ҚР Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Қоры жыл сайын ұлттық әдебиетте жаңа есімдерді қалыптаст...
«Қайсарлығына тәнті болдым»: Димаш әлемге тағы бір қазақтың есімін танытты
Фото: MadeniPortal.kz
Димаш Құдайберген қазақстандық танымал суретші әрі халықаралық антиядролық қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіковтің өмір тарихымен бөлісті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында Димаш «Парасат» санатына конкурстан тыс қатысып, Кәріпбек Күйіковтің «Қолсыз өмір» атты өмірбаяндық кітабын таныстырды.
Әнші сондай-ақ суретшімен Қарағандыда өткен жеке кездесуін еске алды.
«Қарағандыда Кәріпбек ағамен кездесіп, оның қайсарлығы мен рух беріктігіне тәнті болдым», – деп жазды Димаш.
Әншінің жазбасы әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлерінің үлкен қызығушылығын тудырды. Пікір қалдырған оқырмандар Димашқа миллиондаған аудиториясын осындай тұлғалармен таныстырғаны үшін алғыс білдіріп, кітап оқудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ олар суретшінің өмір жолын адам бойындағы қайсарлық пен ерік-жігердің жарқын үлгісі деп бағалады.
Димаш өз кезегінде марафон адамдардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, жаңа білім алуға және өзара пікір алмасуға жол ашатынына үміт білдірді.
Кәріпбек Күйіков туралы не білеміз?
Кәріпбек Күйіков 1968 жылы бұрынғы Семей ядролық полигонына жақын орналасқан Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген. Ол екі қолсыз туған. Қазақстанның ресми дереккөздері мұны ядролық сынақтар кезінде ата-анасының радиациялық сәулеленуге ұшырауымен байланыстырады.
Суретші қылқаламды ернімен немесе аяқ саусақтарымен ұстап, картиналар салады. Ол ұзақ жылдар бойы халықаралық антиядролық қозғалысқа белсенді қатысып келеді. Оның туындылары АҚШ, Жапония және Германиядағы жеке әрі мемлекеттік коллекцияларда сақталған.
Қазір Кәріпбек Күйіков Қарағанды қаласында тұрады.
Димаштың арқасында Қарағанды облысынан шыққан қайсар суретшінің өмір тарихын бүгін әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдар көріп, естіп отыр.