«Азаттық – ұлттың ары, Елбасы – елдiң бағы» атты ҚР Тұңғыш Президенті күнін...
Басында сыналды, кейін мойындалды: «Ақмаржанның» шынайы тарихы
Фото: әлеуметтік желіден
Биыл қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған әнші Заттыбек Көпбосыновтың үлкен сахнада жүргеніне 20 жыл толып отыр, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Сонымен қатар өнер иесінің ел жүрегінен орын алған “Ақмаржан” әніне де 20 жыл болды. Бұл туынды өз уақытында қазақ эстрадасына ерекше серпін берген әндердің бірі ретінде бағаланады.
Заттыбек Көпбосынов өнерге келуі туралы: «Қазақ қанда бар деп жатады ғой. Мен әкемнің бір ауыз жол нұсқап көрсетіп жіберуімен өнерге келдім және қанда да бар», – деп айтып өткен.
Әнші Нұрлан Еспанов әріптесінің шығармашылық жолындағы қызық сәттердің бірін еске алды:
«Заттыбектің Ақмаржаны шықпай тұрып, кім көрінген тойға келе беретін ғой. Бір күні Заттыбек келді ғой, аяғында қайық аяқ киімі бар. Тойханаға Заттыбек кірмей жатып адамдар билеуге дайындалып тұрды».
Өнер иесінен кез келген әнінің хит болуының құпиясы туралы, талғамға байланысты ма деген сауал қойылғанда, ол әндеріне жасына, іс-әрекетіне, тыңдармандарына лайықты мәтіндерді қарастыратынын айтып өткен.
Нұрлан Еспанов Заттыбек Көпбосыновтың әндерінің тез танылып, өтімді болуы туралы өз пікірін былай жеткізген:
«Ақмаржанды басында күріш деп кекетіп жүрдік. Мен қаншама рет “Сағынғанда Ақмаржан” дегенді “Тағынғанда Ақмаржан” деп туралап жүрдім. Заттыбектің әндерінің жақсы жарнамасы халық болды, халыққа жақын ән айтты. Сол себептен де әндері өтіп кетті».
Радиожүргізуші Лаура Омар да әріптестерінің пікірін толықтырып: «Заттыбек ағаның дыбыстауы, өзінің үні нағыз қазақы үн», – деп баға берген.
Алайда “Ақмаржан” әні алғаш шыққанда сын айтқандар да болған. Бұл туралы әнші:
«Ақмаржан сияқты әндер жазылмасын. Бұл қазақ әндерін бұзады деп қарсы шыққан адамдар болды. Халық мойындағанда сендер қалай жоққа шығарасыңдар деген әңгімелер де болды», – деп өнер жолындағы түрлі пікірлерді еске алған.
Осылайша, 20 жыл бұрын жарық көрген “Ақмаржан” әні Заттыбек Көпбосыновтың шығармашылық ғұмырындағы ең жарқын белестердің біріне айналды. Халықтың қолдауына ие болған туынды бүгінге дейін өз тыңдарманын жоғалтпай, қазақ эстрадасының алтын қорынан орын алды.