Мұхамет Тілеубай. Әуен – майда, сөз – шерлі, күй – өтпелі

Фотосуретті автор ұсынған

ПОЭЗИЯ
108
 

Қысқы жол

 

Көзге түртпей, көрінген жан баласын.

Көлеңкесіз бір күшке таң қаласың.

Тірлігің үшін дейді жалғасатын,

Кеш жатасың, таңымен мал бағасың.

 

Солай ауыл… Малыңмен жан бағасың.

Елестетіп көзіңмен (қар баласын).

Аттанасың, торыға қамшыңменен,

Қылауын қақпақ болып санға басып.

 

Қыс мамығы бітпейді қарбаласып,

Бұлыңғырлық тіреп ап жарға басын.

Демін ішке тартады тыныстап көк,

Бауырын тоса, бұлттармен тау таласып.

 

Көз алдымда тіршілік жан таласып.

Барады, әне, қу түлкі жалға қашып.

Биіктемей топ қарға қарқылдайды,

Бір-біріне бәлденіп, паң қарасып.

 

Бұлтқа мұңды, сырыңды қарға шашып.

Қиялыңа сен дағы жалданасың.

Ыңылдайсың ішіңнен бір әуенді,

Тілге – әуейі, арналған жанға – ғашық.

 

Бітпесе де, мамық қар қарбаласып,

Шіркін-ай, мынау жердің қамбасы ашық.

Қысқа күнде ішінен шөп кетірмес,

Бар түліктің болады жантақ асы…

 

Көкке үңілу

 

Бармаушы едім аспанға, бұлттарға аса.

Қанатымен құстардың жыр бармаса.

Маған мынау қара жер жақын еді.

Құп көріп жүр көңілім тағы нені?

Ештеңе жоқ, қалыпты бір күй тағы.

Көкті әкелер… Тәуліктің жылжи таңы.

Күнде солай аспаннан бұлт көремін.

Маған сыйға тартады бір дерегін.

Бояуы бар, дыбыссыз бірақ бәрі,

Бір тылсымға мендік күй құмартады.

…Сол пікірін құсымның құп көремін,

«Аспан жақын», – деді жыр, түк демедім.

Енді қиял аспанда, кеңістікте,

Мұң алуға бұлттармен келістік пе.

Жерде суық қабір бар, ал аспанда,

Өмір үшін бағыт бар адасқанда –

…немесе өлең үшін.

 

Көз бәрін ұқтырады

 

Көз бәрін ұқтырады.

Үнсіз мекен – сырыңның нық тұрағы.

Жаныңды тербегенде қайғы-шерің,

Жанарыңа мөлтілдеп шық тұнады.

 

Көз бәрін ұқтырады.

Намыстың көрінісі тік, қырағы.

Бар болса, алаулаған от жалыны,

Жанарың дұшпаныңды ықтырады.

 

Көз бәрін ұқтырады.

Көңіліңде жатқанды түкпі, әрі.

Сүйген жүрек алдында тайқып кетіп,

Жанарыңнан сезілер түкпі мәні.

 

Көз бәрін ұқтырады.

Көздей шыншыл болса ғой, тіпті бәрі.

Сағынысқан кезіңде жақыныңды,

Көзбен көру жүрекке мықты дәрі.

 

Солай қызым, көз бәрін ұқтырады.

 

Неткен уақыт тапшы едің?

 

Үлгермедім сүйіп те,

үлгермедім қоштасып.

Үлгеріппін тек тұнық,

Жанарымен достасып.

 

Жанарында жатты бір,

Жара салмас сұлу мұң.

Жанарымен ұқтырды,

Жан дүние тұнығын.

 

Көрмегелі көп болды,

Көңіліме бұлт ауды.

Көзің берген көп сырдан,

Сағыныш боп жыр тамды.

 

***

 

Көзіңде еді ғой сұлулық.

Мөлдіреп көрінер тұп-тұнық.

Көңілді аулардай ғажайып,

Тұратын көркем бір сыр тұнып.

 

Көзіңде еді ғой шын сырың.

Көп сезіп қаламын тылсымын.

Бір нұрлы қарасың білдірер,

Тіліңнің айтпағын қырсығым.

 

Көзіңнен көрінер сүйгенің –

…сөзіңнен бағалы, түйгенім.

Қашықтап сендік от жанардан,

Сарылған, сарсаңдау күйдемін.

 

Көзіңнен әлемді көремін.

Шексіздік сипатым о, менің.

Жаныңа жұбаныш боп жүрсін,

Жанарда жазылған өлеңім.

