Мүшәйраның ЕРЕЖЕСІ:Ақмола облысы мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен ақын, жазушы, драматург, ауд...
Гүл Зарқұмар. Ақиқат жалғыз аспанда қалды
Фотосурет ақынның жеке мұрағатынан
***
Қанша жыл өтті, қанша күн,
Балауса кезді аңсадым.
Сағынғандығымнан болар-ау,
Танадай көзден тамса мұң?!
Қанша жыл өтті, күн қанша,
Аңсармын жүрек тынғанша.
Балалығымды еске алып,
Нұрланды көзім нұрланса.
Қанша жыл өтті, білмедім.
Жүрегім аңсап жүр менің.
Жөн болар еді-ау, балалық,
Түсіме сірә кіргенің...
***
Кездеспесем егер мен,
Ескерер ме ең, есің кетіп елер ме ең?!
Дәл осылай дәрменсіз бір күй кешіп,
Дәруіштей уайым, мұң шегер ме ең?!
Кездеспесең егер сен,
Сезім деген өрт пен дертке сенер ме ем?!
Қазіргідей қаймықсам да қасыңа,
Қадірімді иіп-бүгіп келер ме ем?

***
Бар еді бөлек болмысың,
Бар еді сенің сесің де.
Естелік болар болды шын,
Есімде бәрі, есімде...
Оқушы біткен құрметпен
Оқитын сенің пәніңді.
Сананы жарық, нұрлы еткен
Сабағың еді кәдімгі.
Өзіңнен көрдім даралық,
Өзіңнен алдым өнеге.
Жаныма жатқан таралып,
Жарығың сенің сөне ме?!
Тағдыры – өлең болған қыз
Тағы да отыр мұң толғап.
Алысты болжап, шолған сіз:
– Ақынсың! – деген шын қолдап.
Жасымды жұттым, жан жылап,
Жаныңыз нұрға бөленсін!
Өзіңіз жаққан шамшырақ –
Өшпейді мәңгі өлең-күн!
***
Жазушылар одағы осы, балам,
Мен емеспін оларға тосын адам.
Бауырына баса алса – қуанамын,
Бағаламай жатса егер, тосып алам.
Тосып алам жамандық, жақсылығын,
Тосып алам баршылық, тапшылығын.
Кешегі өткен Кербұғы Оралханның
Кездестірдім көзіндей жасты бүгін.
Тосып алам өсегін, кесегін де,
Қаншама рет қайтса да меселім де.
Қайта келем үмітпен үзілмейтін,
Қайырылмай кетсем де неше күнге.
Осы, балам, ордасы атақ-аттың,
Ортасы орынсыз көп шапалақтың.
Осы жерде оқылды, оқылар да
Өміршең бір жырлары махаббаттың.
Жазушылар одағы осы, балам,
Мен емеспін оларға тосын адам.
Бауырына баса алса – қуанамын,
Бағаламай жатса егер, тосып алам.
Баспана...
Бас қатырар мұңым ба едің?!
Бас қайғым,
Басқа еді ғой бұрын менің?!
Сен сірә,
Секілденіп өмір заңы,
Жастықтың
Жалауымен білінбедің?!
Баспана...
Бас қатырар мұңым ба едің?!
Өтіпті
Өзге тамда күнім менің.
Өлеңнің
Өрелі бір қызы еді деп,
Басымды
Бағалайды тірімде кім?!
***
Толқыған жайқын жан айдындары,
Тот баспас ояу сарайдың нәрі.
Тоғжандар бір сәт тосылған ерек,
Тосын ғой, тосын Абайдың әні.
Ерменді тауға тарайтын таңы,
Еңлік гүлдей арайлы шамы.
Еркежандарды елең еткізген,
Есті ғой, есті Абайдың әні.
Әр қазақтың қалайтын жаны,
Әдемі әуез – бар ай, күндағы.
Әйгерімдерді әсершіл еткен,
Әрлі ғой, әрлі Абайдың әні.
