Заида Елғондинова, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «...
Нұрлан Хасиханұлы. Сағыныш терең теңізден
Фотосурет автордың жеке мұрағатынан
СЕКЕН АҒА, МЫҢ СӘЛЕМ!
Аңыз бейне,
кеш сағынып, түн күтіп,
таң іздей ме?
Қарлы шыңым,
күй-ғұмыр, амансың ба?
Жазғы қармен жылайды
тамыз кейде...
Дара бозым, көңілге
сыйла жарық,
сағынышын даламның
жинап алып.
Желпігенде күз желі
ақ жауынды,
теңіз толқып кетеді бұйраланып.
Мақпал әнді Балауса
бір қыз салса,
жылжып жатқан сынап күн, жыл-күз аңса.
Ару анам айтады Секен жайлы,
Шығыс жақтан іңірде
жұлдыз жанса.
Өмір тәтті,
әрине, жаныңнан да.
Бұ жалғанды сүйемін жаным барда.
Секен аға, сізге хат жазып тұрмын,
сарғалдағын даламның сағынғанда...
2016.11.20
***
Секен аға, сен бүгін түсіме кірдің,
сағынышы оянды кісінеп ұлдың.
Керуен көшкен күйіңе өлең оқып,
құшақтап ап кеттің сен ішіне гүлдің.
(Түк те қажет етпестен түсіне білдің.)
Өмір жайлы өлеңін Ұлықбектің
күбірлеумен содан соң жүріп кеттің.
Ертіп алып артыңа кеттің мені,
хабарласқым келген соң тұрып кеттім.
Сілекейін ұйықтамас
ағызып Ай,
күнде қысқа... түн қысқа, о, қызық-ай!
Аңызғақта жүрген бұл бауырыңды
бауырыңа бастың сен, аңызым-ай.
2019.05.12.
***
Айтар бар әлі басқада,
базардың өзі растама.
Сіздерге арзан – ресторан,
біздерге қымбат – асхана.
***
Азымды қашан көп қылдың,
ағайын едік – өрт қылдың.
Төренің тамыр, бұтағы
азығын көрер төрт жылдың.
Сіздер жақ жүрер биікте,
біздерге қашан сеп қылдың?
Тірінің қамы – тіршілік,
өлтірем десең – өткірмін.
Туған жер үшін деген сөзді
туған үй іші деп білдім!!!
Мен білген және сен білген –
растық осы-ау, ел білген.
ТӨР-летіп кетсе ағасы,
терлейді іні тендермен.
Жоқшылық көрген пендені
тоқшылық бар деп сендірген.
Артық ғып бірін-біреуден,
тыртық ғып қойдым кем кімнен?!
Балгердей сайлау баяғы
құмалақ салып көндірген.
Сырқатым шықпай сыртыма,
ішімнен кейде өлдім мен!
Айтар бар әлі басқа да,
базардың өзі растама.
Сіздерге арзан – ресторан,
біздерге қымбат – асхана.
Партия айтып келеді,
парталас өскен дос бала.
Шегеді шыдық шылымын,
амал жоқ енді, рас ғана.
2024 жыл
***
Кигіз үйдің кеудемде оты жанып,
қиялымда қария отыр анық.
Өмір сүріп келемін содан бері,
жазба түрін өмірдің оқып алып!
Көркем еді көне күн – жаңаланбас,
жығылып бір жатсаң да, жара қалмас!
Қала кезіп кеткенде – ауыл, дала,
сағынуды үйретті маған алғаш.
Содан бері сілкініп отырамын,
тарыдайын тап-таза, о, тұрағым.
Жарты жолда кеткен бір жақсыларым,
томпайып тұр алыста топырағың.
Аңсап жүрер әлі де сол жанарым,
ауыл жаққа қараймын – толғанамын.
Қарт далама бір барып қайтар кезде,
түніменен тартады оң қабағым.
19.02.01
***
Боранмын,
желмін,
тамшымын...
Осқыла, жалған қамшы-күн.
Тау-тас та өскен тағдыр-ай,
ерітіп ішкен қар суын!
Кеберсіп көңіл босама,
бал ғұмыр – мекен осы ара.
Теріскен тіліп табанды,
тікеннен тердік Тошала.
Бай далам менің байтағым,
бақытты сенен байқадым.
Елес күн ешбір есеймей,
ізімді көріп қайтамын.
Ат қылып міндім шырпыңды,
естиді аспан күлкімді.
Ақ сақал атам алдында
айраннан салғам мұртымды.
