Асанәлі Әшімов - қазақ киносының ханзадасы

Фото: ашық дереккөзден

Өнер
640

Қазақ киносының ең ірі тұлғаларының бірі, ұлттық экран өнерінің символына айналған Асанәлі Әшімов 88 жасқа таяған шағында өмірден озды. Ұлы актердің алтын ғасырда сомдаған рөлдері әлі күнге дейін көрермен жадында жаңғырып тұр.

Асанәлі Әшімовтің шығармашылығындағы ең танымал кейіпкерлердің бірі - «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежан бейнесі. Қазақ киносында антагонист кейіпкерді осыншалықты көпқырлы, ішкі драмасы терең образ ретінде көрсету оңай емес. Режиссер Сұлтан Ходжықов бұл жауапты рөлді Асанәліге бекерден бекер тапсырмағаны анық. Бекежан мен Төлеген арасындағы қақтығысты актер өз шеберлігінің арқасында барынша нанымды етіп жеткізді. Көрермен Бекежанды тек жағымсыз кейіпкер ретінде ғана емес, өз халқының мүддесі үшін күресетін тұлға ретінде де қабылдайды. Антагонист бола тұра, Жібекке жасаған қастандығын түсінген сәттегі бір ғана көзқарас арқылы өкінішін білдіруі актердің кәсібилігінің айқын дәлелі болып, көрерменнің жадында сақталып қалды.

Асанәлі Әшімов небәрі 23 жасында режиссер Шәкен Аймановтың «Бір ауданда» фильмінде басты кейіпкерге қарсы тұрған Бектасов рөлін сомдады. Оқиға желісі бойынша жас маман Дүйсен Бектасов аудан басшысы Сабыр Баяновқа өз ұстанымын дәлелдеуге тырысады. Батыл, қайсар, өз пікірінен қайтпайтын күрескер бейнесі актердің экрандағы алғашқы салмақты жұмыстарының бірі болды. Бұл рөлде де Асанәлі кейіпкердің ішкі сенімін, мінезін дәл көрсете алды.

Араға екі жыл салып, актер дәл сол режиссер Шәкен Аймановпен «Перекресток» фильмінде қайта жұмыс істейді. Бұл жолы ол әділдікке ұмтылған сот төрешісі Ескендірдің бейнесін сомдайды. Ғалия рөліндегі Фарида Шарипова мен Асанәлі Әшімов экрандағы қос ғашықтың сезімін шынайы жеткізе білді. Кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас, ішкі толғаныс пен адамгершілік мәселелері актерлік ойын арқылы терең ашылды.

Режиссер Мәжіт Бегалиннің 1964 жылы жарыққа шыққан «Тұлпардың ізі» фильмі қазақ киносы үшін ерекше маңызға ие туындылардың бірі. Бұл картина алғаш рет қазақ тілінде Әкім Таразидің сценарийіне негізделіп түсірілгенін атап өткен жөн. Асанәлі Әшімов бұл фильмде байсалды, сабырлы, өмір көрген отағасы Тұрардың рөлін шебер орындады. Түсірілім қыстың боранды күндерінде өткеніне қарамастан, бұл жағдай актерлер үшін кәсіби тұрғыда шыңдалуға үлкен әсер еткені байқалады.

Қазақ киносындағы алғашқы блокбастер атанған «Атаманның ақыры» фильміндегі Шадияров бейнесі актер карьерасындағы ең әсерлі жұмыстардың бірі саналады. Тыңшы кейіпкерін сомдау барысында Асанәлі Әшімов өзін әртүрлі амплуада көрсете алды. Қызығы, бұл фильмнің түсірілімі «Қыз Жібек» картинасымен қатар жүрген. Екі түрлі мінездегі, екі бөлек табиғаттағы образды қатар алып шығуы актердің кәсіби деңгейін айқын аңғартады. Оның экрандағы ойыны сенімді шығып, әр кейіпкердің табиғатын ашуға бар күшін салғаны анық сезіледі.

Жоғарыда аталған фильмдерден бөлек, Асанәлі Әшімовтің шығармашылығында 50-ден астам басты және эпизодтық рөлдер бар. Әрбір кейіпкері арқылы ол қазақ киносының көркемдік деңгейін биіктетіп, актерлік өнердің биік өлшемін қалыптастырды. Оның сомдаған бейнелері уақыт өткен сайын өз құндылығын жоғалтпай, жаңа буын көрерменге де әсер етіп келеді. Сондықтан Асанәлі Әшімовтің есімі қазақ киносының тарихында мәңгі сақталары сөзсіз. 

Автор: Қазақ Ұлттық өнер университетінің Кинотану мамандығының 3-курс студенті Тұрмағанбет Әдемі

author

Асанәлі Әшімов

АКТЕР

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанда медициналық диагностика мен емдеудің заманауи технологияларын енгізу арқылы балаларды ше...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Атырауда 9 қаңтарда жоғалып кеткен 59 жастағы Талғат Назаровты іздеу жұмыстары ресми түрде аяқталды,...