Жас ақын Алуаға ақ тілек!Жеті ғасырлық жасы бар Әулиағаш – күллі естіген, көрген адамдарды таң...
Жәлел Қуандықұлы. Қаламымды жап-жарық ойға малып...
Фотосурет автордың жеке мұрағатынан
Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ – 1986 жылы 10 қаңтарда Қарақалпақстан автономиялық республикасы, Беруний ауданы, Алғабас өлкесінде дүниеге келген. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университеті, филилогия факультетінің түлегі. Өлеңдері бірнеше ұжымдық жинаққа енді. Республикалық баспасөз беттерінде тұрақты жарияланып келеді.
Халық қаһарманы Жұмабек Тәшенов атындағы «Жылдың үздік ақыны» сыйлығының (2015 жыл) һәм «Жалау Мыңбаев» атындағы сыйлықтың (2021) лауреаты. «Қазақ Республикасына 100 жыл» мерекелік медалінің иегері. Республикалық, халықаралық жыр додаларының жүлдегері. «Құмдауыт» жыр кітабы жарық көрген. Шығыс шайырларының өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалап жүр. Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Қазір Қарағанды облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі.
Жәлел Қуандықұлы – тағдырын сөзге, ғұмырын өлеңге байлаған қаламгер. Қарақалпақтың Алғабасынан басталған өмір жолы Қарағандының рухани кеңістігінде кемелденіп, бүгінгі қазақ поэзиясының салмақты да сергек үніне айналды. Университет қабырғасында қалыптасқан филологиялық таным, баспасөздегі үздіксіз еңбек, поэзия мен аудармадағы табанды ізденіс – барлығы да бір арнаға тоғысып, азаматтық позициясы айқын, көркемдік талғамы биік ақын тұлғасын қалыптастырды. «Құмдауыт» жыр кітабынан бастап республикалық, халықаралық жыр додаларындағы жүлделеріне дейінгі жол – еңбек пен таланттың, адалдық пен табандылықтың айғағы. Қырық жасқа толған осы бір мерейлі сәтте ақынның артында оқырманы бар сөзі, елге қызмет еткен еңбегі, ал алдында әлі талай айтылар ойы, жазылар жыры тұрғаны анық. Осы белесте Жәлел Қуандықұлына шығармашылық қуат, рухани сергектік, қаламына ұзақ ғұмыр тілейміз. Қырық жасыңыз – толысудың, тереңдеудің, жаңа биіктерге бет алудың жасы болсын!

ЖАНАР
Аспан маған жұмбақ мәңгі,
Қарай берем тесіле.
Талай әнін тыңдатқан-ды,
Түспей отыр есіме.
Сол ән бақыт ап кірердей,
Үміттерім нұрланар.
Бақылай ма, қалт жібермей
Сені дағы бір жанар?
Бақылай ма, қимылыңды,
Адам айтса сенгісіз?
Байқала ма, күйі мұңлы,
Қайда, қандай белгісіз?..
Мен сияқты сезесің бе,
Мейірімін барлық уақ?
Аптабына төзесің бе,
Тынысың да тарылып қап?
Сағынады ол, сағынғанда,
Жылайды ылғи егіліп.
Жаспен жарам таңылғанда,
Қалам, нұрға көміліп.
Қабақ түйсе қара ниет,
Күркірейді еселеп.
Сары аяздан талғанда иек,
Ақ ұлпа боп төселет.
Болмысынан төгетін үн,
Тартып түпсіз тереңге.
Ойға шома беретінім,
...мен соны іздеп келем бе?
Мұң кешіп те, күле білген,
Еріндері кезеріп.
Сол жанардың жүрегіммен,
Туыстығын сеземін...
БАЛҚАШ ДӘПТЕРІ
(Цикл)
Көкше теңізге барайық,
Көңілдің емін табайық.
Көктемдей көркем күйменен,
Көкбұйра шашын тарайық.
Бар сырын ұғып жолдың да,
Сүңгиік мөлдір толқынға.
Жүзіміз жансын түнде де,
Ізіміз қалсын сол құмда.
Шағала сезім қалықтап,
Әкетсін алыс-алысқа.
Ауасын жұтып жатайық,
Иісіне мейір қанып қап.
Толқынның таңдап мақпалын,
Тыңдайық терең, тәтті әнін.
Тербеліп қарсы алайық,
Тораңғылықтың ақ таңын.
Далалық үнге құлақ сап,
Айдынға аппақ сыр атсақ.
Жасап бір қалсын жанымыз,
Қалалық шудан жырақтап.
Сыңғырлап күміс күлкің де,
Іркілме жаным іркілме.
Төсіңде өткен бір күнім,
Есімде қалсын мың күнге.
Шірене жатып шалқалап,
Жұздыздан жұтып салтанат.
Айтайық сөзін жүректің,
Қайтайық сезім арқалап.
Ақ тілек арнап көбірек,
Күмбірге толсын көкірек.
Еске алып сосын жүрейік,
«Ол да бір дәурен еді» деп.
Уақытты алтын қор қылма,
Аунайық аппақ сол құмға.
Көзіміз қалсын көк белде,
Ізіміз қалсын толқында…
II
Көкше көл сен терең бе, мен терең бе?
Сені білмен, мен отпын – сен дегенде!
Менің тереңдігім сол – өлмегенде,
Сенің тереңдігің сол – емдегенде!
Келбетің сыйлайтындай хақтан белгі,
Үйіріп, желпіп тұрар мақпал желді.
Сол тылсым құдірет қой кеудемдегі,
Еріткен көптен бері қатқан шерді.
Батпан ойды арқалап саған келдім,
Басып өтіп, тарам да тарам белді.
Жасырмай ақтарамын саған бәрін,
Тереңдігіңді қалқам маған бергін.
Жетіп жатыр саф, таза сенің демің,
Шытпаса екен қабағын керім белің.
Толқындарың толқытсын жан-арымды,
Шүйірмесе болғаны еріндерін.
Жағаңда жадырасын келген жігер,
Көздерден аулақ қонсын төнген шідер.
Мұңыңның бәрін жиып маған бер де,
Жаралы жүректерді емдеп жібер.
Бүйіріңде бүлкіллеп қала жатыр,
Менің жаным көз жетпес далада тұр.
Тереңіңе сүңгиін бір армансыз,
Әжімдерім тереңдеп бара жатыр…
III. ЖАЗ
Күн көзінен жаһанға нәр тарап паң,
Жаздың иісі аңқиды шартараптан.
Қысқа ғана ғұмырын қимағандай,
Ақ көбелек ұшады қалбалақтап.
Жалғыз емен өмірге сірә ғашық,
Беу, тіршілік кеудемді жарады ашып.
Мінезінен сауықшыл ұялғандай,
Шегірткелер алдымнан тұра қашып.
Таңғы таза жұпардан жалықпаған,
Инеліктер ауада қалықтаған.
Дәл солардың зулаған болмысынан,
Уақыттың бейнесін танып қалам.
Тіршіліктің қазаны қайнаған шақ,
Құстың бәрі жамырап, сайраған шақ.
Сыпсыңдаған, сөзуар жеңгелердей,
Шымшық біткен шиқылдар, байбалам сап.
Алтын шуақ шұрқырап жағалауда,
Іздеген жан мұндай бақ таба алар ма?
Көк ішінде аудаңдап, аңдап басып,
Жемтік іздеп жүр әне, ала қарға.
Ойларыммен мазасыз жағаласып,
Күн Ене де төбеден барады асып.
Балалардың шуылы азан-қазан,
Дауысымен пойыздың араласып.
Көктің иісі қытықтап танауымды,
Құлағыма мың түрлі салады үнді.
Ал, мен жазға сыртынан қарап тұрам,
Қай тарапқа біле алмай барарымды…
Күмбір-күмбір кеудемнен күй тартамын,
Қоштасуға аңқылдақ қимай жанын.
Өтіп бара жатырмын қарай-қарай,
Жаз арудың төгілген сипап жалын…
Шөптің басы ырғалып жылы лептен,
Жанға сауға сұрайды Құдіреттен.
Жазға келдім, не көрдім, ұқтым нені,
Кеудем ғана әлдене күбір еткен?..
IV. ЖАЛҒЫЗ ШАҒАЛА
Тораңғылық, ақ таңнан ішіп нұрды,
Тербелемін тұңғиық құшып жырды.
Көл жағалап, таң сазын жеткізгендей,
Жалғыз ғана шағала ұшып жүрді.
Ұшып жүрді айналып, безек қағып,
Көзімді алмай қараймын өзек талып.
Ұққым келіп құс жанын өткен сайын,
Ұмтыламын бойымды түзеп қалып.
Таңмен жеткен Тәңірден аянбысың,
Желге қарсы шалқая жайған күшін.
Неге сонша шарқ ұрды шыр айнала,
Не дегісі келді екен, қайран құсым?!
Бөлінді екен неліктен көптен налып,
Көкірегін керді ме, кек соншалық?
Маңайына қоршаған өкпелі ме,
Сенім артса, сездірмей кеткен шалып?
Бірақ, бірақ, шынында, саяқ ғалам,
Кім бар жұппен өмірін аяқтаған?..
Жалғыздығым өзімнің ұмыт болып,
Жалғыз ұшқан сол құсты аяп барам.
Жалғыз ұшқан тағдыр-ай, көл жағалай,
Таңғы жел де қойды ма, аймаламай?
Көкірегің толды ма, шер-шеменге,
Байыз тапшы, алқынбай, ой, қарақ-ай.
Балқаш қана ұға ма жүрегіңді,
Тек жалғыздар сүре ме, шын өмірді?
Жалғыз Отан, менде де, тек сол үшін –
Жарық күннен үзбеймін күдерімді.
Жақсылыққа жетелеп, жанды ізгі ұдай,
Тәртібін де өмірдің сан бұздық-ай.
Саяқ жүріп, сескенбес сан сынақтан,
Жалғыздарды жарылқа, жалғыз Құдай!
АЛМА ГҮЛІНІҢ ИІСІ...
Алма гүлдеді,
Алма гүлдеді.
Алманың гүлі арманым ба еді?
Ақ таңда келіп оятқан сезім,
Сол гүл ғой сірә, сағағында емі.
Алма гүлдеді,
Алма гүлдеді.
Жұпарға бөлеп жан-жағым мені.
Сүйсіне қарап жымиған ару,
– Атың кім? – деп ем,
– Алмагүл! – деді.
Гүлдеді алма,
Гүлдеді алма.
Нәп-нәзік қауыз бүрледі таңда.
Сен де кел, баққа ертеңмен күнім,
Сағынышыңмен түрленіп ал да.
Құлағыңды тос жезтаңдай желге,
Тыңдайық балқып есті әнді-ай бірге.
Сескенбе менен Алмагүл қалқам,
Кегім жоқ менің ешқандай сенде.
«Сиықсыз сезім – сүйіссіз мүлде»,
Дегендер
Бекер тиісті бізге.
Өз құнын ұқса, түрленер ме еді,
Ұзақ жасайтын иіссіз гүлдер?.
Анықтайды әлі күз ақ-қарасын,
Сырларыңды кеп жүз ақтарасың.
Қысқа бұрымды хош иісіңмен,
Есімде менің ұзақ қаласың...
Алма гүлдеді,
Алма гүлдеді.
Алманың гүлі арманым ба еді?
Ақ таңда келіп оятқан сезім,
Сол гүл ғой сірә, Алмагүл ма еді?..
ДОСҚА ХАТ
(Мардан ӘЛЖАНҒА)
Мына өмірдің сездірген пәк, ғажабын,
Қара сия, ақ парақ – тәтті ажарың.
Қаламымды жап-жарық ойға малып,
Өзгеге емес, досыма хат жазамын.
Досым саған ақтарам сырдың бәрін,
Жасып келсем, жаныма құйдың жалын.
Шалыс басып, шамыңа тисем дағы,
Жекімедің, сағымды сындырмадың.
Досы барлар сөзіме сенбей көрсін,
Рух пен намыс жараны емдейді ол шын.
Шындық сүйсін жалғанда әр азамат,
Алдалдығы достыққа сендей болсын!
Жылтырына дүниенің арбалмаған,
Ірілігін ұсынған заңғар ғалам.
Сен далалық қазақсың, аңқылдаған,
Жаратқаным жеткізсін таңдарға аман!
Дүрбелеңнен тұрғанмен бала шағы,
Бірге кештік сан қызық, тамашаны,
Тектілік те тұлғаңнан көрінеді,
Серілік те тұмардай жарасады.
Бой алдырып қойсақ та, кейде үрейге,
Ақ армандар қол бұлғап, кел демей ме!?
Жүріп өткен жолыңа көз тастап көр,
Көкіректі өкініш кернемей ме?..
Келбетінен ғұмырдың сыр аңдап кіл,
Көкдөненін көңілдің сылаң қақтыр.
Қарбаластан қолың бір қалт еткенде,
Құрып кетпей, досым-ей, звандап тұр…
ЕВГЕНИЙДІҢ АНАСЫ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
Аңқылдаған әріптесім Евнений,
Балаға да «Сіз!» дейтұғын, «Сен!» демей.
Қарапайым болмысынан көрмейсіз,
Титтей қулық-сұмдығын да пендеуи.
«Аңғал досым қалайсың?» деп хәл сұрап,
Келеді ылғи дабыр-дабыр, арқырап.
Айтатынын бетіңе айтып тынат та,
Жауабын да кете барар тартып ап.
Өз жұмысын аялайды, сүйеді,
Сыйлағанға дайын дәйім сый емі.
Түзу барып, түзу келіп жүреді,
Әділдіктен жаралған-ау, сүйегі.
Сағынышы жүрек шоғын көсей ме,
Алаңдай ма алыстағы шешейге?
Әр жыл сайын еңбек демалысында,
Тартып отырады көрші Ресейге.
Анасының түгел қылып бар-жоғын,
Перзенттігі қуаттайды ар жолын.
Бір ай бойы жинап беріп қайтады,
Пісіп тұрған, күтіп тұрған картобын.
Салса дағы сан сарсанға кей күз кеп,
Көктем көңіл жүрсе де өлең, ойды іздеп.
Әзілдесіп жүретінмін «Ауылыңның,
Картобынан қашан пюре жейміз?»” деп.
Биыл тағы елге кетті ол іркілмей,
Әдетіне сала басып, діңкілдей.
Ал, бірақ та, осы жолғы сапардан,
Мұңды оралды, үнсіз ғана, бір күлмей.
Көрген сәтте үрейленгем, қорыққам,
Бір мұңы бар жүрегінде соны ұққам.
Алпамсадай азаматтың титтей мұң,
Көңіл күйін түсіріпті тобықтан.
Ә дегеннен, үлгере алмай жанды ұғып,
«Картоп қайда?» дедім, даусым қарлығып.
«Ол картапты жей алмаймыз енді біз,
Жинауға да бара алмаймыз мәңгілік».
Деді дағы кетті шығып, адымдап,
Евгений жоқ, сөзбен түйрер жаныңды ап.
Анасынан айырылған адамға,
Қайдан күлкі табылмақ?..
Өлім жайлы ойламай-ақ ол мүлдем,
Жүргенімен күй аңқытып көңілден.
Ардақ тұтып, аялаған анасы,
Аяқ асты өткен екен өмірден.
Өр кеудесін кеулесе де сан сұрақ,
Солай болды тағдыр жазған заң бірақ.
Картоп емес қабір қазды бұл жолы,
Анасына, жан жүрегі қан жылап…
Өмір солай салып жанға жарасын,
Аямады бір аңқылдақ баласын.
Картоп қазу сылтау еді, шынында,
Сағынатын аңғал-саңғал анасын.
Ұясына асыққан бал арадай,
Уақытты да, бақытты да санамай.
Әр жыл сайын алып-ұшар жұртына,
Жүріп жатқан соғысқа да қарамай.
Естелік боп қалды осының бәрі енді,
Әрбір сәттен күй ағызды, ән емді.
Құстар ғана сырласы енді жанының,
Тек солардан жолдап тұрар сәлемді.
Көп сұраққа жауап іздеп көк белден,
Жүрсем дағы, бұл тағдырды жек көрмен.
Тек таң қалам сол аңқылдақ болмысқа,
Картобы мен ана жанын көп көрген.
Көңілсіздеу Евгенийдің сыртынан,
Қараймын да жабырқаумен бір тынам.
Картоп жайлы айтып қалып аңдаусыз,
Жан жарасын тырнамауға ұмтылам.
