Сириялық, жоқ, Сириялық емес, әлемдік ақын Адонисті қазақ қауымы Аллен Гинзбург яки Йоргос Сеферисті...
Торғайда «Кеңшілік оқулары» өтті
Фотосуретттерді автор ұсынған
Бас жүлде – Жақаң ауылында, бірінші орын – Ақаң ауылында
Қостанай облысының Жангелдин ауданында жыр сүйер қауым асыға күткен «Кеңшілік оқулары» шығармашылық жастар байқауы мәресіне жетті. Ұлт ақыны Кеңшілік Мырзабековтің 80 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған дүбірлі дода Торғай даласын қара өлеңмен тербеп тұрды.
Іс-шара орталық зираттағы ақын бейітіне тағзым етіп, рухына Құран бағыштаудан басталды.

Одан кейін қатысушылар байқаудың ашылу рәсіміне жиналды. Онда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қаринның, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың және Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің байқауға қатысушыларға жолдаған ізгі тілектері жеткізілді.
Жыр бәйгесіне Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Алаштың ардакүрең ақыны Ғалым Жайлыбай, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қаламы қарымды суреткер Нұржан Қуантайұлы, ақындар Олжас Сәндібек пен Жәнібек Әлиман арнайы қонақ ретінде қатысты. Сонымен бірге ақынның ұрпақтары – белгілі әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы мен жұбайы Ләззат Жүнісова және Мағжан Мырзабеков той төрінен табылды.
Мектеп оқушылары арасында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Кеңшілік оқуларына» Амангелді Кеңшілікұлы тікелей ұйытқы болғанын баса айту керек. Байқаудың негізгі идеясы мен мазмұндық деңгейінің жоғары болуына оның бағыт-бағдары айрықша әсер етті.
Бұған дейін ақпан айында өткен іріктеу кезеңіне аудан мектептерінен 62 оқушы қатысқан екен. Солардың ішінен 28 үміткер осы байқауға жолдама алған.
Сайыс екі номинация бойынша өтті. «Қарлығаш дәурен» атты мәнерлеп оқу бағытына 20 оқушы қатысса, «Іңкәр дүние» номинациясында 8 жас ақын өз өлеңдерін оқып, бақ сынады.
Ақын өлеңдерін оқыған үміткерлер бірінен бірі өтеді. Бәсеке тартысты болды. Арасында 35 өлеңге дейін жаттаған оқушылар да кездесті.
Осы жерде жыр сайысының 1-номинациясына ақынның ұрпақтары мен туыстары 9 арнайы жүлде тағайындағанын бөліп айту керек.
Сонымен «Қарлығаш дәурен» номинациясы бойынша Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектептің 5-сынып оқушысы Перизат Серік үшінші орынды иеленіп, Әбіловтер әулеті атынан 100 000 теңгелік сыйлыққа ие болды. Екінші орын Н.Г. Иванов атындағы мектептің 6-сынып оқушысы Қазымбек Зереге бұйырып, Өсеровтер әулеті тағайындаған 120 000 теңгелік сертификатпен марапатталды.
Бірінші орын алған Аңсаған Қоңқабаев атындағы мектептің
7-сынып оқушысы Айбат Балтабайға Ағытаевтар әулеті атынан 150 000 теңгелік сыйлық табысталды. Ал бас жүлдені Міржақып Дулатов атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Назерке Серікқызы жеңіп алып, Мырзабековтер әулеті тағайындаған 200 000 теңгелік сертификатқа ие болды.
Сонымен қатар бес оқушы Сәбілов, Қасымов және Жолпатовтар әулеті тағайындаған 50 000 теңгелік ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Бұл номинацияда бас жүлдені Жақаң мектебінің, ал бірінші орынды Ахмет Байтұрсынұлының туған жері – Ақкөлдегі Аңсаған Қоңқабаев атындағы мектептің оқушысының иеленуі ерекше символикалық сәйкестік ретінде қабылданды.
Жас таланттардың жолын ашып, оларға рухани дем берген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының асыл рухы қолдап, әрдайым жебей берсін!
2-номинацияға қатысушы үміткерлер де жүлдесіз қалған жоқ. Ғалым Жайлыбай төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы мен Қостанай облыстық өкілдігі, сондай-ақ Амангелді Иманов қоғамдық қоры және кәсіпкер Қасым Жүнісов тағайындаған арнайы ақшалай жүлделер 8 жас ақынға тең бөлінді.
Байқауды жоғары деңгейде ұйымдастырып, жанашырлық танытқан Жангелдин ауданының әкімі Дінмұхамет Бидашевқа, оның орынбасары Еренбол Алматовқа, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанар Шалабаеваға, сондай-ақ Білім бөлімінің басшысы Абай Қасымға және барша торғайлықтарға риясыз ризашылығымызды білдіреміз.
Ұлт рухын ұлықтаған айтулы дода алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасып, жас таланттардың шығармашылық шыңдалуына жол ашары сөзсіз.
Мұхарбек Жәкейұлы