Жанна Ерекина. Жүрегім — жерді, жер — жүрегімді жұбатып...

Фотосурет автордың жеке мұрағатынан

ПОЭЗИЯ
596

Ерекина Жанна Шортанбайқызы 1984 жылы 2 қаңтарда Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Аралбай ауылынды туған. 1989-2000 ж.ж. Ә.Жангелдин атындағы орта мектебінде оқыған.  2007 жылы Арқалық педагогикалық  институтының орыс филологиясы факультетін бітірген. Мұғалім. Қазіргі таңда Торғайдағы Н.Г. Иванов атындағы жалпы білім беретін мектебінде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді.

 

Сезім. 

Сезім алдамайды ешкімді,

Мәні, бәлкім, ол жалғанның бес күнгі.

Сені күннің сәулесіндей сүйемін...

Бірақ оны  кеш білдім.

 

Өмір, білем,

қателіксіз болмайды,

(Ал, адамдар ұят дейді ондайды)

Ұят-сезім сырын бүгіп

Ішінен 

Сағынышын толғайды.

 

Тәтті сезім...

Тылсым едің не деген!

Теңіз болсаң құрғап қалған сен егер,

Ақ жауын боп сенің арнаң толғанша,

Құяр едім төбеден.

 

Болмас еді бұл әлемде басқа мұң,

Қалар еді жердің беті жасқанып.

Арнасынан тасығанша бар сулар,

Ашылмас еді аспаның.

 

Күллі әлемнің тіршілігін тілеген.

Керек болса  саған ыстық күн егер,

Күн болмаса

Жылытсын деп жаныңды,

Жүрегімді ілер ем.

 

Ал жүрегім тұрар болса аспанда,

Басталар еді жер бетінде басқа арна,

Махаббатқа толы қызыл раушандар

Шығар  еді тастарға.

 

Шаршатса егер сені кейде мұң-әлем,

Тылсым түнге айналып ап мына мен,

Тынықсын деп күйбеңінен тірліктің,

Тапжылмастан тұрар ем.

 

Жоғалар еді сонда мүлде нала, мұң,

Тәтті әлемде ілінер ед жанарың.

Барлық әлем айтар еді бір әнді

Әлдиіндей ананың.

 

Мүлде

Мүлде тілемес ем басқаны,

Махаббаттың айтылғанда дастаны

Әппақ-әппақ көбелекке тұнар ед,

Күнбағыстың бастары.

 

Ұмытқың кеп

Ойыңдағы жоқ-барды,

Суытқың  кеп жүректегі оттарды,

Мен аспан боп

Жазда жауын тілесең,

Жаудырар ем ақ қарды.

 

Кеңіп әлем

Кейде бізге тарылған,

Мөлдір дүние ақ мамықпен жабылған,

Менен өзге тіршілікті өшіріп

Тастар еді жадыңнан.

 

Керек болса күншығыстан жеткен леп,

Сағынышың тілегіңнен өктем боп,

Айналдырып жіберер ем әлемді,

Ғажайыпқа көкпеңбек.

 

Бұл маңайға

Жетер еді құстар да,

Мен ұларға айналып ап ұшқанда,

Көріп сенде жетер  едің соңымнан

Сағынышың қысқанда.

 

Жетіспесе жаздың саған бір әні,

Айта алатын таудың ғана бұлағы,

Ән салдырып қояр едім сен үшін,

Жүрегіме кінәлі.

 

Тас төбеңнен сонда жүрек-күн шығып,

Тас әлемнен желден нәзік гүл шығып,,

Менің тасты жібітетін лебіме

Қалар едің тұншығып.

 

Сенші!

Сені сүйе алмаймын өзгеше,

Мүмкін мұның бәрі қате...

Сезбе сен!

Екінші рет өмір берсе біздерге,

Бірінші боп кездесем...

 

***

 

Тағы мұңның шымылдығын таң ашты,

Аспан мен жер бір-біріне қарасты.

