Қанжар және қылқалам (Дзисэй: өлім алдындағы жыр)

Фотосурет ашық дереккөзден

ПОЭЗИЯ
485

Минамото-но Ёсииэ (1039-1106) және Абэ-но Садато (1019-1062)

Бұл жыр Коромо қамалы үшін болған шайқас үстінде туған. Жеңімпаз қолбасшы Ёсииэ қашып бара жатқан көтерілісшілер көсемі Садатоны қуып жетіп, оған өлеңнің алғашқы жолдарын айтады. Садато болса ат үстінде шауып бара жатып, қазақша айтқанда, суырыпсалмалықпен жауап қайырады.

 

Минамото

 

Қамалың құлап, қирады,

Сауытың да сөгілді,

Қаусырмалары, баулары!

 

Абэ

 

Уақыт жеп тозған екен-ау,

Жасыл жіптері тігістің.

Соған ғана қапамын!

 

Садатоның жауабындағы «жіптердің тозуы» тек сауыттың емес, бүкіл әулеттің немесе дәуірдің құлдырауының метафорасы.

Бұл оқиғаның соңы таңғаларлық: Садатоның осыншалықты талғампаз әрі жылдам жауап қайтарғанына тәнті болған Минамото-но Ёсииэ садағын төмен түсіріп: «Мұндай сәтте өлеңмен жауап қатқан адамды өлтіру – нағыз жауыздық» деп жауын жібере салған деседі.

 

Минамото-но Ёримаса (1106-1180)

    

Ақын әрі жауынгер. 1180 жылы Тайра әулетінен жеңілгеннен кейін жапон тарихында тұңғыш рет сэппуку (харакири) жасап өлген.

Жер астында шіріген,

Жеміс бермес, гүлдемес

Уа, қайырсыз бөрене!

Мағынасыз өмірге,

Мен де сендей көмілдім.

 

Оның өлімі жапон шежіресіндегі ресми тіркелген алғашқы сэппуку (харакири) саналады.

Тайра-но Таданори (1144-1184)

Тайра әулетінің қолбасшысы. Итинотани шайқасында қаза тапқан Таданоридің дулығасының ішінен шиыршықталған қағазға жазылған осы жырды тауып алады. 

Ұзақ жолда түн ауа

Ағашқа кеп сүйеніп,

Көлеңкесінде көз ілдім.

Сакураның гүлдері

Сая болар осы түн.

Тайра-но Корэмори (1160-1184)

Тайра әулетінің қолбасшысы. Гэмпэй соғысында жеңіліп, 24 жасында Нати сарқырамасының маңында теңізге секіріп, өз-өзіне қол жұмсаған.

Өзгермейтін ақиқат:

Фәниге келген әрбір жан

Бақиға кетер түбінде.

Әлемде әділ жоқ қаулы,

Ең әділ үкімақ өлім.

Сайгё (1118-1190) жапон әдебиетінің аңызы, сопы-монах және табиғат жыршысы. Сайгё өзі армандағандай, сакура гүлдеген көктем айында, ай толған сәтте дүниеден өткен.

Өлсем екен көктемде

Сакураның ағашы

Гүлін көктен төккенде.

Аспандағы толған ай

Сәулесі мені өпкенде. 

Фудзивара-но Мицутика (1176–1221)

Муцу өлкесінің билеушісі. Император Готобаның сәтсіз бүлігіне қатысып, сатқындыққа ұшырап, жазаға кесілген.

Лестіріп жылдың ағысы,

Қалқыған алыс аралға

Тастады жалғыз өзімді.

Иен дала, жазықта,

Таңғы шықтай мөлдіреп,

Ғайып болам күн шыға…

 

Фудзивара-но Норимоти (1185-1221)

Император күзетінің бастығы. Дзёкю бүлігіне қатысқаны үшін жазаға кесілген. Ол өзін басын кесіп емес, суға батырып (тордың ішінде) өлтіруді өтінген.

Жат өлкеде, шалғайда,

Тұңғиығына өзеннің

Батамын, еркім тұсаулы.

Құша да алмай соңғы рет,

Сүйген жарымды құсалы. 

Сайто Досан (1494-1556)

 Жапонияның ең айлакер әрі қатал қолбасшыларының бірі. Оны тегіннен-тегін «Мино жыланы» деп атамаған. Ол билікті басып алудың шебері болғанымен, өз ұлының сатқындығынан мерт болды.  Ұлы өлтіріп жатқан сәтте айтқан бұл сөздері өкініш емес, керісінше, әлемді менсінбеушілік пен салқынқандылықтың көрінісі.

 Өкінішсіз,

Тәрк етемін тәнімді,

Бақыр тиын тастағандай

Қайыршыға керексіз.

Оути Ёситака (1507-1551)

 Суо өлкесінің билеушісі. Ол әскери күштен гөрі өнерді жоғары қойған. Бұл оның билік үшін болған қанды шайқастарды көріп, бәрінің де өткінші екенін түсінген сәті.

 

Соғыс ойын алаңында

Жеңілген де, жеңген де,

Таңғы шықтың ғұмырындай тым келте,

Найзағайдың жарқылынан тым ерте

сөнеді екен.

Асикага Ёситэру (1536-1565)

Асикага әулетінің 13-ші сёгуны. Ол өз сарайында жауларымен қасық қаны қалғанша шайқасып, ақырғы сәтте осы шумақты қалдырған.