***
Сағалы жырды сағынышпенен
Жоқтамау мүлдем жаңылыс дер ем.
Тасалап келіп тамұққа тастар
Жасын ғұмырды жазымыш деген.
Тынысы тым тар тығырықта мың,
Ұйыған зар мен ұлылыққа мың.
Көреді көрдің көрпесіне еніп,
Жылылық пенен жылымық табын...
Сағалы жырды сағынышпенен
Жоқтамау мүлдем жаңылыс дер ем.
Тасалап келіп тамұққа тастар
Жасын ғұмырды жазымыш деген.
Атам Қорқынұлы Баймолданың аруағына бағыштадым
Көмескі тартып көгілдір таулар, қыраттар,
Теңселді терек, тербелді бұтақ, жылап тал.
Жақсы адам үшін жалғанда мынау жоқ орын,
Бағасы қымбат бақида ғана тұрақ бар.
Түрен сап түмен бұлттарға құстар сұлбасы,
Сарала салы жамылып қайың тұр басы.
Сен жоқсың, сеңсең заңғарлар жаққа кеттің бе,
Алтайдан шыққан арқардың асыл құлжасы?!
***
Әке...
Әуені басқа бір керім,
Әнімді тыңдар жұрт, елім.
Әрі де сәрі дүниеде,
Әрқашан өзің бір кемім.
Әке...
Әз жаның, қаның, бір демің,
Әулиедей маған түр, тегің.
Әлекшіл жарық жалғанның
Әсершіл жасын сүртемін.
Әке...
Әуелден бар-ды сыр-шерім,
Әзірге ішке іркемін.
Әңкі де тәңкі тірліктің
Әр күні алам бір кегін.
Әке...
Әлсіз нұрымен білтенің,
Әйтеуір шешіп жыр теңін.
Әурешіл мынау тағдырдың,
Әуеге тағам үркерін.
***
Жан әлемі –
жасындардың жарқылынан тұратын,
аспан текті,
аңсаулардың өзі емес пе шын ақын?!
Жанарымен
жасқап өтіп, асқақ өтіп барады
тағдыр деген
тас қаладан көрмесе де рахым...
* * *
Көктем аңқыған аспандай көңілім,
көкжиектерге ұласқандай өмір-мұң...
Махаббат күткен бір жүрекпен, тілекпен,
махаббат жұттым мен жұпардай лептен...
Алматы қысы бұл. Аспанда ақ бұлттар,
ақындар туралы ауада дақпырт бар...
Қап-қара ниеттер, қараңғы пиғылдар,
қара жер үстіне сендер де сыйдыңдар!
Осынау ғаламның өксігін көтеріп,
отырмын өлеңмен өрт төгіп, от өріп...
Тек мынау аспанға көктемін көксеген,
телінген жүрекпен, тілекпен жетсе өлең...
* * *
Сағыныштар-ай...
Сағым боп көшіп көктеммен,
жауқазын болып,
жайқалып шығар бөктерден...
Сен едің мені
сезіммен келіп тербетіп,
жүрекке сөнбес
жүз жылдық алау, от берген...
Сағыныштар-ай,
сарыла күткен шақтар мың,
астында қалған
ақпанда жауған ақ қардың...
Сен менің мынау
сезімтал көңіл көгімнің,
көктем боп келіп,
көкірек шерін ақтарғың...
Сағыныштар-ай,
самалмен жеткен сыр сынды,
аласың неғып
алаңсыз шақта шырқымды?!
Сен мені іздеп,
сен мені аңсар сәттердің
таңдайы жібіп,
тамырына да нұр сіңді...
* * *
Тағдырдың қатты, тасбауыр екені рас-ты,
талай күндерім арманмен, мұңмен қыр асты...
Асыл дегенің бақыр боп шығар сәттерден,
асқақ тұруға Құдайдың өзі дәт берген...
