Жол апаты бүгін таңертең Алматының Медеу ауданындағы Зенков көшесінде болды, деп хабарлайды MadeniPo...
«Жарысқа аяқ киімін тексеріп жіберген»: Федерация алтыннан айырылған Ясмина Тоқсанбаеваны қорғады
жеңіл атлетика федерациясы
Қазақстанның Жеңіл атлетика федерациясы Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында алтын жүлдеден айырылған Ясмина Тоқсанбаеваға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Федерация қабылданған шешімге наразылық білдіріп, тиісті шағым жолдағанын хабарлады, деп жазды MadeniPortal.kz.
Ясмина Тоқсанбаева спорттық жүрістен марафондық қашықтықта 42,195 шақырымды 3 сағат 22 минут 20 секундта жүріп өтіп, мәреге бірінші келген болатын. Алайда жарыстан кейін қазақстандық спортшының аяқ киіміне қатысты наразылық берілді.
Федерация мәліметінше, World Athletics ұйымының жарыста қолдануға рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде ASICS бренді бар. Алайда Тоқсанбаева киген аяқ киімнің нақты моделі аталған тізімнен табылмаған.
Сонымен бірге федерация маңызды жайтқа назар аударды: Ясминаның аяқ киімі жарыс басталғанға дейін тексеріліп, спортшыға сол аяқ киіммен жарысқа қатысуға рұқсат берілген.
Осыған байланысты Қазақстанның Жеңіл атлетика федерациясы қабылданған шешімге наразылық білдіріп, шағым түсірген. Ұйым спортшының құқықтары мен мүддесін қорғауды жалғастыратынын мәлімдеді.
Федерация бұл жағдайдағы өз жауапкершілігін де жоққа шығармайтынын атап өтті. Ұйымның мәлімдеуінше, спортшының дайындығымен қатар халықаралық жарыстардағы регламенттер мен техникалық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету және спортшылардың мүддесін қорғау маңызды.
«Біз үшін Ясмина – чемпион. Федерация оны қолдауды жалғастырады. Біздің жіберген шағымымыз бен наразылығымыздың нәтижесіне қарамастан, чемпионға тиесілі барлық сыйақы Федерацияның өз қаражаты есебінен толық көлемде төленеді», – делінген ресми мәлімдемеде.
Федерация Ясмина Тоқсанбаеваның оқу-жаттығу процесі, медициналық-биологиялық сүйемелдеуі және жарысқа дайындығы толық қамтамасыз етілгенін де жеткізді. Ұйым спортшының мәреге бірінші жетіп, чемпиондық нәтиже көрсеткенін ерекше атап өтті.