Жазғы маусым жаңбыры,

Төгілген жас па? Шық па екен?

Уа, мұңдасым, көкегім!

Қанатыңа жазып атымды,

Бұлттардан асыр хатымды!

Уэсуги Кэнсин (1530-1578)

Ол «Этиго жолбарысы» атанған, соғыс құдайы Бисямонтэннің жердегі бейнесі саналып, ешқашан жеңілмеген ұлы қолбасшы. Оның өлімі 1578 жылдың көктемінде үлкен жорыққа дайындық үстінде болған. Ол сакэні жақсы көрген және тағамына тұзды көп қосқандықтан, қан қысымы көтеріліп, миына қан құйылып өлген. Ал «Небо и земля» (1990) фильмінде оған қастандық жасалып, қанжар сұғып өлтірілгенін көрсетеді. Өлер алдында ол осындай жыр қалдырыпты.

 

Қырық тоғыз жылғы ғұмырым,

Бір түндік қана түс екен.

Бір тостаған шараптай

Ұрттап ішер іс екен

Дәуірлеген дәуренім.

Тояма ханымның тағдыры жапон тарихындағы ең ауыр әрі ең асқақ трагедиялардың бірі. Такэда әулетінің күйреуімен бірге, ол өз жары Кацуёримен және ұлы Нобукацумен бірге харакири жасады.

Шатасты жібек қара шаш,

Шешілмес тағдыр ісіндей.

Мөлдір шық буға айналды,

Көкке ұшқан Рухтың көшіндей.

Ходзё Удзимаса Одавара қамалының соңғы иесі. Тоётоми Хидэёсидің қалың қолына төтеп бере алмай, әулетінің амандығы үшін өз өмірін қиған трагедиялық тұлға. 

Уа, күзгі жел, ес енді,

Түр бұлттардың түндігін.

Қызыл іңір болғанда

Көкірегім мен көгімді

Ай нұрына бөлесін.

Белгісіздік келген жақ,

Белгісіз қайтар жағымыз.

Тереңірек ойласақ

Тән – топырақ,

Құдайдікі жанымыз!

Гүлдер қалай жек көреді

Ескен желді көктемгі?

Һәм сарғайған жапырақтар

Күз көшкенше атыраптан

Бірі қалмай үзіледі.     

МӨЛДІР ШЫҚТАР ТІЗБЕГІ

(танкалар)

Мибу-но Тадаминэ

 

Қоңыр жел есіп күзгі,

Жетіген ішегін шертеді.

Әуен сырлы бойды алып,

Дірілдеп кетті-ау жүрегім,

Сағыныш мұңы оянып.

 

             ***

 

Жеңіл бір жел ессе болды,

Алыстап кетеді көшіп,

Таудағы ақ бұлттар.

Бұлттардай тұрақсыз ба еді,

Сүйіктім, сенің жүрегің?

Саканоуэ-но Корэнори

Тау арасы, алқапта,

Кепкен күріш дестесі…

Күз келгенде өз ұясын қия алмай,

Қаздар көктен жас төкті,

Қиқуына мұң қосып.

Митицунаның анасы

Тән қозып су тасыды,

Көлеңке мүсінің елестеп.

Сағынғанымды айтсам ба?..

Қаулаған шөптер айнытты,

Бейнең де кетті бұлдырап.

   ***

Тұманды түн,

Ай секілді тағдырымның жазуы

Қу медиен құлазу?..

Қайсысының түбі терең,

қараңғы?

Шығар жол жоқ,

Солғын тән мен соқыр бақ!

Сонэ-но Ёситада            

Көктемгі таудың бөктері.

Отыншы суық аттанды.

Бүр жарған терек-талдарға,

Сілтеме суық балтаңды!

Шабатын жерің – қу болсын,

Шаппаған жерің – гүл болсын.

                ***

Түсінен оянды ма

аппақ гүлім,

Тамшылап маңдайынан

моншақ тері.

Шашы да ұйықтағанда қобырайды,

Көңілім жатсынбайды, суымайды.

Исикава Такубоку

Аппақ бір күшік жүгіріп,

Өтті аула тұсынан.

Сұрадым сонда жарымнан:

«Біз де бір жан иесін

Бауырға бассақ қайтеді?..»

 

Идзуми-Сикибу 

Сүйсініп қарап тұрғанда,

Дірілдеп ағаш бұтағы

Үзілді алқа күлтелі.

Көп күттіріп төгілдің

О, сакура гүлдері!

                  ***

Шуақты күні балықшы,

Алаңсыз ескек еседі...

Ой аулап тыныш қайраңнан.

Құлазу қалды жағада,

Жалғыздыққа байланған. 

                  ***

Түнекті кешіп келіп ем,

Түнекке қайта бет алдым...

Жазмышым, неткен қаталсың?!

Қырқадан асқан қияқ Ай,

Қызырлы нұрға матарсың!

 

Өлеңдерді «Предсмертные стихи»,

«Японская классическая поэзия» жинақтарынан аударған Төрехан Нәси 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы қаласында 81 жастағы зейнеткерді ұрлап, оның жылжымайтын мүлкін өз атына жаздыруға әрекеттенг...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Белгілі саясаткер әрі қоғам қайраткері Бахыт Түменова өмірден өтті. Бұл туралы мәж...