Жеңіс Кәкенұлы. Өнер мен ғылым симбиозы
Фотосуреттерді автор ұсынды
Әу баста тозаңнан да кіші материя бір мезетте жарылып, бүкіл дүние пайда бола салғаны, миллиметрден де ұсақ нәрсенің, әп-сәтте триллион есеге ұлғайып, ғайыптан материалдық һәм рухани субстанцияға айнала кеткені миға сыймайды емес пе?!. Осыдан келіп, мені «Адамзат және Әлем» дейтін екі үлкен тақырып айналдыратын да толғандыратын болды.
Сәкен Нарынов
Бала күнімізде көктем соңына қарай балапандарын ұшырып қырға шыққан өте көп, мыңдаған қараторғайларға зау биіктен қаршыға келіп шүйлетінін қызықтап, мойнымыз талғанша аспанға қараушы едік. Сонда жандары сауғаға түскен бейшара торғайлар әуеде топтанып, біртұтас организм сияқтанып, жыйнала бірігіп, бір-бірімен еш соқтығыспай, ауада асқан жылдамдықпен қозғалатын. Шұғыл маневрлер жасап, түрлі бағытта болжалсыз тез бұрылып, биіктік пен ажал ара қашықтығын сәтте өзгертетін. Өздерін жыртқыш құс іліп түспесі үшін неше түрлі әдіске салып, қанатты ажалдан заматта жалтарып, сәтте бағытын өзгерітіп, бірде шұбатыла, бірде тығыздала топталып, торланып, іле шашырып, лезде қайта бірігіп, жарыққа қанаттары шағылысып, ерсілі-қарсылы да жоғары да төмен самғайтын 1.
Сол баяғы көрініс сәулетші де суретші Сәкен Нарыновтың да сан мың орам болат сымтемірлерді иіп-бүгіп, торлап, орап та ширатып, бірде ұлғайта шеңбірек атқызып, бірде жүдете сымпитып, аса дәлдікпен дәнекерлеп, үдемелетіп әкете беретін, шытырман спиральді (бейне бір кеңістікте, тартылыстан тыс салмақсыздықтағы, көз арбайтын сыйқырлы пішіндегі) таңғажайып жұмыстырын еске түсіреді.

Ол кісінің күллі жұмыстары келе салып, көре сала, түсіне қалатыннан емес, ішіне жұмбағын жасырып, сырын бүгіп тұратын құпияның қатарынан. Назарыңызға қойған шығармасын жанынан қарасаңыз – бір түрлі, ту сыртынан қарсаңыз – бір түрлі, үстінен қарасаңыз – мың түрлі. Күллі шығармасын көз алдыңыздан өткізсеңіз – олар астрофизикадан космологияға бір-ақ кететін, молекуладан галактикаға бір-ақ секіретін, енетін есігі жоқ лабираинт, кіретін де шығатын да саңылауы жоқ тоннелге айналады. Қарапайым ғана тор мен цилиндр, сфера мен эллипс қиындай беріп, көбейе беріп, бұратыла-шумақталып іле-шала өсіп дами тарқатылып та кетеді. Сығылмалы созылмалы, иілмелі үйірмелі, шым-шытырық болса дағы қатаң логика мен арифметикалық әдістер арқасында шығандай маңып кетеді.
Йә, Сәкен Нарынов ғарыштық масштабта армандай да ойлай алатын, ойлап тапқандарын іске асыру жолын дөп білетін көпқырлы бірегей талант тұғын. Шәкірттеріне Барокконың күрделі иірімдерін, жарық пен көлеңкенің мың сан құбылған перспективасын шаршы қағаз бетіне түсіртіп, оларға тек сызуды ғана емес, өмірдің өзін трафаретсіз, кең ауқымда сезінуді үйреткен ұстаз да болатын. Өмір ырғағын, оның соғып тұрған тамырын, әу бастағы екпіні мен тап осы сәттегі самалын сезе қойғыш, бір жұмысы келесі жұмысын қайталамайтын үнемі жаңа, әмсе таңғажайып жан еді. Өнер мен ғылым шегінде жүріп, Леонардо да Винчи іспетті әрі өнертапқыш, әрі суретші бола білді. Микеланджелоның ісін жалғады. Мауриц Эшер, Ле Корбюзье, Антонио Гаудимен рухтас та болды.

