Сәби суықтан көз жұмған: Семейдегі қайғылы оқиғаға қатысты сот үкімі күшіне енді

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
72

Семейде жаңа туған нәрестесін қоқыс жәшігіне тастап, өліміне себеп болған бұрынғы полиция қызметкеріне қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылса, сәбидің анасы рақымшылық негізінде жазасын өтеуден босатылды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Абай облысының прокуратурасы таратқан мәліметке сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға биыл ақпан айында Семей қаласында болған. Ломоносов көшесіндегі қоқыс жәшігінен өтіп бара жатқан тұрғын сүлгіге оралған нәрестенің денесін тауып алған.

Тергеу барысында сәбидің ата-анасы полиция қызметкерлері болғаны анықталды. 20 жастағы әйел үйінде босанып, нәрестені әкесіне берген. Ал патрульдік полиция инспекторы болып жұмыс істеген ер адам баланы қоқыс жәшігіне тастап кеткен.  Сәбидің анасы баланың өлі туғанын айтқан. Алайда сот-медициналық сараптама нәрестенің тірі әрі айы-күні жетіп туғанын және суықтан көз жұмғанын анықтаған.

Қазан айында сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі (жас баланы өлтіру) бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды.

Ал әйел Қылмыстық кодекстің 100-бабы (жаңа туған баланы анасының өлтіруі) бойынша екі жылға сотталғанымен, рақымшылық негізінде жазасын өтеуден босатылды.

Сонымен қатар сот шешімімен бұрынғы полиция қызметкерлерінің екеуі де арнаулы шендерінен айырылды.

Абай облысының прокуратурасы сот үкімінің заңды күшіне енгенін хабарлады.