Дональд Трамп Владимир Путинмен кездесуден кейін Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон ар...
«Тойдың сәні қымбат әншіде емес»: Бас мүфти қазақ тойларына қатысты мәлімдеме жасады
ҚМДБ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақ тойларындағы орынсыз шығын, бәсекелестік пен әдепке жат ойындар мәселесін көтерді. Ол той иелері мен асабаларды ұлттық дәстүр мен тәрбиеге басымдық беруге шақырды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астанада «Ислам және адал қоғам» жылы аясында «Той – бабалар дәстүрі мен тағылымы» атты рухани кездесу өтті. Жиынға Бас мүфти, қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп, журналист Зейін Әліпбек және елордалық асабалар қатысты.
Кездесуде қазақ тойларындағы аста-төк дастарқан, қымбатшылықпен мақтану, бір-бірінен асып түсуге ұмтылу және әдепсіз ойындар мәселесі талқыланды.
«Ислам дінін ғасырлар бойы ұстанған ата-бабаларымыз той жасағанда ең алдымен ағайынның басын қосып, бата алуға, үлкеннің ақ тілегіне, жастардың тәрбиесіне мән берген. Тойдың сәні қымбат әншіде немесе шектен шыққан безендіруде емес, елдің бірлігі мен ақ дастарқанда болған», – деді Бас мүфти.
Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, той тек көңіл көтеретін жиын емес, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тәрбиелік орта болуы тиіс.
Ол асабалардың жауапкершілігіне де ерекше тоқталды. Бас мүфти той жүргізушілерін әдепсіз ойындардан бас тартып, мерекелік бағдарламаның мазмұнына мән беруге шақырды.
«Той тек көңіл көтеретін жиын емес, ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін, дін мен дәстүр құндылықтарын бойына сіңіретін маңызды сәттің бірі. Тойда жастар үлкенді сыйлауды, туыстық қатынасты, ізеттілікті, бата алуды, ұлттық салт-дәстүрді көреді. Сондықтан тойдың бағдарламасы да тәрбиелік мазмұнда болғаны абзал», – деді ол.
Кездесу соңында асабалар да той мәдениетін жақсартуға қатысты ұсыныстарын білдірді.