Сәкен Жомартұлы — нағыз футуролог-сәулетші еді. Оның «Кеңістік лабиринттері», «Уақыт дөңгелегі» мен «Мөбиус таспасы» негізіндегі туындылары жай ғана мүсіндер емес, шын мәнінде үлкен ғимараттардың, павильондар мен қоғамдық кеңістіктердің прототипі болатын. Және ол кісінің басты арманы — қала сәулетін «жансыз қораптардан» арылтып, оған «тірі ағзаның» кейпін беру де болатын.
Біз ғұмыр кешіп отырған уақыттағы әлемді таңғалдырып отырған Дубайдағы «Болашақ мұражайы» немесе Бакудегі «Гейдар Алиев орталығы» сияқты жанды ғимараттар – сол Нарыновтың армандарының заманауи жаңғырығы іспеттес. Қазіргі инженерияның шыңы саналатын BIM технологиясы, күннің бағытына қарай иіліп-жазылатын «ақылды фасадтар» мен стадиондардың кинетикалық шатырлары – Сәкен Нарыновтың ұлы аңсарын бір сәтке тапқандай болады.

Сәулетшінің ойлау жүйесі әмбебап, біздің қоғам стандартына бейімделмейтін, терең де кең, биік те... ешбір өлшемге келмейтін оқыс та болатын. Ұшы-қиырсыз білімді, ойлап тапқандарын іске асыра білген санаулы жолы болған жандардың қатарынан еді. Өндіріс дизайны, қолданбалы геометрия дейсіз бе, сәулет, экологиялық жинамалы баспаналар, киіз үйді жобалау жұмыстарында қисап болмайтын. Әлемнің ең үздік 20 жобасына шығармасы енген қазақтан шықаққан дарын еді.

***
Нарынов шығармашылығының мән-жайын ашып беретін математиканың топология саласы, яғни, дененің беті мен болмысының созылған, жиырылған, бүгілген иілген кезіндегі, үздіксіз деформациялар шағында өзгеріссіз қалатын қасиеттерін зерттеу ілімі. Сәкен Нарынов осынау ілім арқылы «Қазақ бөтелкесін» өмірге әкелді. Іші сырты деп бөлінбейтін, шекарасыз үш өлшемді модель Клейн ыдысын жетілдірді. «Көртышқанның іні», «Кеңістікті жаймалау», «Аққу А. Галактика моделі», «Параллель әлемдер», «Төртінші өлшемдегі тор», «Төрт қырлы түйін», «Бір жанның төр ғұмыры», «Әлемді микроскоп пен телескоп арқылы қарағандағы кесіндісі» секілді (ұғу тұрмақ тақырыбының өзін ежіктеп оқу қиын) көптеген күрделі де қарапайым еңбектерін өмірге әкелді. Үзіксіз тұйық таспа Мөбиусті сонау әлем жаратылғалы бергі бізге жеткен музыкаға шенеді. Қазақ сазы мен күйлерінен көшпенділердің ұлы даласын, аса зор ауқымын сезініп, ата-бабаларымыздың уақыт пен кеңістікте бір сәт қатар ғұмыр кешкенін айтып отыратын.
Оруэлл айтады екен, «Соғыс дегеніміз – бейбітшілік» деп. «Менің білетінім – менің еш нәрсе білмейтінім» дейді екен Сократ. «Тор дегеніміз ертең ұшып келіп, бүгін жұмыртқалап, кеше сол жұмыртқаны жарып шыққан құс», – дейді Нарынов, ғылымның заманауи жетістіктерін назарға алып отырып.

