Омарғазы Айтанұлы Омарғазы Айтанұлы 1931 жылы 20 қарашада Шынжаңның Тарбағатай аймағы, Толы ауданыны...
Қуаныш Жазай. Жас боп ілінсем кірпіктеріңе...
Фотосурет автордың жеке мұрағатынан
Қуаныш Жазай – 1994 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Талас ауылында дүниеге келген. «Толқынға қарсы», Жыр-дария» атты кітаптары жарық көрген. Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты.
ГҮЛ
Гүл ғой ол!
Құмырадан шықса өледі,
Ұқпаған кейіпке еніп ұқса да оны,
Қарайды көзін алмай терезеден,
Үзіліп кетердей боп «қыпша белі».
От тастап, өзегіне шала тастап,
Қыздар-ай, қыздар күліп барады асқақ.
Ол да еріп кетсем дейді соңдарынан,
«Етегін» жалаңаштап...
Паң күліп, кербез басып, сөйлеп керім,
Қалайды өмірінің тойда өткенін.
Сосын ол бәлсінеді құмыраға,
«Бойжеткенін».
Аңдасам, сол гүл бүгін кеңдік тілеп,
Майысқан қос сабағын қол ғып тіреп,
Қашардай қарғып шығып құмырадан:
«Көрсетпе енді мына қорлықты!» – деп.
Ол айтқан қайғылы әннен,
Сыр аулап, жатам үнсіз ой құраумен.
Көкем-ау, олар қыз да, сен гүлсің деп,
Шіркінге ұқтыра алмай қойдым-ау мен...
БӨЛУ
Бәрін теңдей бөліпті,
Жібермепті бір тиын:
Алтын,
Ақша,
Көлікті,
Жер телімі,
Мүлкі,
Үйін.
О, бұл күні, бұл күні,
Қос жанары мөлдіреп,
Екеуінің тұрды ұлы,
Мені қалай бөлді деп.
Үй сияқты сатпады,
Ақша сынды бөлмеді.
Қос сөмкеде жатпады,
Ондай құрмет көрмеді.
Бірақ бөлді.
Жоқ, тірі!
Басты, әнеки, ол қадам.
Екі жаққа кетті ұлы,
Қақ бөлініп ортадан...
* * *
Жас боп ілінсем кірпіктеріңе,
Басқа ой шомуға асықпа.
Орамалыңмен сүртіп мені де,
Тастай салуға асықпа.
Күн көркемдеген, Ай әсемдеген,
Рең беріп өң мен түсіңе,
Армандарыңды боясам деп ем,
Кемпірқосақтың түсіне.
Басқадай ойым жоқ еді, жаным,
Томсарып, қабақ шытпай кел.
Жаумайтын ба еді әуелі жауын,
Жауыннан кейін шықпай ма ол!
Қайтесің налып уақытқа өтетін,
Жан емес ең ғой өкпешіл?
Жылатып алып бақытты ететін,
Шығармын аспан тектес ұл...
Жас боп ілінсем кірпіктеріңе,
Басқа ой шомуға асықпа.
Орамалыңмен сүртіп мені де,
Тастай салуға асықпа.
Бақыт боп әлі-ақ жаяр құшағын,
Алғашқы тілек, ілкі үміт.
Кешпеген, кешкен аяулы шағың,
Кетпесін бірге сүртіліп...
ҚОЛ
Тартылып кенет қалды аяқ,
Жағаға жету – құр үміт.
Далбасалаған жанды аяп,
Бермейді, тіпті, су ырық.
Сарқылды күшім, ауды есім,
Тап қазір өлсем...
Обал-ақ.
Жіп қылып Күннің сәулесін,
Қолыма мықтап орап ап,
«Құтқаршы» дедім міңгірлеп, –
Жаңғырта алмадым алапты.
Су асты қара құрдым боп,
Тереңге тартып баратты.
Сығымдап ұстап сәуледен,
Соңғы рет сонда аһ ұрып,
Өзіммен бірге көлге мен,
Күнді де алдым батырып.
Шырылдап шыбын жан тұрды,
Шыжылдап сөнген Күндей боп.
Түсіме кейін сан кірді,
Өңімде кешкен бұл бейнет.
«Жеткенше түпсіз тереңге,
Мен өлем,
Қазір Күн де өлмек...
...Барлығы бітті» дегенде,
Саусағын созар бір қол кеп.
Сол бір қол ажал құрғырдан,
Мені де қалды құтқарып.
Менімен қоса құрдымнан,
Күнді де бірге шықты алып.
Оянған шақта, о, ғажап,
Дүние тегіс күліп паң,
Мен батқан тірлік толы азап,
Келмейді, тіпті, жұлықтан.
...Серт еттім мәңгі өлмеуге,
Сенем мен,
Сезем мен бәрін:
Көмгенде мені көрден де,
Суырып алар қол барын...