Қара көздің де жасырған сыры бар, ұқсаң,
қараңғылықты ысырып тастар жарық таң...
Анық дегенің тамұқ боп жатса, жоқ шара,
арман бар сірә, алаулап жанған отта да...
Таланттың бәрі күйініп өтер – тағдыр шын:
талқылап, талап, тобырға көрін қаздырсын!
Жаласы жалған, өсегі өрттей қоғамда,
жауһарды көрсе, тоғытар тоқтау тоғанға...
Атақ пен мансап құлқынға ғана тәуелді,
ақиқат жалғыз аспанда қалды, әуелгі...
Жасанды бәрі: жасанды әлем, тіршілік,
жалған дүние жасайды көкке құлшылық...
Аспанның бірақ жетпейді-ау пенде сертіне,
ағып түседі жасындар ғана жер тіле...
* * *
Сезіну сені қандай ғанибет,
сұлу да нұрлы ғұмырым?!
Мен сендегі ғашық жүректің
сыршыл бір арман-мұңымын...
* * *
Өлеңмен бірге өткізер талай күн-айы,
ақынның мұңы неліктен сұлу, шырайлы?!
Өртеніп-жанған, өкінген құса жүрегі
аңсарын іздеп аспанда жүрген сыңайлы.
Күтеді бәлкім, күткендей құстар көктемді,
сағыныш екен аңсаудың бәрі өткенді.
Күміс сырғалы жастықтың нұрлы бейнесі
самырсын толы аралап жүрер бөктерді.
Қаншама арман түсіме еніп, қара үзді,
шаштарым қара шашылып кеткен тәрізді.
Қасқайып тұрған Алтайым сенің бауырыңда,
шайқалмай қалған дүниедегі асыл, бар ізгі.
Алтайын аңсап көңілім көкті шарлайды,
сағыныш екен мендегі білдім бар қайғы.
Аршасы аңқып түсіме енген туған ел,
самалыңменен сипайсың келіп маңдайды...
* * *
Сен мені сүйесің сырттай,
аспанның жұлдызын ұрттай.
Айдың да нұрына көміп,
түн болып төбемнен төніп.
Таулардың бөктерін торып,
көзімнің көктемін қорып.
Жанымды жарыққа малып,
дегендей: қамықпа, налып.
Құшасың елесіңменен,
қиялға сенесің бе сен?!
Алыс бір арманға бастап,
кетсек пе тағдырды тастап?!
Дегендей түсіме енесің,
бізді жұрт түсіне ме, шын?!
Бақытқа бастайтын жолдың
бұралаң соқпағы – сол мұң.
Мен сені сеземін анық –
жанымның өзегін жарып.
Гүл сынды жұпарын шашқан,
сағыныш бұтағын басқан...
* * *
Ай толған түнгі аспанның жамалы –
ақиқаттан да анық, жап-жарық жанары!
Жұлдыздар жұмылған кірпігін аша алмай,
жұмыр жер іңкәрлік демін бір баса алмай...
Запыран-құсадан зар шеккен жүрегім
зау аспан шегінен іздейді бір емін...
Құмығып дауысым қалмаса екен деп,
құнығып, ай, саған ән болып жетем тек...
Тірліктен таппаған байызым бардай-ақ,
тіледім махаббат жанына бармай-ақ...
Өмірдің жолында өкініш, үміт бар,
өлімнің өзі де сезімге кіріптар!
Махаббат тіледім аспанға, жерге де,
махаббат тіледім арманшыл кеудеме...
* * *
Иә, ол рас дер едім:
сенің мені құлай сүйгенің.
Өз отыңа өзің күйгенің!
Мен кеткен ем ғой ішінде
арман атты күміс күйменің...
Иә, мойындар деп едім:
өмірдің жылдам өтерін сен,
көкке шын көтерілсең!
Бірақ сен қалып қойдың
шеңберде өте өміршең...
Иә, серт берген де сен едің:
маған деген жанкешті сезімің үшін,
(жалқы боп өтем деп... өзі кім үшін?!)