***
Өткен ғасырда Абай ата,
Дүние - үлкен көл,
Замана - соққан жел,
Алдыңғы толқын - ағалар,
Артқы толқын - інілер,
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер, – деп жазса, Сәкен Нарыновтың да шығармашылық болмысы, суретшілік негізі, осынау астарлы да көп мағыналы өлең жолдарымен салалас. Күллі еңбектері нүкте мен шексіздіктің, оң мен терістің, оның сырты менен астары, дөңесі мен ойысы ажырағысыз екенімен негіздес. Дүниенің бір тұтастығын, ешбір жерінде үзігі жоқ жыл он екі ай, маусымдар үдерісі секілді ұласпалы екенімен қатарлас. Ойлап тапқан, сызған, іске асырғандарының бәрі хронотоптай, уақыт пен кеңістіктің бірлігіндей біртұтас. Ғылыми-шығармашылық тұрғыда жасалған күллі еңбегін қарапайым нәрсенің күрделі әлемін түйсінуге-саралауға бағытталған. Оның жұмыстары сынаптай сырғақ дүниенің болмысына үңіліп, әрбір заттың астарындағы мағыналар мен түсіндірмелердің шексіз әлеуетін таразылап, өмірдің күнделікті және таныс аспектілеріндегі мистиканы сезінуге құрылған. Күллі жобалары өмір мен өлім, басталу мен аяқталу және уақыт пен кеңістіктің үздіксіздігі арасындағы өзара байланысты зерттейтін мифологиялық архетиптерге негізделген.

Ол ең әуелі суретші, содан кейін ғана ғалым болатын. Сәкен Нарыновтың «Дәуірге керегін ғалымдар емес, әуелі суретшілер жасап шығады. Өнер мен жан тұтастығы, олардың өзіндік ерекшелігі суретшіге өз заманының өзгерістерін сезімтал күйде қабылдауға мүмкіндік береді. Оны көңіл күй арқылы еш формуласыз түсінеді. Содан кейін ғана ғалымдар келіп бұл жаңалық өзгерістерді ғылыми тұрғыдан айқындайды. «Кубизм» ағымын дүниеге әкелген Пабло Пикассо мен Жорж Барактың арқасында ғалымдар орау моделі мен көлем жасаудың сырын ашты», – дейтін пікірі қашанда өміршең.
***
Сәкен мүсіншінің «Менің атамның ғаламшары» мүсінін көргенде қазақтың жыл санауы еске түседі. Ондағы «Ұлу» жылы туралы ылғи бір пікір талас тудыратыны қоса еске келеді. Осы бір аяқтың астында жыбырлап қана жүретін жәнтік жылын өзгелер айдаһар десе, деп өзіміз неге ұлу дедік? Дардай қасқыр-бөрі тұрғанында бармақтай ұлу қалайша жыл санауға еніп кетті деп, беріден қайыратынбыз. Сөйтсек парсы тілінен енген «айдаһар» сөзі түркінің «ұлу» сөзінің мағынасын береді екен ғой? Қазақ елі қасқырдың киесіне қарай, өз атымен атамай, «бөрі», «көкжал», «ұлыма» десе, біз сөз қылып отырған «ұлу» бөрінің дауысы болып шықпай ма? Түркілердің байрағындағы бөрі осы осы «Ұлы», «Ұлыма» шығар, тамам жұрт «айдаһар» атап жүрген?..