Кеңістікке сыймай тағы  жүрегім,

Байқадың ба

Адасты...

 

Тағы құзға кетті құлап күншіл ай,

Көкке ертемен қолым создым

Күн сұрай...

Тасбауыр бұлт тұрып алды, қарашы

Жылу бермей

Қырсық-ай...

 

Арман, қиял, үміт...

Бәрі  жиылып,

Бетін бұрып кеткендей ме

Күйініп...

Бар сенімім алақанда сияқты

Жаратқанға сиынып.

 

Түзден тағы кеткендей ме ел көшіп,

Бұрынғыдай тербетпеді жер бесік.

Шыда дейді...

Сағынышым  аз ба еді?

Көздерімде кем бе шық?

 

Көздегі шық

Көктен әне төгілді,

Жүйрік жылға қос бұрымдай өрілді,

Көзден...

Көктен... тамған осы  тамшылар

Басар ма екен шөлімді?

 

Өкінбеймін.

Келіп – кетер бұл дәурен.

Менде бірақ өзге өмірді жырлау кем.

Сүріп келем сағыныш деп жазылған,

Бір таспаны тыңдаумен.

 

Көзден...

Көктен үзілуде тамшы көп,

Жалған дейді

Жалғыздықты  таң сілеп...

Жалған болсын...шөлімді бір басайын,

Құшағыңа алшы кеп...

 

***

 

Алдағы өмір азаюда ақырын,

Тағы бір іс аяқталмай қалды игі.

Өткен күндер

аты-өмір, заты-мұң

Қарашада қаралы аспан

Қалғиды.

 

Сезесің бе,

Тыным таппай жүр жаным,

Көп нәрсенің жоқ та шығар керегі.

Неге екенін

таразының бір жағын

Қарашада қайғы баса береді.

 

Өз жөнімен өзгеретін күндерді,

Мезгілдерді

ойымда жоқ кінәлау.

Жалғыз қалсам

Жел үреді іргемді

Тағдырымның салқынан шығар-ау.

 

Қарашада құралмады жыр мүлде,

Жаназасын жатқа айтып жүр

үміт те.

Күллі әлем құлазыған бұл күнде

Ең дұрысы

қаламыма ілікпе.

 

Қарашаның қатқағында тоң ілген,

Дұрысы сол

қаламымды қозғама.

Өлең болып өрілмейтін өмірде

Бір өткінші сезім шығар

                                         аз ғана.

Бұл өлеңді ойға да алма,

Не түрлі

табиғаттың тылсымына таңырқа!

Қараша- түн қалғып кеткен секілді

Алақанға қонып жатыр ақ ұлпа.

Көкжиекте көлбеңдейді бір елес

Жұлдыздардың бәрі бұл түн аласа.

Жырды қойшы,

Жазылмаса түк емес

Жүрегімді ұрлап кетті

Қараша. 

 

*** 

Даланың гүлдерін жиып ап

Ұсынып

Күлген

Далалық жанымның толқуын түсініп бірден,

Ұрлана көз салып

Үнсіз-ақ ұқтырып бәрін,

Ұялып қалатын

Білмеймін

Қысылып кімнен?

Шақтарды сағынып жүрмін.

Үстімде көк жейде

Күн лебі бетімнен өбіп,

Күн қаққан бейнемді қоңырлау секілді көріп,

Қызыға қарайтын

Қос бұрым қой көзділерге

Өзге бір сұлуды өзімнен өтімді көріп

Шақтарды сағынып жүрмін.

Көл беті көктемде

Көңілді бір әнді бастап,

Желісі есіңе түсіріп қыранды

Қасқа ат

Белесті бетке алып кеткенде

Бесіннен кейін

Көрші әжем көз ілер күбірлеп құранды жастап

Шақтарды сағынып жүрмін.