 

***

 

Көңіліңнің сырын айтып сен келдің,

Түсінбедім, өкініш.

Бірақ, түнгі әлеміме өң бердің,

«Түсің», – деме, өтініш.

 

Ой бөлістік: биылғы күз бұрыннан –

әсерсіздеу, сәл солай.

Қылықсыздау көрінді қыз бұрылған,

Кеше бақта, дәл жолай.

 

Сосын сенде жалығу бар күмәнді,

Мен одан да жетілгем.

Қос қаланың кінәсі жоқ, бұл әлгі

Сезімдер ғой кетілген.

 

Мен құмармын сен жалыққан көшеге,

Жарық еді шамдары.

Сен келдің ғой бұл қалаға, көшеде,

Жат көрінер жандары...

 

Мен кетейін, енді түсің қарсы алсын,

Болайықшы бірде бір.

Тыныштығы түннің тағы жар салсын,

Түлесінші тілде жыр.

 

***

 

«Күз», – дейді көңіл, мұз қатты жерге,

Мұңды енді қайдан табамын?

Іздейді көңіл жапырақ өңді,

Сағыныш, қайда далабың?

 

Жалғыздық кейпі көп еді бақта,

Махаббат пайда бермей ме?

Жылылығы аз жүректерді енді,

Тұманды ойлар жерлей ме?

 

Сезімдер сырлы суый ма, әлде –

көңілдер кешкен әдет пе?

Үйренген көздер, үзілген сөз де,

Салады білем, әлекке.

 

Сондықтан мұңды, сүйген ем сені –

қысқа екен күздей бұл ғұмыр.

Сен кеттің гүлмен үзіліп бірге,

Қалпында қалды мұң тұғыр.

 

***

 

Астананың,

Біз татып келдік пе екен басқа дәмін.

Қайтып, қалай кешіре салар екем?

Құрбы қызды жылатып тастағанын.

 

Таныс бәрі,

Қар, жаңбыр бірі-бірінен қалыспады.

Сонааау жылдың қайталап кескіндерін,

Жүрекке әкеп бір үміт табыстады.

 

Сосын тағы,

Тосын сезім, тосын күй, тосын бәрі.

Бұрынғы әдетінше, әттеген-ай,

Асықтыққа Астана қосылмады.

 

Жылағасын,

Қыздан енді кешірім сұрағансып,

Жаңбырменен жумақшы көздің жасын,

Оған қалай, көңілмен жұбанасың?

 

Сырға мына,

Тап болғандай тағы бір жұмбағыма.

Меніңдағы таңым бар, күмәндылау

үшіншінің ағаттық қылғанына.

 

Кешім нала,

Өтуде табылмастан шешім жаңа.

Өкпе артумен келемін сендерге мен,

Кешір қыз, кешір бала, кешір қала.

 

***

 

Қателік-ай, қателік қара үзбеген.

Мен де қандай аларың бар іздеген.

Иелігің жетпей ме тізгініме?

Иемденбек ой бар ма тағдырымды,

Сынағынан Тәңірдің жыр іздеген.

 

Бұрып алып жолымды бұралаңға,

Күлмексің ғой күйікпен құлағанда.

Қанағатың болмады-ақ қателігім?

Қапы қылған сәтіңнің өтеуіне,

Қайтқан күні ғана мен, құн алам ба?

 

Алсаң алшы, қалауың: бағым болса,

Қалады ғой, көк аспан сағымдалса.

Ажарымды ал, тарқаған базарымды ал,

Түйсігімнен өзгеге соқтықпаған,

Жетеді өлеңім мен әнім қалса.

 

«Жалғыз гүлден»

 

Әуен – майда, сөз – шерлі, күй – өтпелі,

Бәрі үнсіз тыңдауда жүректерін.

Жалғыз үміт келгендей сүйеп тегі –

«Жалғыз гүлмен» арылтып түнектерін.

 

Жанарлардан сезіліп нұр, шаттық рең,

Мұң толқытты көп күнгі аңсарларын.

Бұлқынысын сезімнің тапты білем,

Қалағандай тағдырдың ән салғанын.

 

Елтіп үнге: көп бейне ынтығады,

(Кейіпкері болуға бір өлеңнің)

Көздеріне моншақты нұр тұнады.

Шаттық орнап жанына жүдегеннің.

 

Әттең!

 

Күй тарқалды. Солғындап сезім өшті,

Ғайып болып көздерден жанған үміт.

Жалғыз жанның жанына төзім көшті –

дегендейін, жыр – қиял, жалған, ұмыт.

