жүргізілген санитариялық-химиялық, микробиологиялық және паразитологиялық зерттеулердің нәтижелері бойынша көл суы қолданыстағы санитариялық талаптарға сәйкес келген.

Дегенмен мамандар көл суының минералдылығы өте жоғары екенін еске салады.
Ал СҚО экология департаменті Меңгесер көлінде судың, түпкі шөгінділердің, топырақтың немесе атмосфералық ауаның сапасына қатысты зерттеулер жүргізілмегенін хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, бұл көл мемлекеттік экологиялық бақылау объектілерінің қатарына кірмейтіндіктен, жоспарлы мониторинг жүргізу олардың құзыретіне жатпайды.

Сондықтан департаментте көл суының сапасы немесе ластаушы заттардың шекті мөлшерден асуы туралы мәлімет жоқ. Сонымен қатар соңғы үш жыл ішінде Меңгесер көлінде балықтың, құстардың немесе басқа да жануарлардың жаппай қырылуына қатысты ақпарат тіркелмеген. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген әлемдік DIMENSIONS туры аясында Перуде концерт береді, деп хабар...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Полицияға тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінде қатты шу болып жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға ор...