Осыған дейін ақындар арасында «Папирус» айдарын жүргізгеніміз ел назарында. «Тәуел...
Қуыршақ театрында жаңа маусым
Бүгінгі таңда 90 жылға жуық тарихы бар өнердің қара шаңырағы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры күні кеше салтанатты түрде кезекті 89-шы маусымының шымылдығын түрді.
Театр ұжымы өнер мерекесінде өнер ордасының бойтұмарына айналған 40 жылдық сахналық тарихы бар «Қуыршақ думан» қойылымына жаңа рең беріп, пластика, жарық, актерлік, қуыршақ жүргізу тұрғысынан жаңғыртып, заманауи форматтатағы «Жұлдызды қуыршақтар» атауымен жарық көрген спектакль-концертті көрермен назарына ұсынды.
Аталмыш қойылым тұңғыш рет 1984 жылы Құралай Ешмұратованың режиссерлігімен «Тарқамайды тойымыз» атауымен жарық көрген. Араға уақыт салып, режиссер, иллюзия әлеменің сұлтаны атанған Сұлтанғали Шүкіров жаңа иллюзиялық нөмірлер қосып, қойылымға тың серпіліс сыйлаған.
Енді міне, аталмыш қойылымда еліміздің жарық жұлдыздары Роза Рымбаева, Димаш Құдайберген және өзге де ұлттардың өнерпаздарының қуыршақ бейнелері бой көрсетіп, қойылымның көркемдік деңгейін өзгеше қырынан аша түсті. Сондай-ақ, спектакльде Роза Бағланова, Майкл Джексон, Фарух Закиров сынды қуыршақ бейнесіндегі жұлдыздар да өнер көрсетті.
Қойылымда қуыршақтың қолғап, тросты, марионетка, бойлы, көлеңкелі, т.б. түрлері пайдаланылды.
Жаңашылдыққа жаны құмар өнер ошағы театр өнеріне жүктелер қоғамдық салмақты тең тұрғыда көтеріп келе жатқандықтан, қуыршақ театрының қоғамдағы маңызының зор екендігін әлдеқашан дәлелдеген. Өнер ұжымы әлемдік шығармаларды ана тілімізде сахналауымен қатар, 89 жылдың ішінде талантты артистер мен қуыршақ шеберлерінің, режиссерлердің, суретшілердің бірнеше толқынын тәрбиелеп шығарды.
88-ші маусым театр үшін ерекше шығармашылыққа толы жылдардың бірі болды. Маусым барысында театр репертуары «Бауырсақ» (реж.: А.Зайцев), «Анасын іздеген мамонт» (реж.: А.Нұрәділ), «Чемпион» (О.Ақжарқын-Сәрсенбек), «Етік киген мысық» (реж.: Б.Момынжанов), «Шекпен» (реж.: Н.Сабашвили) атты жаңа қойылымдармен толықты.
Сонымен қатар, театр Алматы қаласында өткен Ресей Федерациясы Рязань қаласында өткен ХІХ Халықаралық «Рязань көрсетілімдері» қуыршақ театрлар фестивалінде, Болгария Республикасы Бургас қаласында өткен Х Халықаралық «Қуыршақ күндері» фестивалі, Түркия Республикасы Бурса қаласында өткен ХХ Халықаралық «Бурса Қарагөз» фестивалі, Петропавл қаласында өткен XXIX-шы Республикалық театр фестивалі, Атырау қаласында өткен Чапай Зұлхаш атында І Республикалық режиссерлер мен сценографтар фестивалі, Алматы қаласында өткен «Ортеке» Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі, Халықаралық «Total Fest: Действующее лицо» фестивалі, Канада Мемлекетінің Оттава қаласында өткен Халықаралық «Ottawa Puppet» фестивалі, Белорусь Республикасының Гродно қаласында өткен IV Халықаралық «Лялькі над Нёманом» қуыршақ театрлары фестивалі және Гүржістан Мемлекетінің Батуми қаласында өткен «Batumi International Puppet Theatre Festival» ІІ Халықаралық қуыршақ театрлары фестиваліне қатысып, жүлделі орындарға ие болып, топ жарды.
Қуантарлық жайттың тағы бірі, ағымдағы жылдың күзінде Мемлекеттік қуыршақ театры Гүржістанның Батуми, Кутаиси, Ахалцихе, Боржоми, Тбилиси қалаларында гастрольдік іс-сапар өткізіп, қазақ қуыршақ өнерін кеңінен дәріптеді.
Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