 

***

 

Сені сүю – бір кезеңді тәмәмдау,

Сенсіз өткен уақытты бағамдау.

Сені сүю – ертеңге арту мол үміт,

Сеніміме – сезіміммен жолығып.

Сен сүю – өмір мәнін сезіну,

Сосын бақтың дәл өзімен кезігу.

Сені сүю – көру тұрмыс тынысын –

сыйға беріп күндерімді құны үшін.

Сені сүю – үмітімді тірілту,

Сергелдеңнің секунттарын кідірту.

Сені сүю – сүю жанның ғұмырын,

Селтең күннен биік тұрар – бұл ұғым.

 

***

 

Сенің ғұмыр әуеніңе қосылып,

Мен жырласам ғасырды –

Тәуекел ғой… Болмас онда тосылу,

(Маған сүйе басыңды).

 

Сен айтатын әндер де бар, сол сарын,

Қанық болған бесіктен.

Лебіңнен жеткен еді мол сағым,

Өзге әуенді есітпе!

 

Шерің… Сосын, маған таныс мұңың да,

Сағыныштан құралған,

Содан бері бір келесің жырымда,

Ода өмір ғой бұралған.

 

Аңсауымыз бір демейін, алайда,

Ар – біз үшін бір ұғым

Ұқсатпаймын Күнге мүлде, ал, Ай да –

…көрсетпейді сынығын.

 

***

 

Күту ме, бұл?

Жоқ, әлде, күйдіру ме ғұмырды.

(Аз-ақ күнге алмасса, азат күнім тұғырлы).

Күдігім сол мендегі: жиі сөніп шоқ жұлдыз,

Түн демінен бір ызғар маған қарай жығылды.

 

Бой мұздатқан ызғардан қызыл бояу суынды.

Қала ұрлап барады бойымдағы шуымды.

Жанарымның оттығы шашырап көп шамдарға,

Төбесіне үміттің көп күдігім ту ілді.

 

Осы сәтті өлеңнің көрмегені дұрыс ба?

Одағы өзге түйсікке барады екен жылыстап.

Міне содан ақынның өлмегені рас-ты,

Келеді өмір көшімен мәңгілікке тыныстап.

 

***

 

Сен жаққа қарайлаумен күн өседі.

Жалғыздықпен жалыға күресемін.

Біз кездесер сәттерді аңдығандай

Тағдырда таба қояр бір есебін.

 

Бұл аңсарым айналып шын арманға,

Бара жатыр сауал боп сұрар жанға.

Оңашаға асығамын ылғида мен,

Жету үшін сен келіп тұрар манға.

 

Жүздесер келмесе де күн реті,

Сезінуге – онда бар жұмыр еті,

Сүйдіруге жетпеген мейрімі ме?

Сүйдірмеуге жеткені құдыреті.

 

Тиіп-қашып екі ойдың ұшығында,

Тапқаны аз қара түн құсының да.

Тек жұлдыздар ұқтырды болатынын:

Көз жұмудың кешігер тұсының да.

 

***

 

Кетеді ғой, ол құс бір күн кетеді.

Кетем мен де және ұқпай.

Бұлтқа қонған бақытына жетеді,

…Жүрсе болды жалықпай.

 

Жазғырмасын, мен қаламның ұшынан

Ағып түскен мұң, оймын.

Маған келсе, қалыпты күй ұсынам,

Сырын айтып түн, Айдың.

 

Мұң наласын көрмегесін, қалап бір,

Мендік хәлден аулақ ол.

Үнсіздікті үмітіне балап құр,

Кете берсін… Алда жол.

 

***

 Ой ұшқындарына малынып,

Түннің ескі аңыздарына бағынып.

Төгіліп түскен сананың жүгін,

Жыр қылып бердім, барым ұқ.

 

Микроорны миымның барат тарылып,

Кетердей ойдан жарылып.

Жек көріп барам есею жылын,

Ойсыз кезімді сағынып.

 

Айдың көмескі нұрына жалынып,

Қуатымды іздеп шағынып.

Ширегі сөнген жарық күнімді,

Қайтаруға жоқ сәл үміт.

 

Іштей өлі, өз фобияма қанығып:

Не үшін келдім қамығып?

Тақ формуласындағы өмірде,

Кімдерді күтем сарылып?

 

…сағынып.

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ақтөбе облысында72 жастағы Людмила Скрипниктің ешбір жақыны, өзімен бірге ешбір құжаттары болмаған,...

ТЕАТР

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында 27, 28 сәуір заманауи қазақ драматургиясының жаң...