Жаңақорған ауданындағы музей жәдігерлеріне қауіп төніп тұр

Жаңалықтар
1732

Қызылорда облысының Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану мұражайындағы кейбір жәдігерлер бүліне бастаған. 

Себебі тарихи құнды мұраларды жинақтап, насихаттаушы бірден-бір мекеменің ғимараты талапқа сай емес. Мамандар музейге арнап уақыт талабына сай... ғимарат салуды ұсынып отыр. 

Рахима Әбсаттарова Жаңақорғандағы жалғыз музейдің негізін қалаған жандардың бірі. Кезінде ауыл-аймақты аралап, құнды жәдігерлерді жинақтап, халқымыздың өткені мен бүгінін сабақтауға үлес қосты. Бүгінде қор сақтаушы болып қызмет атқаратын ол енді 1 жылдан кейін зейнеттік демалысқа шықпақ. Алайда оның жас ұрпақты рухани кемелдендіру жолындағы армандары көп. 

Рахима Әбсаттарова, музейдің қор сақтаушысы:

 - Мысалы, соғысқа қатысқан кісілерге бір зал істесек, ол нұр үстіне нұр болар еді. Мысалы, бізде этнография залы жоқ. Этнография залын қойсақ орынды. Өйткені қазақтың салт-дәстүрі күбі, келі, қараша үй, асадалдарды сол этнография залына қойсақ. Өйткені оқушылар соған қызығады.

Бұл нысан кезінде аудармашылар дайындайтын орыс-қазақ мектебі үшін 1904 жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмепті. Аудандық музейге бұл ғимараттың тек 236 шаршы метрі ғана бұйырған. Қалған бөлігі басқа мекеменің еншісінде. 

Нұрлан Жақыпбеков, тіліш:

 - Мына аядай ғана қоймада 10 мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Мына сөрелерде құнды жәдігерлер шаң басып тұр. Мәселен мына қыш құмыраның сынығы Сығанақ қалашығының орнынан қазылып алынған екен. 1967 жылы аудандық халық театрының ең алғашқы қойылымында пайдаланылған дулыға да осы жерде сақтаулы. Музей қызметкерлері осындай тарихи байлығымыз қоймада шіріп, жойылып кете ма деп қауіптенеді.

10 мыңға жуық экспонаттың тек 747-сі ғана экспозицияға қойылып, қалған бөлігі қоймада шаң басып жатыр. Қор бөлмесінің де аумағы өте тар. Бар-жоғы 19 шаршы метр. Оның бір бөлігіне ғимаратты жылытатын пеш орнатылған. Метал, тоқыма бұйымдар мен қағаз құжаттарды тиісті талапқа сай сақтау мүмкін емес. 

Нәбихан Шалапов, Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

 - Температуралық талабына байланысты, ылғалдылығының сәйкестілігіне байланысты бөлек-бөлек болып тұру керек. Бірақ біздің осы уақытқа дейін қолмен жинаған экспонаттарымыз кейбіреулері бүлінуде. 6 кісі директормен қосылып бір тар бөлмеде отырамыз. От жағушы бөлмесі тағы да сол қормен қатар тұр. Қордың іші 19 шаршы метр.

Ал жауапты сала мамандары Жаңақорғанға жаңа музей салу үшін тиісті құжаттамалық жұмыстар қолға алынғанын мәлімдеді. 

Ержан Жеткерұлы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары:

 - Жаңақорған аудандық тарихи өлкетану музейінің құрылысы тізбеге енгізілді. Енді осы 2019-2020 жылдарға осы аталған аудандық тарихи өлкетану музейлерінің жобалық сметалық құжаттамаларын әзірлеуге тиісті басқармаларға бюджеттік өтінім берілді.

Аудан орталығында болашақ жаңа музейдің жер телімі де бөлінген.Қаржы қаралса, құрылысы да басталуы мүмкін. Нақты қашан екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Ал музей қызметкерлері «қараңғы қоймалардағы құнды мұралардың жарыққа шығар күні туса» дейді. 

Авторлары: 

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...