Жан-жағыңда қалмаса да бақ бөтен,
Мынау өмір аналармен тәтті екен.
Алыс-алыс қиырларда жүрсе де,
Жер бетінде бар болғаны жақсы екен.
Тағдыр тақсыр жалғай берер жорығын,
Бұл желісін бір шындыққа жорыдым.
Отан анаң шақырғанмен қол бұлғап,
Кәрі анаңның баса ала ма орынын?..
О, Жаратқан, құдіретіңді кеш білдім,
Жаңа тыныс орнын бассын ескі үннің.
Осы сәтте жалғыз ғана сұрарым –
Баласынан айырмашы ананы,
Анасына тиіспеші ешкімнің.
Панасына тиіспеші ешкімнің…
ТАЗАЛЫҚ ТУРАЛЫ ШЫҒАРМАДАН ҮЗІНДІ
Қалаға алғаш келгенім есімде әлі,
Танысым да жоқ еді, досым дағы.
Қоңыр ұлын ауылдың шулы шаһар,
Қабылдауда бар еді тосылғаны.
Ата-анадан айрылып ерте жастан,
Бозбала едім адымын үрке басқан.
Зеңгір көкке үмітпен қараушы едім,
Бір жылулық сыйлардай көркем аспан.
Адам болу – әуелден басты арманым,
Ештеңеден сондықтан жасқанбадым.
Бағындырғым келетін мына өмірдің,
Ең биік асқарларын.
Жастайымнан өнерге жақын едім,
Жақын едім, іштей кіл батыл едім.
Жүрегімде бір арман жататұғын,
Өн-бойыма таратып ақыл-емін.
Лас ауаға тұншығып қаладағы,
Тіршілік те беймаза таранады.
Күйбең тірлік тартты да кетті өзіне,
Жарқын елес сағым боп санадағы.
Өнер іздер уақыт та, шама да жоқ,
Өзге қала, өзге жер, санам әлек.
Жан бағуды бастадым осылайша,
Тәтті ойларым ем болып жаныма тек.
Жігіт болдым, қиялмен таудан астым,
Бойға сіңіп, қала әні таңға ұласты.
Жолым болып, көрікті бір орынға,
Көше сыпырушы боп орналастым.
Амалым да өзгеше қалмады-ай, түк,
Сыпырғыш пен қайтемін арбаны айтып?!
Таң азанмен келем де бар маңайды,
Жалтыратып қоямын айнадай ғып.
Жан жүрегім бар сырын жаза алып па,
Бір шырқап қал кеудеңде саз анықта.
Қала солай күтіп ап сыпырғышпен,
Үйреткен-тін еңбек пен тазалыққа.
Содан әлі тақтамай жортып келем,
Сескенемін, айбынам қорқып неден?..
Еңбек еттім, аянбай, ар сатпадым,
Жанды бағып бұйырған нәр, құтпенен.
Дәмін татып, еңбектің қазанының,
Сан мықтының тыңдадым әз ақылын.
Келем жүріп, кеудемді тәрк еткен жоқ,
Шаһар алғаш үйреткен тазалығым.
Әр қадамда әділдік – бар мұратым,
Сиқырымен өшкенді жандыратын.
Ақылдылар маңынан жұмақ көрер,
Надандар ғой өмірді тар қылатын.
Сан қателік артқанда арқама кек,
Арпалыстым, алыстым «Ар – пана!»деп.
Тазалықты сүйетін жүрегіммен,
Шалшыққа да түскенмін қаншама рет.
Адал еңбек қорғаштап дауылдардан,
Өттім солай сан соқпақ, ауыр жолдан.
Лас қалада жолымды тазалықтан,
Бастағаным пай, қандай, тәуір болған…
***
Санам қалай асықпай сөз береді,
Адам қалай әп-сәтте өзгереді?
Кәрі бұлт ше, атаммен тете шығар,
Ал, ақ жаңбыр жауат та өте шығар.
Сезім – өрт қой, жаныңа от төседі,
Сенім – серт қой, бір күні морт кетеді.
Сөзі көптер неліктен іске сараң,
Байлық, мансап ажалға түспес ара?
Кәрі қыздың неліктен сыңары жоқ,
Кенже ұлым ше, қоятын сұрағы дөп?
Неге пысық пенденің кескіні көп,
Ақынның ше, жанашыр ешкімі жоқ?
Неге өмірдің жүрегі тас-темірден,
Өлең қалай туады ақ көңілден?
Таланттының болмысы қақап тұрар,
Дарынсыздың көбісі – атаққұмар.
Сезім – шаттық шарабын мың ішкізді-ау,
Менің жаным неліктен тынышсыздау?..
ӘЛДЕНЕГЕ...
Жүрегіммен қатар соғып, құтымды ап,
Сағат тілі тоқтамайды тықылдап.
Көңіл шіркін алай-дүлей неге осы,
Мына хәлден қалай ғана құтылмақ?
Бір күй келіп араласып, бір күймен,
Жағалауын жан-арымның мың сүйген.
Телефонның қуат күшін тексеріп,
Әлдеқайда сайланамын ылғи мен.
Пәтер түгіл кең далам да тар маған,
Әуені де еліте алмас сарнаған.
Асау жанды жұбатпақшы болам да,
Әлдеқандай бір жорыққа қамданам.
Асау жанның алқынысы нұр татар,
Көңіл құсқа бір әуенін шырқатар.
Сәуір таңы шапақ шашып оятып,
Шақырады алыс-алыс бір сапар.
«Жан көрмеген мекендерді көрем!» деп,
«Тәтті-тәтті қиялдарға ерем!» деп.
Жүрегіме алапат күш рух беріп,
Жұлқынады елеңдеп.
Бар күйіме бір ем іздеп, бір емнен,
Жан қалауын жамай алмай тілеумен.
Жатсам-тұрсам, маза таппай гүл кеудем –
Әлденеге дайындалып жүрем мен…
КЕЙДЕ...
Кейде жұмыстан еш себепсіз қалғым келеді,
Немесе әдейі екі сағатқа кешігіп барғым келеді.
Ескертусіз екі аптаға жоғалып кетіп,
Еш құжат тапсырмай-ақ, толық жалақы алғым келеді.
Ал, түнде ояу жүріп, күндіз ұйықтағым келеді,
Қатал шектеулерді аяусыз қылыштағым келеді.
Зымыраған уақытты тоқтатып қойып,
Қисық қабырғаны дұрыстағым келеді.
Дүкеннен нанды да тегін алғым келеді,
Суда жүріп те, лапылдап жанғым келеді.
Барар жеріме басқа бір жолдармен жетіп,
Кейде қайтпай, сонда қонып қалғым келеді.
Тіпті, кейде, мешкейлерді де аямай мақтағым келеді,
Екіжүзділерді еркелетіп, беделін сақтағым келеді.
Мүмкін еместігін біліп тұрсам да,
Ар сотында бар қылығын ақтағым келеді…
Несие шартын да ойланбай бұзғым келеді,
Ақшалы таныстарыммен де қатынасты үзгім келеді.
Тіпті, кейде, астамшылыққа салынып,
Тіршіліктің картасын қайта сызғым келеді.
Шақырылған жерге себепсіз келмей қалғым келеді,
Шашуымды ойын автоматына салғым келеді.
Қайтар жолда бағдаршамның қызыл түсіне өтіп,
Жол сақшыларынан «алғыс» алғым келеді.
Кейбіреулердің бетпердесін сыпырып, шешкім келеді,
Сол қарқыныммен арманыма жеткім келеді.
Қаладағы үйімді қаңғыбастарға сыйлап,
Өзім қыстаққа көшіп кеткім келеді.
Айтқым келгенді айтқан сайын өлмей,
Мың жыл үйде жатқым келеді.
Айта алмасам, сол сәтте-ақ өміре қапқым келеді.
Кейін өтірік жоқтайтын шыншылдарға,
Жұмақтың төрінен баққым келеді.
Осы ақ армандарым үшін болса,
Арымнан ғана сот болар,
Бұларды қаламайтын адам жер бетінде жоқ болар!
Мүмкін еместі мүмкін қылғанда ғана,
Барлық әдеп шекарасы сақталар…
Кейде кетсе ғой аспан да аппақ түске боялып,
Ал, жердің бетін ұлпа бұлтқа толтырып қоялық.
Тіпті, әжетханаға да
Мезгіленен кеш барсам деймін де аянып,
Әттең, амалсыздан шырт ұйқымнан кетем оянып.
Сосын әдеттегідей жуынып, шайынып алам да,
«Күйбең» дейтін көнбіс әнім оянар санамда.
Түсім өңге айналғанша,
Аспаннан жұлдыз, айды алғанша.
«Қарап жатпайын» деген ғажап ой туып,
Сағатыма қайта-қайта қарап,
Күнделікті жұмысыма кетіп барам –
Ең бақытты жалғыз жан сияқты
Мынау жарық ғаламда!..
ЫНТАЛЫҒА БАРҒАНДА
Ынталыға келіп ем ынталанып,
Көктеп көрдім гүл көркі мың қаралық.
Жымың қағып қарсы алған күн аруым,
Бұлт артына тығылды, бір таранып.
Ғажайыпқа бөленіп, көк бел, бөктер,
Ойымды ұрлай береді көкпеңбек рең.
Жан-жағыма қараймын алаңдаумен,
Сені сұрап адамнан өткен-кеткен.
«Не қиялдап келесің, кімді қарап?»,
Дегендейін, ағам да ымды қағад(ы).
Бүркіттіге келгендей күйге бөлер,
Алып құстар жол бойы жүнді балақ.
Қызық бітпес жалғанда тірі адамға,
Дала көркін сеземін, сұраман да.
Иек қағып, қасапшы марқаяды:
«Өзен тасып, су болған мына маңда».
Сені ойласам бойыма ем тұнар шын,
Сенде өйткені гүлдердің көркі бар-тын.
Бара жатқан үгіліп мына ауылды,
Сақтап тұрған тозудан сен шығарсың.
Шүйлікпейді мұнда енді сындар да онша,
Жайнатады, мұңайтпай, мұңды ән салса.
Елдің күйі қалада шертілмес ед(і),
Әр ауылда өзіңдей бір жан болса…
Келіп едім сағыныш әніменен,
Күтіп алды бір әуен мәні терең.
Ынталыдан ыңылдап кетіп барам,
Жүздескенше хош аман, жаным – өлең!
КҮЗГІ ТҮН. ЭКСПРОМТ
Түн құшағы, тым-тырыс, жайрап жатыр атырап,
Табанымның астында шырт-шырт сынар жапырақ.
Көкке өрлеген тал-терек төрде отырған төредей,
Барлығын да тұрғандай төбесінен бақылап.
Үнсіз айға мұң шағып, сыбырлайды сары бақ,
Тарпаң тағдыр қалайша, өткеніне налымақ?
Ал, мен жалғыз келемін тыныштықты қақ жарып,
Қара түннің қойнына қаламымды малып ап.
Жырға құмар жаныма осы, сірә, керегі,
Түн көркіне таң қалып, құшақтайды, өбеді.
Сағатымның тіліне бар сиқырын қиып сап,
Ұйықтап жатқан өмірді жұлқылағым келеді.
Жол келеді алдымда жымың қағып түсі аппақ,
Мардан досым қол бұлғар, батырларша мысы аптап.
Таң атады сәлден соң жер-жаһанға нұр тарап,
Мен жатамын марқайып, мәңгілікті құшақтап…
Түннің сырын сіміріп гүл көркіне мас болам,
Сүйсінуді тылсымға әлмисақтан бастағам.
Әлдеқандай қып жүрген бес күн жалған осы ма,
Жолай ғана сүйкеген бес шумақтан аспаған?..
11.10.2025 ж.
Қарағанды. Майқұдық.
ФУТБОЛ ЖАЙЛЫ БІР АУЫЗ СӨЗ
Арасында сырыл қаққан өкпемен,
Бауырлардың арасында доп тебем.
Кейде шаршап-шалдығамын құр босқа,
Кейде сол бір сүргіннен де от көрем.
Бауырлар-ай, доп тебуге тоймайтын,
Келмей қалсаң, шақыруын қоймайтын.
Менің ақын жүрегімді шынымен,
«Футболқұмар, желаяқ» деп ойлайтын.
Аңқылдақтар көздеріңде күн күлсін,
Құйылған тер бойыңдағы мінді ілсін.
