Ұлт руханиятына ғұмырын арнаған Тұңғышбай Мұқан 80 жасқа толды

автордан

ЖАҢАЛЫҚТАР
21

«Неменеге жетістің, бала батыр, қариялар азайып бара жатыр», – деп мұзбалақ ақын Мұқағали айтқандай, күн өткен сайын елдің жадын, жердің шежіресін, ұлттың рухани тамырын бойына сақтаған қазыналы қарттардың қатары сиреп барады. Сол сирек тұлғалардың бірі – саналы ғұмырын қазақ руханиятына, өлке тарихын түгендеуге, Алаш мұрасын ұлықтауға арнаған белгілі өлкетанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұңғышбай Мұқан. Биыл сексеннің сеңгіріне сергек көтерілген қайраткердің «Тынымсыз ғұмырым» атты мерейтойлық кеші Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде өтті, деп хабарлады MadeniPortal.kz ortalyq.kz-ке сілтеме жасап.

Алқалы жиынға жиналған жұрт­тың қарасы қалың еді. Кеш шымылдығын мерейтой иесінің өзі аяғынан тік тұрғызып, өнер өрісіне жол ашқан «Тоқырауын толқындары» ансамблі ашты. Ән әуелеп, күй күмбірлеген сәттен-ақ зал ішін ерекше бір жылылық, сағыныш пен құрмет сезімі кернеді.

Мерейтойлық жиында Тұң­ғышбай Мұқанның жерлес қарындасы, ақын, Халықаралық Түркі дүниесі «Көкбөрі» сыйлығының иегері, Астана қаласының Құрметті азаматы Ардақ Игенова ағасына арналған арнау өлеңін оқыды. Кештің келесі бөлігінде көп­шілік Тұңғышбай Мұқанның өмір жолына арналған «Тынымсыз ғұ­мырым» атты деректі фильмді тамашалады.

Бір жарым сағатқа созылған фильмде кейіпкердің балалық шағынан бастап, елдік істерге араласқан кезеңдері, өлкетану саласындағы еңбегі, Әлихан Бөкейхан мұрасын насихаттау жолындағы қажырлы қызметі кеңінен қамтылды. Кештің Әлихан Бөкейхан ауданында өтуінің де өзіндік мәні бар. Өйткені, Тұңғышбай Мұқан – бар ғұмырында Әлихан рухының шырақшысы болып, ұлт көсемінің есімін ұлықтауды азаматтық парыз санаған тұлға. Мерейтой иесіне өзге де сән-салтанаты жарасқан мәдениет ошақтарында кеш өткізу жөнінде ұсыныстар түскенімен, өзі көңілі қалаған орын – осы аудан болыпты. Деректі фильмнен кейін құттықтау легі басталды.

Алғаш бо­лып облыс әкімінің орынбаса­ры Әлібек Әлденей Мемлекеттік ке­ңесші Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар, облыс әкімдігі атынан мерейтой иесіне сый-сияпат табыстап, ізгі тілегін жеткізді.

"Ұлт руханиятына қосқан үле­сіңіз лайықты бағаланып, күні кеше жоғары марапатқа ие болдыңыз. Өлке тарихын түгендеу, ел жадын жаңғырту, ұлт тұлғаларын ұлықтау жолындағы өнегелі еңбегіңіз Арқа жұртымен қатар, күллі елге ортақ игілікке айналды. Сіз Алаш арыстарының рухани мұрасын насихаттауда, әсіресе, Әлихан Бөкейхан есімін ел санасына орнықтыруда айрықша еңбек сіңірдіңіз. Бұл – бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес, тұтас ғұмырлық ұстанымның жемісі", – деді Әлібек Үсенұлы. 

Бұдан кейін облыстық мәслихаттың депутаты, «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы, партия төрағасы Ерлан Қошанов­тың, сондай-ақ, облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов­тың құттықтауын жеткізді. Өз кезегінде Бекзат Қомарұлы да мерейтой иесіне жүрекжарды лебізін білдірді.

"Ақылы асып, елдің ақсақалы бола білген, даналығымен абыз деген құрметке бөленген ағамыз­бен бір дәуірде, бір уақытта замандас болудың өзі – үлкен бақыт. Адамның алдында бағыт берер жақсы ағасы, арқа сүйер ақсақалы болса, оның келешекке сенімі де нық болады. Алғаш қызметке келген күндерімнен бастап ағамыз ақылын айтып, жол көрсетіп, жөн сілтеп келеді. Өмір жолымыздың бір кезеңде тоғысып, елдік істерде қатар өрілуі – мен үшін үлкен тағылым", – деді Бекзат Қомарұлы. 

ҚР Парламенті Мәжілісінің де­путаты Құдайберген Бексұлтанов та мерейтой иесін құттықтап, ізгі тілегін арнады. Сонымен бірге, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің де құттықтауын жет­кізді. Мерейтой барысында «Ақ жол» партиясының атынан Тұң­ғышбай Мұқанға «Еңбегім елі­ме» медалі табысталды.

Сондай-ақ, «Қазақ газеттері» ЖШС директоры, академик Дихан Қамзабекұлының құттықтау хатын оның орынбасары Қамбар Ахмет табыстады. Этнограф, тарихшы, журналист Төрехан Майбас та мерейтой иесіне ақжарма тілегін арнап, Тұңғышбай Мұқанның руханияттағы, тарих пен таным кеңістігіндегі еңбегін жоғары бағалады. Кеш соңында сөз алған Тұң­ғышбай Мұқан жиналған жұрт­шы­лыққа, тілеулес ағайынға, өнер­паздарға, ұйымдастырушылар­ға ал­ғысын білдірді.

"Менің бар айтарым – әрбіріңіздің жүректеріңізде. Дүрбе­лең дәуірде, атойлы ғасырда, сын­дарлы тағдырда тынымсыз бо­лыңыздар. Жалынды жастардың көзі ашылып, көкірегі кеңейіп ке­леді. Бізден бұрынғы буынның да, бүгінгі біздің қатардың да арман-мұратының орындалғаны. Ел­ге қызмет ету – адам ғұмырының ең үлкен мәні. Сол жолда әрқайсыңыздың еңбектеріңіз жана берсін", – деді мерейтой иесі.

 

 Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН, «Ortalyq Qazaqstan»

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстандағы аралас жекпе-жектің ең танымал өкілдерінің бірі Еркебұлан Тоқтар келесі жекпе-жегін по...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауырж...