Адам атты жұмырбасты жұмбақтың әр қилы әрекетінің астарында әртүрлі сыр жатады. Оның құпиясын кей жа...
Бекен Қайратұлы. Ашыққан қыран оқиғасы
Фотосурет автордың жеке мұрағатынан. Рұқсатсыз жариялауға болмайды
Бірде атақты құсбегі жалайыр Шора құсбегілікке көңілі ауып жүрген барлық жасты жинап алып, олардың қолындағы құстарына жем бергізбей әбден ашықтыртып, үлкен көлдің жиегіне алып келеді. Көл жағасына семіз ту бие сойдырып, қызыл етін жайратып тастайды да, ашыққан құстарды аяқбауынан босатып етке жіберттіреді. Өздері тасаға тығылып қалады.
Қызылға үймелеген қол бүркіттерді көкте жүріп көзі шалған түз құстары да ұшып келіп, дайын тұрған ет пен майдан қылғытып жұта береді. Құстар әбден тойып жемсауы қампиғанда, тасада отырған адамдар Шораның айтақтауымен айқайлап тап береді. Етке тойған түз бүркіттер көтеріліп ұша алмайды. Топ адам бүркіттерді таласа-тармаса ұстап алысады да, Шораға сынатқызады.
Сонда Шора: – Мынау жапалақ сары жалпақ бастың тұқымы, бұл қыран емес, – деп бірнешеуін босаттырады да, бірнеше бүркітке тесіле қарап: – Мынау қанды көздің тұқымы, мынау қаусырма қараның тұқымы, ал анау ақиықтың тұқымы, – деп адақтап айтып, сынға толғандарын құсбегілерге үлестіріп беріпті.
Құстың сынын Шораның өзіндей білетін бір қызы болыпты. Оны бір жігітке ұзатқан екен. Бірде күйеу жігіт әйеліне:
– Атама амандаса барып бір құс алып келейін, –депті. Әйелі оған:
– Қандай құс аласың?. Күйеуі:
– Атамның берген құсын аламын да, – дегенде:
– Құстың бәрі бірдей емес, әкемнің құс ұстайтын арнаулы үйі бар. Онда не секілді бүркіт байлаулы тұрды. Сен құс сұрағанда әкем сол үйге бастап барып, «қалаған құсыңды ал!» дейді. Сен есік жақтағы екі кішілеу бүркіттің біреуін ал, – деп түсіндіріп қоя береді.
Күйеу жігіт атасының үйіне бірер күн аялдап қайтар кезінде бұйымтайын айтады. Шора оған бүркіттерін көрсетеді. Жігіт әйелінің айтқаныны бойынша босағадағы кішілеу бүркіттің біреуін сұрайды.
Шора айтады: – Балам-ау, сонша үлкендері тұрғанда кішкене бүркітті сұрағаның қалай? – дейді. Күйеу бала қиылып тұрып алады. Шора: – Берсем берейін, бірақ саған айтарым бар, тамағын тойдырып ұста, аш қалмасын, – деп құсты ұстатып, жолға салыпты.
Күйеу жігіт бүркітті алып келген соң баптап, аң қақтырып, қанжығасы майланды. Бір күні жігіт сыртқа шығып кетіп, құсы бір талай күн жем жемей аш қалады. Атасының аманаты сөзі есінен шығып кетеді. Үйіне келіп бүркітіне қараса, ол шабыт тілеп отыр екен. Тіленіп болмаған соң томағасын сыпырып қоя береді. Бүркіт аспанда емін-еркін айланып, жерден ілерлік ештеңе көрінбеген соң ашуланып, көктен төмен қарай сорғалап келіп, иесіне иесіне түседі. Аш қыран оны шеңгелдеп қатты қысыпты. Маңайдағы адамдар келіп жігітті бүркіттің шеңгелінен әрең құтқарыпты.
Бұл оқиғаны естіген Шора жайды білмекке келеді де, иесіне түскен бүркітке қарап отырып, күйеу баласына:
– Айтқанымды неге орындамайсың? – деп зікіпті. Бұл құс өте ақылды хайуан бір кемшілігі кекшіл, сен тамақ бермей ашықтырыпсың, соған өшігіп өзіңе түскен екен, енді саған бұл құс болмайды, – деп, өз қолымен тамаққа тойдырып, сылап-сипап алып қайтыпты.
«Құмайторы» кітабынан алынды.