Қымыздық емдім саяңнан,
қырыңда ұйықтап оянғам.
Бұл саба көңіл толқыса,
іркітін ішіп май алғам.
Қырау күн,
жылдар, тез өттің,
керуен-көш, мен де кезекпін...
Жел соқса, көксеп кетемін,
...иісін іздеп тезектің...
Көне далама
Ойландым үнсіз бұл түні,
күз бөлеп мендік күлкіні.
Кіндікті кескен шопан үй –
кісінеп барам бір күні...
Уақытқа зекет – өткенім,
...өзіне айтпақ өкпе кім?
Ақпанның соңғы қарынан
көтерсін құрсақ көктемім.
Жүрегім – «Булкан» жарылыс,
ар жағы Алтай – әлі қыс.
Бұлт боп ұш, тезек, бұрқыра,
иіскеп-сүйсін сағыныш.
Дариға дәурен, дариям,
тағалы далам – жан-ұям...
Бура бас тау боп көрінер
таяғы қойшы қариям.
***
Теңізім – Абай,
тау – Қасым.
Сезімім – Секен, лауласын.
Көбелек ғұмыр – гүл көңіл,
ауылда еркін аунасын.
Ойландым солай бұл түні,
күз бөлеп мендік күлкіні.
Кіндікті кескен шопан үй –
кісінеп барам бір күні...
***
Қалды екен, ал қазір ауылда кім?
Күзетіп жүр күзеуді дауылдарың.
Құшағыма сыймайтын алып едің,
жүрегіме сыйғаның – сағынғаным.
***
Біреу боп күліп,
біреу боп жылау –
дейсің бе, жаным, тым оңай?
Ақ терменен,
актёр деген –
жүрекпен сөйлеу, құдай-ай!
Балаша ойлап,
балаша ойнап,
боласың кейде Ұлы Абай!
Өмірдің қысы,
көңілдің күзі
қоймайды бізді сынамай.
Қаншама жұлдыз –
соншама тағдыр
жалт ете түсті шыдамай.
Театр деген –
ұятың менен,
мың дарын жүрер бір орда.
Өмірді айтқан,
көбіңді айтқан –
жазылып жатыр шығарма.
Адасып жүрген,
таласып жүрген
адамдар қанша? Тұманда.
Иесі менен,
киесі менен
қолдасын деймін Бір Алла.
Шыр еткен күймен,
жүрек пен мимен
күйзелістер бар мұнда.
Ән болып келер,
сән болып келер
қаншама күндер алдымда.
Бақытты болып,
уақытты бөліп,
театр, сенде қалдым да,
шын алғыс айтам,
ұлы алғыс айтам
көппенен болған тағдырға.
Театр. 2023.10.17
Мектеп өмір біткен соң –
өмір – мектеп,
ұстаз – уақыт, сумкаңды жеңілдетпек!
Тағдыр деген тақтаңа
«Бақыт» деп жаз,
қоңырауың соғылса –
өмір өтпек...
Сын алғанда құласаң,
осал жағың,
болмау керек екен ғой
бос арманың.
Ұққаныңды ұмытпай
жүрсең болды,
керек емес өмірге бес алғаның!
Мектеп өмір біткен соң –
өмір – мектеп,
сарғаяды, гүлдейді
көңіл көктеп.
Ұстаз – уақыт, сумкаңды ауырлатып,
ұстаз – уақыт, сумкаңды жеңілдетпек!
Тағдыр деген тақтаңа
«Бақыт» деп жаз,
қоңырауың соғылса –
өмір өтпек...
«Өмір – мектеп»
26.01.24
ТЕАТР
Баян-Өлгий аймақтық
М. Құрманхан атындағы
«Алтын жұлдыз» орденді МД театр
1940-шы жылдары
Ақтан ақын бастаған топ ұлдары
өлке үшін, өнер үшін жиналып,
«Қызыл бұрыш» клубын бұл құрғаны.
Улаанбаатар қаласына барғанда
ұлт өнерін ұйып тағы тыңдады.
Батыс жақтан бас көтеріп «Төл өнер»,
шығыс жаққа көрініпті шыңдары.
1955-те асқарлы,
1-жылдық сол оқу-курс басталды.
Маманды сол театрды арман ғып,
мамандыққа қабылдады жастарды.
Өңкей дарын, алғашқылар өнерден
тауып алды тағдырлас гүл-достарды.
1956 – қараша.
Сахнаға асығады таңаса,
дайындық пен уайым күткен балаша.
Аймақтардың арасында Бай-Өлке
3-ші боп есік ашты таласа.
Ол, әрине, Ақ театр ашқан күн –
тарихи сәт, таңбалы сәт, тамаша.
Құрманхан да кезең үстін кезген кез,
Арғынбай да отырған кез бал аша.
Симфония ансамблі он екі –
әр әуенге сүйсіндірген жанаса.
Ән, күй, би мен драма да ол кезде
дара болды, болған емес аласа.
1959 – бұрыннан
армандаған арман еді мың ұлдан,
армандаған бір үн еді сұлудан.
Қабыкейдей қабілетті дирижёр
саз құрайтын деп жүретін сыбырдан.
Ұлт аспаптар оркестрі орын ап,
осы жылы 40-тай боп құрылған.
Құрманғазы, Қорқыттарды жаңғыртып,
бес сызықтың сүрінбеді сынынан.
1976 – даңқы бар,
театрдың абыройы артылар,
қызыл лента салтанатпен тартылар.
«Алтын жұлдыз» орденімен сыйланды –
қолдайтұғын Үкімет пен халқы бар.
Моңғолия мен Қазақстан қуандық,
жақсы баға берді солай жалпылар.
1992 – жаңалық,
жап-жаңа бір театрды қаладық,
қызыл өңі өркен болды қалалық.
«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» қоштасып,
шымылдығын ашты міне дана жұрт.
Бастап тұрған бастық еді Өсағам,
ғимараттың ашылуы – жаңа құт!
Өркені де өсті өзге өнердің,
барлығына басқаша біз қарадық.
2023 – биылғы,
талай дарын жеңген екен қиынды,
өткен жылдар көрсетіп тұр түйінді.
Кетті қанша? Келер қанша таланттар?
Бізді кешір, түсінбесек күйіңді.
Бай демеді өнеріңді ол қоғам,
бар демеді, кедей деді үйіңді.
Ғасыр жаңа реформа ал қазір,
жейсің бірақ жүрегіңді, миыңды.
Үмітіміз үкілі бір аруда –
үріктірмей, біріктірген ұйымды.
Бізден ұзақ жасасыншы ТЕАТР,
Тәңір берер, талант болсаң, сыйыңды.
2023.01.13
***
Туған жер түске енеді,
оятып мені келеді...
Қалада жат күн сияқты,
далаға тарттым себебі.
Бармадым, жаз, күз – жыл өтті,
шалқалап үнсіз кім өтті?
Бесқарағайдың белінде
шүлдірлеп жатыр Шүмекті.
Тошала, балық қуатын,
байлаулы сонда бір атым.
Қатыран ағам қымызы
Сайхан бұлақтан шығатын.
Көз жазып қалсам, көп ізден,
сағыныш терең теңізден.
Күзеуде апам күрішке
сары май салып жегізген.
Ат үсті айтқан қайран ән!
Қазықты таппай айналам,
Тік бұлақ, сені сағынам –
Саяси ағам жайлаған.
Үлкеннен көрген мықтылық
болатын ол кез – бота күн.
Жығымдай атам тік тұрып,
қорғаған оқпен Отанын.
Сол күндер тағы келе ме?
Көш артып кеткен көнеге,
қаладан біреу келерде
топтасып тұрдық төбеде.
Қарап ап қарлы Тіксайға,
демедім сонда: «Қыс қайда?!»
Төрт мезгіл менің жайлауым,
бұл өмір саған ұқсай ма?!
Балалық елес бар анық,
жатса да ғасыр жаңарып.
Мен жайған қалды бір қозым
Хаман шұңқырда қамалып.
Айтпақшы, жер бар Тышаңдай,
бейнесі таудың құс, аңдай.
Өріске сиыр айдаған,
сағыныш жатыр ұшалмай...
Кекілдей болды бұрым күн,
тай мініп қалды тұлым күн!
Ит өлген жақта ит тірлік –
киеңді енді ұғындым.
Көң сіңген жұртым, бол аман,
қой бөлген іңір қорадан.
Іргесін толқын қымтаған,
үйіне барам Донағам!
Қой бөліп, сосын қобыз жан
тыңдайды хабар тоғыздан.
Босанып аспан, толған ай
сәулесін сүт ғып тамызған.
Шаңырақ іші – білте би,
күрсініп алар күрке күй...
Жұлдызды жағып ұйқтайтын,
сөндіріп шамын үлкен үй.
2019.08.21