Қыш қоңыр кесеге ақталған тарыны құйып,

Бауырсақ шашатын алдына бәрінің үйіп,

Ақ жеңгем қол созып қою шай ұсынып бізге

Үй-іші тыңдайтын самаурын сарынын ұйып

Шақтарды сағынып жүрмін.

Бояусыз бойжеткен

өзінше көркемдеп өңін,

Өлең боп жазылған өзгеше өлкемде менің,

Бақытты адам боп өмірді сүруің үшін,

Білмейтін беймәлім бір аппақ желкен керегін,

Шақтарды сағынып жүрмін.

 

***

Дерттімін десем

Дауасын берер пенде ме?!

Дәруіш сынды

Дүниеден бездім мен неге?

Даңғаза тірлік, жаныма маза бергейсің,

Далама кетем аңқыған иісі дермене.

(Күреңбел асау күрең белдермен желдеген

Бақыттырақ-ау бұлқынған аттан кермеде)

Дерттімін бе екен?

Өзімнен өзге кім білсін?!

Дауасыз уақыт!

Сен бір өткінші

Құрғырсың!

Көзімді жұмсам алдыма келіп тұрады,

Анасын құшқан маңдайы жазық бүлдіршін.

Көзімді ашсам балалық өткен- бұл бір шын,

Маңдайдан сипар ешкімің де жоқ

Тұлдырсың!

Қайран, жазығым!

Шығарсың маған өкпелі.

Сырласпаппын да

Пендешілікпен кеткелі.

Қылқанды қырда қырып алатын қау да жоқ,

Сені де тұлдапты қарау аспанның от демі.

Тамырыңды жайшы

Алақанымды тосайын,

Тамшы сұрайық бұлттардан анооу өтпелі.

Қайран, жазығым!

Жалғыздығымды ұғатын.

Үнсізсің тағы

Мейірін төгіп тұма түн.

Көрсін деп аспан топырақ үгіп отырмын,

Жүрегім- жерді

Жер- жүрегімді

Жұбатып.

Қарау аспанда құдіретке ие Күн бе еді?

Аспанды қойшы жылатып!

Дерттімін десем

Дертімді жазар кім барсың?

Мұңайма деме,

Адыра болып мұң қалсын.

Жалғыздығымды жамамақ болған жалқы дос,

Аспан жыласын!

Қолыңды сонда бұлғарсың.

Дерттімін десем

Дауасын берер пенде емес!

Тамшы тамбаса

Күннің ғашығы Жер де Елес!

 

***

Қайырлы таң!

Қабағыңнан айналдым,

Қарашада қанатын қар жайған Күн!

Таң алдында қалықтаған төбемнен,

Қараша қар!

Қарсы алғым кеп өлеңмен,

Алақанды тосқам үнсіз табыңа.

Ұштың,

Қондың,

Ғайып болдың тағы да.

Қарашы енді!

Қарашада қысқы айдын

Мендегі аппақ

Сағынышқа ұқсайды.

Қараша қар

Үзілердей үлбіреп,

Өзін тағы аймалайды күн-жүрек.

Сезім болса (сол ма деймін керегі)

Қолға қонса еріп кете береді.

Көк пен жерде махаббат бар

Бұл сырын

Сезеді ынтық жүрегімнің дүрсілі.

Ақ қарды өпкен қара жердей киелі,

Мен де сені сүйемін!

Әттең, кемі, сезер ме едің мұны сен,

Өмірімнің өрнегі сен, мұңы-сен.

Сезім дейтін болмаса егер құрғыр сын,

Өлең мүлде жазбас па едім, кім білсін.

Қарашы енді,

Қарашаның келбеті

Ақ ұлпаны сағынды да жер беті,

Өңсіз өңге айналдырып түсімді,

Қараша қар сені есіме түсірді.

Қалқыған қар қарашада - қалың мұң,

Келші, сені сағындым...

 

КИНО

Танымал актер Кэри-Хироюки Тагава 76 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Актер...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...