* * *
Ұшты-ұшты, кім ұшты? – Талғат ұшты,
«Айға» бірақ қоныпты. Зорға түсті.
Мұсабаевтай¹ аңыз болмаса да,
Ол да өзінше ғарышкер, ол да күшті.
Күштілігі емей не? – Қырдан асып,
«Ай бетінде» қырық жыл жүрді адасып...
«Ай бетінде» қырық жыл жүрді адасып...
Енді, міне, ішінің тұрғаны ашып.
«Ай» дегені – қала еді. Сауық көрді,
Одан байыз тапты ма ғаріп көңілі?!
Қырық жылда іздеген жан рахаты,
Ауылында екен-ау... соны ұқты енді.
Мұндағысын ойға алса ол есінеп –
Ізі тұрмақ, алданар елесі жоқ,
Қайран есіл жылдар-ай! «Айға ұшам» деп,
Жанып кеткен дәл ғарыш кемесі боп...
«Көшем!» – деді, шырқады ауыл әнін,
Жадырауын қарашы, жадырауын!
...Қайран Тәкең құшақтап жылап тұрды,
Құлап қалған киелі шаңырағын...
¹Талғат Мұсабаев
* * *
Ай!
Мұңлық Ай!
Мұңлық Ай!
Екеуімізді серік етті қу құдай.
Маған еріп бекер келдің қалаға,
Не жоғалттың, құрғыр-ай?..
Жалғызсырап мені өледі деп пе едің,
Маған еріп, қане, арманға жеткенің?
Орта жолдан Мойнақ ерді, сен аздай,
«Ерме!» – дедім, «кет!» – дедім.
Екеуіңді бір сыбап,
Қара тасты уысыма ап,
Құлаштай кеп атып қалдым, обал-ай,
Тиді, білем, ыңсылап.
Мойнақ қалды өкпелі,
Ойлап қалды қаныпезер деп мені.
Қал! – деп саған қайыра бір тас аттым,
Атқан тасым жетпеді.
Тұрсың енді жанарыңнан тамып шық...
Мойнақ құрлы болмадың ғой, талықсып,
Талып ұйықтап жатпас па едің ауылда,
Ауызыңнан ағып сүт...
Ай!
Мұңлық Ай!
Қате кетті, кеш, менен,
Жөн еді ғой мен бейбаққа ілеспеген.
Маған еріп бекер келдің қалаға,
Ал келмесең... не істер ем?
ҚАҢБАҚ
Тағдырыңды текке қарғап,
Құсада өткің келмесе,
Сен үзіліп кетпе, Қаңбақ,
Сен мықты бол, ендеше!
«Еркін күл!» – деп,
«Еркін жүр! – деп, –
Мен ұсынған жолда әман...»
Жел күн-түн кеп, желпіндірмек,
Сене көрме, сенбе оған.
Із қалдырмай, бұл күнді естен
Ұмыттырар ол тірлік.
Қуғын көріп, сүргін кешсең,
Оның несі Еркіндік?!
Еменді де алып ұрған,
Желден қайыр күтпегін.
Ажырама тамырыңнан,
Ажырасаң – біткенің!
Тағдырыңды текке қарғап,
Келмесе егер текке «өлгің»,
Сен үзіліп кетпе, Қаңбақ,
...Мен үзіліп кеткенмін...
* * *
Ауырмай да, сырқамай да, жөтелмей
Шықты сол түн,
Енді айығып кетердей,
Қуандым-ау, қуандым-ау, қуандым,
Сөйтсем оның бой жазғаны екен ғой.
Жанарына өзгеше бір сәуле еніп,
Ешкімде жоқ мейіріммен алды өбіп.
Қуаттанды, шуақтанды... содан соң,
Тура менің атам сынды қалды өліп...
Жас ақпады, ақты көзден кермек тұз,
Өлген Жазды келді солай жерлеп Күз.
Бәрін үнсіз ұзатып сап, аулақта,
Ебіл-дебіл жылап тұрды мен боп түз.
Жас тамбады, тамып түсті балалық,
Самал едім, боран болып оралып,
Жапырақтарды үзіп жүрмін бір-бірден,
Алыңыздар, алыңыздар – тәбәрік!
БАЛМҰЗДАҚ
Өткен күндер қайта оралмас, өкініп
Еске аламын жүрек сыздап, жан мұздап.
Анау шеткі орындықта отырып,
Әлі есімде жейтін едік балмұздақ.
Ол кезде өмір балмұздақтай тәтті еді,
Ол кезде өмір ертегі еді ғажап тым.
Бұл ғаламда теңдесі жоқ, жоқ теңі,
Дәурен кештік азақ ғұмыр, аз-ақ күн.
Сол ғұмырға қойды тағдыр тез нүкте,
Амалсыздан екі жолды таңдадық.