Тағы да санам санға бөлінер,
жеккөріп кеттім төзімің үшін...
Иә, жетпейді саған дерегім:
мен сенен жырақ кеткенмін,
өкіндің, жылап, кектендің...
Айтшы өзің, осы бір сезімің үшін
шын азапты шыдап шеккен кім?!
* * *
Түн. Айдың алтын нұры –
ойнайды бұғағымда.
От демі алқындырды,
күлдім бе, жыладым ба?!
Түн. Жұлдыз тамды көктен,
жансебіл жастығыма.
Жанды күз, жанды көктем,
өзекке жас тығыла.
Түн. Таулар қарауытқан,
көздерім шағылысып.
Көкжиек алау жұтқан,
тынады лағыл құсып...
* * *
Уақытпен өлшенгеннің бәрі мұң,
у жұтсақ та, су жұтсақ та көнеміз...
Жалқы қалған жүрегіңнің жарығын
жаға алмадым, жазымышты көмеміз.
Сенің жазған хаттарыңның арты зар,
сен шыдаған серттің дәті тым берік.
Тобыр сырттан тон пішер де, талқылар,
тосын сенің сезіміңді мін көріп...
Жаңбырлы түн қолшатырды қорғалап,
жалғыздығын арқалаған жүректер.
Бір сағыныш отыр бәлкім, жол қарап,
бір кем дүние – жеткізбейді бір өткел...
* * *
Менің неден түңілгенім –
маңызды!
Сенің неден үгілгенің –
аңыз-ды...
Екеуімізді
өр еткен сол Өр Алтай,
екеуімізді
өкпелеткен тәрізді...
Менің неден жылағаным –
шын еді!
Сенің неден құлағаның –
сын еді...
Кең кеудесі
бейіш болған Алтайдың
керек болса,
біз деп соғар жүрегі...
Менің неден қамыққаным –
анық-ты!
Сенің неден жалыққаның –
қалыпты...
Ешкім ұқпас
жалғыз ғана шындық бар –
екеуімізді
аңсады Алтай, зарықты...
* * *
Маған бүгін керек боп тұр бір өлең,
махаббатпен көк пен жерді тіреген.
Сәулесімен жылытатын жанымды,
сәл де болса таба алатын бабымды.
Мынау дүрмек дүниеден аулаққа,
мына ақынды алып кетер тау жаққа.
Аспан жаққа апаратын сонан соң
(адамдар жат, болып кетті қоғам тоң).
Күздің мұңы жапырақша жауғанмен,
күй естідім сабырлы анау таудан мен.
Маған бүгін керек боп тұр бір өлең,
махаббатпен көк пен жерді тіреген...
* * *
Гүл күлтесін жарып шыққан шық дірілі секілді,
бір тамшы нұр түсті үзіліп, сипай өтті бетімді...
Сенің мені ойлаған сол сәттеріңнен басталған –
батқан күн мен атқан таңдар шуақ төкті асқардан...
Құшағыңа ұмтыла алмай, ынтыға алмай алыстан,
менің сұлу мұңдарым-ай, қара түнмен қабысқан...
Жақын келіп жана алмаған, ала алмаған алауын,
айтшы маған, жасырмай-ақ, жүрегіңнің қалауын?!
Жасырмағың, жасырмағың... сезетінім анық шын,
қарлықтырып бара жатыр жанарымды жарық түн...
Сенің мені аңсаған сол шақтарыңнан басталған –
ерте көктем еңілік гүлі тау өтінде тас жарған...
* * *
Ертең тағы күтіп алар таң нұрлы,
ертең талақ етемін мен тағдырды...
Армандардың гүлі ашылар бір демде,
ақын болып менше өмір сүргенге...
Бақыт деген өзі қағар есікті,
бар жаныммен күткен едім, кешікті...
Алтайыма апарады тағы... түс,
аршасы аңқып, ермен тұнған сағыныш...