Мереке күндері елордалық емханалар мен ауруханалар штаттық режимде жұмыс істейді, деп жазды madenipo...
«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МУЗЕЙІНДЕ ТАРИХИ ҚҰДЫҚ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде ортағасырлық тарихи құдық іске қосылды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ХІҮ ғасырда негізі қаланған құдықты ауыз суы үшін пайдаланған. Кесене құрылысы аяқталған соң «жамағатхана» бөлмесіндегі алып Тайқазанға су толтырылып, зияратшыларға арнайы тарқатылып отырғаны белгілі. Құдық ХІХ ғасырдың бастапқы ширегіне дейін жұмыс жасаған. 1992-1999 жылдар аралығында Түркияның «Вакф Иншаат» фирмасы кесенеге жүргізілген реставрациялық жұмыстарға байланысты құдық суы мүлде жабылған болатын.
- "2018 жылдың қазан айында Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Түркістан қаласына ресми сапары барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы ат басын бұрып, ортағасырлық құдықты халық игілігіне жаратып, іске қосу туралы тапсырма бергені белгілі. Осыған орай, құдық суы тазарту жұмыстары жүргізіліп, судың құрамы барлық тиісті сараптамалардан өтіп тиісті құжаттар дайындалды. Бүгін 16 – желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай аталмыш құдық қайта іске қосылып халықтың игілігіне жаратылатын болады», - деді қорық-музей директоры Нұрболат Ахметжанов.
Енді зияратқа келушілер тарихи құдықтан шөлін қандыратын болады.
Құдықхана – қазандық пен дәліз арқылы байланысты ғимараттың шығыс жағындағы,мұнараға көтерілетін баспалдағы бар шаршы бөлме оңтүстіктегі шұғыл ойық есебінен созылыңқылау болып көрінеді. Құдықхананың аты осындағы құдықпен байланысты. Тарихи дереккөздерде құрылыс кезінде су алу үшін қазылған, кейіннен дін иелері құдықтан тартылған суды да шипалы деп жариялаған деп айтылады. Құдық айналасы дөңгелене кірпіштен қаланған, диаметрі-80 см. Бұрын су 7-8 метр тереңдіктен шығатын болса, ал қазір жер асты суларының көтерілуіне байланысты су 5-6 метр тереңдіктен алынады.
"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі