Түркияның Айдын қаласында жолда келе жатқан Mercedes AMG EQE 53 электрмобилі өртеніп кетті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Mercedes электромобилі өртеніп, 12 сағат бойы сөндірілді
Фото: ЖИ көмегімен
70
"Түркия жаңалықтары" Telegram-арнасы мәліметінше, оқиға 22 тамызда Сөке ауданындағы Сазлыкөй елді мекенінің маңында болған. Көлік Измирден Бодрумға қарай бағыт алған. Жүргізуші көліктің артқы жағынан жалын шыға бастағанын байқап, жол жиегіне тоқтап, көліктен алыстап үлгерген.
Болжам бойынша, өрт аккумулятор бөлімінен басталған. Тілсіз жауды әдеттегі әдіспен сөндіру қиынға соққандықтан, құтқарушылар жаңа буындағы арнайы өртке қарсы шатырды қолданды. Жергілікті БАҚ мәліметінше, ол 2100 градусқа дейінгі температураға төтеп бере алады.
Өртті сөндіру жұмыстары шамамен 12 сағатқа созылды. Құтқарушылар жалынның басқа көліктерге және жақын маңдағы орманға жайылуына жол бермеді.
Өрттен кейін Mercedes көлігі мүлдем жарамсыз болып қалған. Көліктің құны 8 миллион түрік лирасына бағаланып отыр, бұл шамамен 76 миллион теңгеге тең.