Хош, сол «Менің атамның ғаламшары» мүсінідегі «Ұлыма» кейіпті, денесі жерде, аяғы суда, басы аспанда болатын Айдаһар туралы аңыздан Сәкен Нарынов ой ішінен ой туындатады. «Бұл айдаһар бір жатқан ғалам. Күндіз ол өзін-өзін жеп, түнде күндізгі жеген мөлшерде өсіп отыратын қызық кейіпкер. Ол – ғаламның мәңгілік және тұрақты моделі. Залал мен зауалдай, бойлық пен көлденеңдей контрасттың, созылу менен жиырылу, жоқ пен бар, алып пен ұсақ, шексіз әлем мен шектеулі түсініктің символы. Бұл бәрімізге де қатысты макро және микроәлем», – деп түйеді. Ары қарай «дегенмен, үнемі кішірейіп, әмсе толығып, өзін-өзі жеп отырған Айдаһар тәбеті мөлшерге сәйкеспесе – өледі. Бір емес екі өледі. Алдымен ол тым көп жесе, түнде сол мөлшерде өспей өледі, керісінше, тым аз жеп те отырып та өсе берсе, Құдай тағаланың кесімді мөлшеріне сыймай және өледі. Демек біз табиғаттан алатынымызды оған қайтарып бере алатындай мөлшерде ғана алуымыз керек», деп жалғастырады...
Композициясы беде тұқымдас үшқұлақ шөптің2 құрылысы секілді, бітпес сызық құрайтын бұл мүсін осы күнде Астанадағы «Президент орталығы» музейінде сақтаулы.
***
Сәкен Нарынов өзіміз сүрген уақыттан алда жүретін, һәм «жұртымның сықпытының сұрқайын-ай, әйтседе дағы сол жұртым данышпан-әй» дей жүретін ақылман кісі еді. Оның жасағанын көрген жұрт әуелі теріске шығарып алып, артынша таңырқап тұратын (терістеу мен танудың арасынан мыңдаған пікірлер де бой көрсететін). Бас шайқап мойындайтын да. Мартин Гарднердей ғалым «Сәкен дегеніңіз әлемнің болмысына терең үңіліп, шығандап кеткен бірегей жан» деп және тұжыратын.

Жай адам қайтса – онымен тұтас бір әлем қоса кетеді, егер суретші үзілсе – соңында тұтас әлем қалады. Стивен Хокинг, Альберт Эйнштейн тәрізді, суретші Сәкен Нарынов та өз соңына мол мұра қалдырып кеткен жан. Қадыріне жетіп, пайымына барып, адал мұрагері болып, сәулетшінің тоқтаған тұсынан әрі қарай жіксіз жалғап әкете алсақ қанекей? Мурмурация секілді әлемнің туылмалы-жойылмалы, ілесе қайта пайда болмақ ұлы қозғалыстағы, ұласпалы-үдерістегі қалпын өз шығармашылығына дендете дарыта алған Сәкен суретшінің артында қалған сол мұрасын кәдемізге жарата алсақ қанекей? Оның өнеріндегі тылсым да жұмбақ, нәзік те терең ажарын аша алсақ қанекей?

Өкінішке қарай, бүгінгі біздің қалаларымыз бет-бейнесі жоқ, «жылдам қалап, тез сатуға» арналған, бірінен-бірі аумайтын қалыптауға оңай «қораптарға» толып барады. Осындай уақытта Нарынов мұрасын, өнер мен ғылымның ажырамас екені еске түседі. Сәулетші-суретшінің ғаламат мұрасын жүзеге асыру үшін ең алдымен қаланың келбетіне жауапты әкімшілік пен архитектура, құрылыс департаменттерінде ықылас пен кәсіби ерік-жігер болуы тиіс. Сонда ғана екі келмес шығармашылық ійесінің тоқтаған тұсынан әрі қарай жол тартып, оның ғарыштық идеяларын нақты құрылыс нысандарына айналдыра алар едік.
Суретші Жеңіс Кәкенұлы
-----------------------------------
1 Мурмурация феномені. Бұл мыңдаған құстардың әуеде топталып алып, динамикалық түрде таңғажайып аспан фигураларына айналып, үнемі жиырылып, кеңейетін әдемі табиғи құбылысы.
2 Үшқұлақ шөп өзге тілде «трилистник» деп те аталатын көрінеді.