Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасы Президенті туралы»...
Атырауда бір жасар баланы ұрған балабақша тәрбиешісінің бұрын сотталғаны анықталды
ашық дереккөз
Атыраудағы жекеменшік балабақшада баланы ұрып-соғу ісіне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Зардап шеккен баланың ата-анасы тәрбиешінің бұған дейін де жауапкершілікке тартылғанын анықтаған, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Балабақша басшылығы 27 жастағы тәрбиешінің бұрын сотталғанын растады. Алайда оның қандай бап бойынша сотталғаны айтылмады.
Директордың айтуынша, жұмысқа қабылданған кезде қызметкер соттылығы жоқ екені туралы анықтама ұсынған. Алайда құжаттың 2025 жылы берілгеніне ешкім мән бермеген.
«Бұған дейін тәрбиешінің мұндай әрекетін байқамадық. Ол бізде екі ай жұмыс істеді. Әйел соттылығы жоқ екені туралы анықтама ұсынды. Бірақ, белгілі болғандай, біз қателік жібергенбіз. Бізге 2025 жылғы құжат әкелінген. Оны қарап шығып, анықтама бар екен, демек бәрі дұрыс деп ойладық. Құжаттың берілген күніне мән бермеппіз», – деді жекеменшік балабақшаның директоры Нағима Аманкосова.
Жекеменшік балабақша осыдан үш ай бұрын ашылған. Қазір онда 24 бала тәрбиеленіп жатыр. Зардап шеккен баланың ата-анасы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген мекеме басшылығы да жауапкершілікке тартылуы керек деп санайды.
Бұған дейін біз Атыраудағы жекеменшік балабақшада бір жарым жастағы балаға тәрбиешінің қатыгездік көрсеткен болуы мүмкін деген күдік туғанын жазған болатынбыз. Бейнебақылау камераларындағы жазбадан тәрбиешінің баланы қолынан дөрекі тартып сүйрегені, құлағынан тартқаны және күшпен ұйықтатуға тырысқаны көрінеді. Баланың денесінен көгерген жерлер анықталғаннан кейін отбасы полицияға жүгінген.
Полиция кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тәрбиеші тергеуде.
«Қазіргі уақытта тергеу амалдарының кешені жүргізіліп жатыр. Оқиғаға қатысы бар барлық тұлға полиция бөлімшесіне жеткізілді», – деді Атырау облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Әділбек Қозыбеков.
Полиция өкілдері тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейтінін айтты.