Сонда өмірдің суығына төздік те,
Ыстығына неге төзе алмадық?..
Сертімізді неге бұздық? Бұ қалай?
Бастан кештік аптабы мол тамызды,
Біздің сезім сол аптапқа шыдамай,
Балмұздақтай еріп кеткен тәрізді...
Ескі бақта құлазимын жалғыз ғап,
Одан басқа амалым жоқ, әттең, еш...
...Өткенді еске ап,
Жеп отырмын балмұздақ,
Бірақ ол да бұрынғыдай тәтті емес...
* * *
Есіңде ме екен, жан ана,
Өшірдің бе екен ойдан сен?
Жөнелсем болды далаға,
Батпақпен ғана ойнаушы ем.
Тұрғыздым небір «қамалды»,
Аспадым құлақ саған түк.
Батпаққа батқан балаңды,
Алушы ең күнде ағартып.
Дариға-ай, шіркін, тап сонда,
Кешпедім екен не батпақ?
Қап-қара лайға батсам да,
Жүрегім, жаным еді әппақ...
Қазір ше?
Әсем ырғақпен,
Басамын таза жолды ыңғай.
Батпақ не,
Батпақ тұрмақ мен,
Үстіме тозаң қондырмай.
Жарқылдап өңшең дүрменен,
Жүремін ұқсап «мақтаға».
Сонда да жүрек кірлеген,
Сонда да жаным қап-қара.
Ол үшін, тіпті, ешкімге,
Кінә артып, айып тақпағын.
Кешем деп, ана, кештім бе,
Өмірдің лайлы батпағын?!
Кетейін сенен садаға,
Болайын құлың кәдімгі.
Ағартып берші, жан ана,
Батпаққа батқан жанымды...
* * *
Жан қалтама жүрем ылғи тас салып,
Жоқ, ойым жоқ көз шығарар, бас жарып.
Ұйықтасам да, сол бір тасты басыма,
Жастық қылып жата кетем жастанып.
Жай тас емес, жай тас емес көрсең ол,
Ол ерен күш – не төнсе де еңсерер.
Мысалы, оны сығымдаймын – Алматы,
Мені құм қып үгіткісі келсе егер.
Сол қара тас болмағанда – басынып,
Мені Алматы тастар еді рас үгіп.
Әлдекімнің табанына басылып,
Әлдеқашан қалар едім шашылып...
Сол тас барда – көңілдің бар хош, емі,
Мықты болсам тағы соның әсері.
«Үгітілме! Аласарма!» деп берген,
Ол өйткені туған жердің тасы еді.
Аласарсам – керемін де иық кең,
Бойға алапат қуатымды жиып мен,
Сол бір тастың төбесіне шығып ап,
Алматыға қарап тұрам биіктен...
* * *
Жо-жо-жоқ, жаным, бекер алдайды,
Жақсылық емес бұл түбі.
Жасыңды сенің көтере алмайды,
Қап-қара түннің кірпігі.
Сенбесең, жыла, жасыңды көріп,
Қасыңа келсін жаны ашып.
Жұлдызын көкке шашып жіберіп,
Болашағыңа бал ашып:
«Сенің жұлдызың жоғары!» – десін,
Көкірегіңе жақсын от.
«Барлығы жақсы болады!» – десін,
Кете ме содан жақсы боп?
Алданып соған қуанасың кеп,
Аспақ боп менсіз асуды.
Айтқан ол сені жыламасын деп,
Көтермеу үшін жасыңды.
Кеудеңді тағы кернейді өкпе, мұң,
Алдайды одан бетер ол.
Жаным, сен түнді мен ғой деп пе едің,
Тік тұрып бәрін көтерер...
* * *
Мін іздеп асқақ жырымнан,
Мешел ой, тапал түсінік,
Өзіме лайық тұғырдан,
Тастады бірде түсіріп.
Мұқалып барып қайралдым,
Дедім де: «елеп-ескерме»,
Қап-қара тасқа айналдым,
Соларға ерегескенде.
Көз ілген түнде кезім кем,
Безінген жаннан пақырмын.
Өзімді қашап,
Өзімнен
Ескерткіш сомдап жатырмын.
Әзірше тұрқым тас қана,
Түспеді кескін онда әсем.
Сондықтан мені басқаға,
Ұқсатып әуре болма сен.
Мен емес әлі бұл тұрған,
Жай ғана нобай, «елесім».
Астынан дара, дүр тұлғам,
Жарқ ете қалар, көресің.
Ал оған дейін бас қамшы,
Не істесең дағы үлгергін.
Маңдайымдағы қос тамшы,
Домалап... жерге сіңген күн:
Қош айтып ғазиз ғұмырға,
Аласармастан өр еңсем,
Отырам барып тұғырға,
Түсіріп көрсін содан соң!