Кейде күйреп, шықпай қалған ашуды,
Осында кеп төгерімді кім білсін!?
Кей сатқынды тепкен сынды тебем кеп,
Кей арсызды сөккен сынды тебем кеп.
Бар ызамды доптан алам амалсыз,
Дәрменсіздік кетпесін деп тереңдеп…
Бауырларға әркез құшақ жаямын,
Барлығын да тек биікке қоямын.
Арасында оларға да тістенем,
Доп мырзаға жетпей жатса аяғым.
Осылайша өтіп жатыр қас қағым,
Қайтсем дағы адамдықтан аспадым.
Дүние сырын күрегісі келеді,
Білмек үшін, көрмек үшін жас жаным.
Іште тұман тұнғанымен көз күлмек,
Ғазиз үнім ғасырлардан естілмек.
Кәрі тарих еске алады әлі ертең –
«Жәлел ақын доп тебетін кез-тін» деп…
18.11.25 ж.
КІШКЕНЕ БӨБЕК
Құшағына басты дағы мені бек,
«Сенімен дос болам, әке!» – деді кеп.
Кейде осылай тәтті қылық танытар,
Кенже ұлыма уақыт бөлсем көбірек.
Былдырлаған тілі қандай сүйкімді,
Шайдай ашар бойды арбаған ұйқыңды.
Есенғали – есен жүрші құлыным,
Келбетіңнен бұрқыратып күй түрлі.
Сенсің менің – жазылмаған өлеңім,
Сенсің менің – ең асылым, тереңім!
Атаң менен үміт күткен сияқты,
Сенен үлкен үміт күтіп келемін.
Сен бәрібір барлығынан ерексің,
Болмысыңмен, ақылыңмен бөлексің.
Мені қойшы, дос болғаның жетеді,
Ал, сен балам, ел-жұртыңа керексің.
Сенің үнің – маған күнім алтын-дүр,
Сенің тілің – маған күнім жарқын жыр.
Есенғали – ес болғайсың еліңе,
Ең болмаса, есіміңнің нарқын біл!
Мен әрдайым қасыңдамын, сен, маған,
Шабыт сыйлай берсе деймін кең далам.
Кел, ендеше, дос болайық мәңгілік –
Ең кішкентай саусағыңды бер маған,
Кел, «Кішкене бөбегіңді» бер маған…
***
Еркін құспын мен,
Ешкімнің көлеңкесіне айналмаған,
Ешкімнің қабағына байланбаған.
Өз еркім өзімде,
Қанат қаруым бар әлі қайралмаған.
Азаттығым мен еркіндігім,
Ешқашан да жылдармен шектелмеген.
Ұсақ-түйекке бола кеудемді кек кермеген.
Қасаң қағида қас жауым,
Ұшып келемін өзіме ғана арналған өткелменен.
Қанатымды тұсағысы келетіндер,
Сендерге жаным ашиды шынында.
Көк төсінде қалықтаудың да,
Қанат қағудан жалықпаудың да,
Уы мен бал-шырыны бар бұрыннан.
Қанатпен туылмағасын,
Қанаты барларды көргенде,
Қызғаныш иті күшіктейді,
Мың жерден дауыл тұрғыз,
Мың жерден жауын жауғыз,
Құдай берген қанатым барда,
Мені ештеңе үсітпейді!
ӨКІНІШ
Тағы бір күнім тәрк етті мені,
Бір өлең өлді жазылмай.
Өкініш өрті көрсетті нені,
Өзімді-өзім танырдай.
«Қол жетпес жерді көздейміз» дей ме,
Ақ арман – жақұт мекенім?
Бақ іздеп жүріп сезбейміз кейде,
Әр таңның бақыт екенін.
Әр минут менің аядай құсым,
Тәттілігіңмен тәнті еткін.
Қымбат сәттерді аялау үшін,
Ардың алдында ант еттім.
Табаным тозып, шыңға жетемін,
Қадірсіз оңай бақ та аса.
Сезбес пе ем өмір жылдам өтерін,
Жапырақ сарғыш тартпаса?..
Пенделік жасар мінім ұнаса,
Кәріне көңіл шыдай ма?
Босқа өткен күннің құнын сұраса,
Не бетімді айтам Құдайға?..